Шет

БАПЫНЫҢ БАЙЛЫҒЫ иесі оның ел мен жұрт

Мойынтының Бапы кен орны сөз бола қалса, еске Ер Төстік түседі. Ер Төстікпен қоса Бапы хан да. Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай жер қақ айырылып, Ер Төстік пен Шалқұйрықтың жер астына түсіп кететіні ше? Сонда жыланның патшасы – Бапы хан ұшырасады емес пе? Ертеден ел жыланның темір мен алтыны бар жерді мекендейтінін айтып кеткен. Ал, мына Мойынтының Бапысында темірдің сондай кені мол. Демек, Бапыда байлық бар. Бірақ, оның егесі – жер астындағы жылан емес енді, жер үстіндегі жұрт. Түйсігіміздің санамызды төңкеріп, Ер Төстікті бері алып шығатыны да содан, сірә?! Бүгін біз осыдан он жыл бұрын Кәсіпкерлікті қолдау картасы арқылы жұмысын бастаған «Бапы-Майнинг» ЖШС-інің бағындырған белестерін сөз етпекпіз.

Шет жұртшылығы – әлімсақтан аграрлы, қолынан қауғасы, аузынан тәубесі түспеген қауым. Тұрмысына ауыл, мал шаруашылығын арқау еткен ежелден. Дейтұрғанымен, жер қойнауындағы қазба байлықты да өткен ғасырдың басынан-ақ игергені тарихтан тағы белгілі. Сондықтан да бұл өңірді аграрлы һәм өндірісті деуге негіз жоқ емес. Өзгелерге есе жібермейтін ерекшелігі де осында.

Шыны керек, осы күні аграрлықтан гөрі өндірістегі қадамы аршынды. Мұны аудан басшылығы да мақұлдайды. Бұл елде өндіріс күшейіп келеді. Әлбетте, бұл ауыл шаруашылығы кенже қалды дегендік емес. Тіршілігі төрт түлікпен етене егіз елдің мұнысы – замана талабына жауабы деген жөн. Түлігін төлдетіп, кенін кертіп алып, ел экономикасына өзінше үлес қосуда. Індет әкелген кедергі аудан экономикасын тәлтіректете алмапты. Жоспарланған межеден бір мысқал да кемімепті. Керісінше, өсім бар екен. Алақандай ауданда сондай болса, аумағына бір Германия, екі Беларуссия, төрт Болгария сыятын аймақтың экономикасы еңкіш тартпайтыны да содан.

Жалпы, Шетте 3 – ірі, 1 орта кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ірінің екеуі – тау-кен саласында. Біреуі – өңдеуде. Орта кәсіпорын да кен өндіруде.

Ауданның өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімі басшысы Шоқан Жүністің мәлімдеуінше, биылғы тоғыз айда осы өндіріс орындары – 88797,8 млн. теңгенің өнімін өндірген. Бұл былтырғы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22191,5 млн. теңгеге артық көрінеді. «Бапы Маининг» ЖШС темір кенді қоспа шығарады. 25 жылға келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта өндірісте 460 адам еңбек етсе, онда жергілікті, Мойынты, Өспен, Босаға ауылының тұрғындары да бар.

– Осы уақытқа дейін өндіріс орыны 3 млрд. теңге инвестиция құйды. 25 жылға жететін қоры болжанған. Өнімі – темір кені қоспасы. Яғни, 52 пайыз темірмен байытылған қоспа. Өндірістік қуаттылығы жылына – 3 млн. тонна кен. Өнімнің барлығы экспортқа негізделген, – дейді өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Шоқан Жүніс.

Өндіріс өзінің мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерді орындап отырса керек. Шоқан Кәмелұлы Мойынты кентіне осы компания арқылы ауыз су тартылғанын жеткізді. Өзге де қайырымдылық шараларға атсалысып та жүр. Әлеуметтің әлжуаз тобына көмек беруде қалыс қалған емес дейді бөлім басшысы. Аудан бюджетіне аударатын салығы да қомақты.

Бұл Бапы кен орны сонау 1940 жылы ашылған. Барлау жұмыстары 1963-1964, 1973-1974 жылдары қолға алынса керек. Ал, егжей-тегжейлі барлау жұмыстары 2005-2006 жылдары қолға алынып, өндіріс орнының құрылысы 2007-2010 жылдары жүргізілген еді. Сөйтіп, бұл жоба Кәсіпкерлікті қолдау картасына еніп, 2010 жылы маусымда жұмысын бастаған-тын. Содан бері он бір жылға жуық уақыт өтті. Әзірге өндіріс өз міндеттемелерін орындауда ешкімге опық жегізбепті.

Жұмыскерлерінің орташа жалақысы 420 мың теңге көлемінде екен. Былтыр бұл 380 мың теңге болыпты. Өндіріс басшылығы биыл жалақыны 10 пайызға өсірген. Вахталық поселке және бар. Бір қызығы мұндағы өндіріс орындары да, барлық құрылыстар да модульді. Яғни, қажет жағдайда, оның түгелін бұзып, жинап алып, басқа жерге апарып, құрып жүре беруге мүмкіндік бар.

Бұл – бір ғана өндіріс. Аудан аумағында қазіргі таңда мұндай бірнешеу. 43 мың халқы бар аудан үшін жаман көрсеткіш деу – әбестік. Әйткенмен, меже емес. Алдағы жылдары тағы да өндірістік 3 жоба жоспарда тұр. Олар іске қосылғанда Шеттің шекесі әлі-ақ шылқи түседі деп, үмітті ертеңге батыл жалғап қайттық.

Қазыналы жеріміз тұрғанда, аграрлық пен өндірістің арасы, бақсақ, бір-ақ сүйем екен. Оны Шет сапары тағы бір растады…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button