Руханият

Бүгін – Шежіре күні

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурызды мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеуді және ұлық мерекенің мазмұнын байытуды тапсырған болатын. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігі Президент тапсырмасы аясында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеп, оны «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына жариялады. Тұжырымдамаға сәйкес, 16 наурыз – «Шежіре күні» деп аталды.

Жұртшылық бұл күні мал сойып, жеті шелпек пісіріп, ата-бабаларының рух-шәрібіне құран бағыштау ләзім. Ағайын-туған, көрші-қолаң таяуда ғана жақынынан айырылған отбасылар болса, үйіне арнайы барып, көңіл айтады, дастарханынан дәм татады.

Ерте замандарда шежіре тарихын арнайы шежірешілер баяндап отырған. Бүгінде бұл міндет әулет ақсақалдары мен үлкендеріне, мамандар мен шежіретанушыларға жүктелгендей.

Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Сонымен қатар, осы күні отбасының, жеті атаның, ел-жұрттың тарихы айтылып, шежіресі таратылады.

Қадым заманалардан бермен қаракөз қазақ өткеніне салауат айтқан ел. Ұлының санасына түп атасы мен жеті ата туралы деректерді сыналап сіңіріп отырған. Осыдан шығар, халық «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер-жеті рулы елдің қамын жер, жалғыз өзін білген ер-құлағы мен жағын жер» деп түп тамырына ерекше мән берген. Демек, өзін-өзі құрметтейтін әрбір қазақ өзінің шыққан тегін білуге, ұрпақтарына жеткізу қастерлі борышы.

Қазақ – ататек, арабтар шежіре – бұтақ, тармақ деп атайтын бұл ұғым халықтың шығу тегін, ұрпақтың таралуын баяндайтын рухани жүйе. Ру, тайпалардың тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми Шежіре барлық халықта кездеседі. Шежірені шежіреші қарттар ауызша таратып отырған. Сондықтан, оны кейбір ғалымдар далалық ауызша тарихнама, қысқартып айтқанда ДАТ деп те әспеттеуі тегін емес.

Бүгінде жеті атаны тану арқылы, күллі қазақтың тарихынан сыр шертетін шежіре жүйесі тарих ғылымының бір тармағы есебінде қарастырылып келеді. Тарихи, әдеби сипатынан бөлек этникалық мәні де аса жоғары бұл ұғым қазақ тағылымында да айрықша мәнге ие.

Бір дастархан басында қарапайым әңгіме айтып отырып-ақ атқарылар бұл істің астарында мол тағылым, ізгі тәлім жатыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button