Руханият

«Бұқардай сөйлей алсақ арман бар ма?..»

Ұлыстың ұлы күнінде Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдық мерейтойына арналған респуб­ликалық ақындар айтысы өтті. Ұйымдастырушылар – облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен облыстық демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы. Еліміздің әр аймағынан келген аузымен құс тістеген 16 ақын сөз сайыстырды. Дүлдүлдер аламанына Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Қойлыбай Асан, Жанарбек Әшімжан, Елена Әбдіхалықова, Саржан Такиров сынды сөз өнерінің саңлақтары қазылық етті. «Айтыстың атасы» атанған ақын Жүрсін Ерман онлайн түрде қазылық қылып, өз дауысын берді.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев тізгіндеді. Ауқымды іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов құттықтау сөзімен ашты. Қазылар алқасына алғыс айтып, шапан жапты.

Айтулы сөз сайысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде 12 ақын 6 жұпқа бөлініп, өзара айтысқа түсті. Жыр додасын Қостанайдан келген сақа ақын Айбек Қалиев пен қарағандылық «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Қамиев бастады. Бірін-бірі қағытып, әрлі айтыс көрсетті. «Бұқардай сөйлей алсақ арман бар ма, қамын жеп, бұқара мен қарашаның?», «Қазақты сорға тығып кеткен жоқ па, қасында Бұқары жоқ хансымақтар…» деген ұтымды жолдар Айбек ақынның айтқыштығын аңғартты.

«Көмекей әулиенің айтысында, Ал, қане, көмекейім бүлкілдесін», «Самарқанның тасы да жібиді ғой, Сіздің жүрек одан да қатты ма еді?», «Тек өздері жарқырап жайнағанмен, Жұртқа беріп көрмеген жеміс­терін» деп орап айтты Дидар ақын.

Екінші жұп – жамбылдық Қанат Мырзахан мен қарағандылық Нұрсұлтан Рымбай да шамасы келгенше шапты. Қанат ақынның «Еститұғын үкімет емес бізге, істейтұғын үкімет керек боп тұр» дегені есте қалды.

Келесі жұп – қарағандылық Нұрмұхамед Байсүгіров пен шымкенттік Қажымұхан Абзаловтың айтысы ептеп жанды шықты. «Қияға қанатымды бір сермейін, ұяда көргенімді ұғындырып», «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, қасиетті айменен бірге келген» деп Нұрмұхамед ұшқыр ойын байқатты.

Төртінші жұп – ұлытаулық Төлеген Жаманов пен жас ақын Мұхтар Әділов аға мен бауырдың айтысын көрсетті. Мұхтар ақын «Айғыры айға қарап кісінеген, биесі күнге қарап құлындаған», «Қоюын қара өлеңнің елге ұсынып, ойюын ойларымның ойдырайын» деп әке көргенін дәлелдесе, Төлеген ақынның әр айтқан шумағынан бір афоризм түртіп отырдық.

«Қаһарынан өзгенің қорғаймын деп, қаһармандар соқпады қайда басын?!», «Қарағым қай аңшыны көріп едің, қасқырға қар кеткенде қақпан құрған?», «Көкбөрісін көктемнің соққанменен, көнтерісін көргем жоқ иі қанған», «Көшбасшысыз көшпейді қазақ алға, топбасшысыз ұшпайды тырналар да», «Оза берген жүйрікке көз тиеді, соза берген сөздің де құны қалмас», «Күшенгеннің барлығы күшті болып, ұмтылғанның барлығы ұлы болмас», «Жылқыға құрт түскені кейде маған, жұртыма құрт түскендей көрінеді», «Бірлігіңе бекем бол байтақ қазақ, береке болсын десең үй ішінде» деген жолдары хақында жеке бір мақала жазуға болады.

Келесі жұп қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен жерлесіміз Айтбай Жұмағұл дәмді айтыс жасады. Айтбай ақын Бұқар бабаның елінен екенін аңғартып, ойып-ойып айтты. «Абылайды Абылай қылса Бұқар, Айтбайды Айтбай қылған сендерсіңдер» деп халқына еркелеп қойып, «Қырғыздың хан, сұлтаны сыйлағанын, Қазақтың Сұлтанханы көре алмайды», «Ауылым керек еді» деп бармайсыңдар, «Алуым керек еді» деп барасыңдар» деп қарсыласын қағытты.

Ал, ауыздығымен алысып тұрған Ме­йірбек ақын нағыз бабында екен. Көмекейі бүлкілдеп көсілді-ай, кеп. Өлең ағыл-тегіл ақтарылып жатты. «Алашқа айбар берген Сарыарқамсың, сақаға салмақ берген қорғасындай», «Бұқар дейтін мәуелі бәйтеректің, бұлтқа жеткен бұтағы деп білемін», «Қасқыр­ға алдырмайтын қасқа айғырдың, үйірін қасыңыздан айдағандай», «Қара жерді қимайды қардың өзі, Сарыарқаға баса алмай сағынышын», «Қарағанды көмірдің Отаны емес, Қазақтың жүрегінің жалынысың», «Көлігім, атым жоқ деп өкпелемей, өлігім қалар жер деп қорғап кеткен» деп толғауы осы айтыстағы сәтті жолдар болғаны анық.

Соңғы жұп – ерке Жайықтың бойынан келген Мұрадым Мирлановпен Арқаның айтулы ақыны Мақсат Ахановтың айтысы елдің көңілінен шықты. Мұрадымның бөлек мақамы мен заманауи терминдерді орынды пайдалануы өзіне жарасымды. Бірақ, біз оның айтысынан түртіп алар мардымды ештеңе таппадық. Батыстың мақамымен термелеткенде қуанып ек, ол да қызыл сөз болып шықты. Мақсат та әзілге әзілмен жауап беріп отырды. Есте қалғаны «Бұқараға мұндағы басымды идім, Бұқардай қадірлісің сен мен үшін, Сайлауға түспесем де кандидат боп, сайысқа түсе берем сендер үшін», «Біз қалай даңғыл жолын жөндемейміз, Ол бізді даңғыл жолға салып кетті» деген жолдар ғана. Мақсат бұдан да жақсы айтыс көрсетуге қауқарлы ақын болса да, тізгінін тарта бергенін түсіне алмадық.

Ақындар Бұқар бабаның елге сіңірген еңбегін, тіл, дін, саясат және басқа да тақырыптарды батыл қозғады.

Ақтық сынға 6 ақын шықты. Төлеген Жаманов пен Дидар Қамиев, Мақсат Аханов пен Мейірбек Сұлтанхан, Мұрадым Мирланов пен Айтбай Жұмағұл шамасы келгенше жақсы айтыс көрсетуге тырысты. Айбек Қалиев өз жолын Айтбай Жұмағұловқа беріп, ағалық танытты. Бұл да бір Наурыздағы нұрлы іс болды. Дидар Қамиев ауырып отырса да, Бұқарша 11 тілегін бүгінгінің тілімен толғады. Жезқазған бөлінсе де, ыстық екенін жеткізді. Төлеген ұлтты сақтайтын 4 тірек тарих, тіл, салт-дәстүр, діннің қадірін өлеңмен өрді. Тұлғаны қадірлеу керегін де естен шығармады. Мейірбек Мақсатқа «жолдың жайын көп айттың» деп, інілік ізет көрсетіп, жол бергендей болса, Айтбай Мұрадымға сахнада жаңа шапан жапты.

Айтыс қорытындысында, алты ақынға арнайы жүлде мен 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Шортанбай Қанайұлы атындығы сыйлық Нұрсұлтан Рымбайға, Нарманбет Орманбетұлы сыйлығы Нұрмұхамед Байсүгіровке, Доскей Әлімбаев жүлдесі Мұхтар Әділовке, Көшен Елеуов атындағы сыйлық Қанат Мырзаханға, Шашубай Қошқарбайұлы сыйлығы Қажымұқан Абзаловқа, Маясар Жапақов жүлдесі Айбек Қалиевке бұйырды.

Мақсат Аханов пен Дидар Қамиев III орын иеленіп, 750 мың теңге жүлде алса, Айтбай Жұмағұл мен Мұрадым Мирлановқа II орынның 1 миллион теңгесі бұйырды. Қасым сүйген, Қасым жырлаған Оралдан келген Мұрадым ақынға Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын құрмет көрсетіп, ат мінгізді.

I орынның 1,5 миллион теңгелік сертификатына Ұлытаудан келген Төлеген Жаманов ие болды. Бас жүлдені облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов табыстады. Екі миллион теңгені екі кезең бойы шашасына шаң жұқтырмай, шын жүйрік екенін көрсеткен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. «Сарыарқам алты Алашқа мақтан елім, салтымды саф алтындай сақтап едің. Қос ағама тілекші болсам дағы, қосымды өздеріңсің артқан елім. Аман бол мерекеде айтыс жасап, қабағын ақындардың баққан елім. Бұқарды құрметтеген Әз-Тәукедей, Әз-Наурызды ұлықтап жатқан елім» деп алғыс айтты жеңімпаз ақын.

Жалпы, айтысқа қатысқан ақындардың бәрін бабында дей алмаймыз. Арқа қоздырар айтыс көрмедік. Кейбірі біраз уақыт аламанға түспей, қарайып қалыпты. Десек те, Мейірбек Сұлтанхан, Төлеген Жаманов, Айтбай Жұмағұл, Дидар Қамиевтің көпті көрген тәжірибесі көзге ұрып тұрды…

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button