Поэзия

Атыңнан айналайын

Жар жастап, түзде өткізген айлап түнді,

Қай ғасыр аялап ед қайратты ұлды?!

Ер Мәди «ел» деп өлді. Жүрсе-дағы

сайыңнан сая таппай сайғақ құрлы!

Заманның зәр атса да сұрапылы,

Халқының алдындағы мұраты ірі.

Өмірдің өзекті өртер өксігі мен

Өрнегін өлеңге өрген ұлы ақыны –

Қасымдай ақын туған қасиеттім

Далаңа қаны сіңген қасіреттің.

Қырыңда қырық рудың тарихы бар,

Шыңыңда ұшқыны бар жасын-оттың!

Айдары алтын күнмен шағылысқан,

Хас батыр тумас шақта әр ұлыстан,

Аспанға адамзаттың арманы мен

Алаштың мәртебесін алып ұшқан –

Тоқтардай батыр туар сенде ғана!

Құдірет құрсағындай белдер ана..

Текті ұлдар ғажабыңа қанып өссін,

Киелі бесігіңді тербе дала!

Көкпенен сыр байласқан басы бекем,

Таулардың бөктерінен тасып өтем.

Шайтанкөл шың басына тамып түскен,

Он сегіз мың ғаламның жасы ма екен?!

Жаһанның жұмағындай…  Жазы құт шақ…

Әлемнің әлдиіндей сазын ұқсақ…

Қар басқан шыңдарың тұр  қарқара боп,

Арқаның арай шашқан тәжіне ұқсап…

Салмағын ауырсынса шартарабың,

Келеді бұлттарыңды арқалағым!

…Мәдиден асып айтар қауқарым жоқ:

Атыңнан айналайын, Қарқаралым!!!

Рахат ӘБДІРАХМАНОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button