Руханият

Ат бабына бақ қосқан

Шабандоз. Осы сөздің түпнұсқасының өзінде қайтпас қайсарлық, табандылық һәм рухтан бастау алар біршама мінездің қылау берері бар. Бұл сөздің арабша баламасы – «Фурусия». Ат үстінен қару жұмсаудың барлық түрін қамтитын әскери сала дегенді білдіреді. Ал, шабандоздың қазақша түсініктемесі – епті, атқа жақсы отыратын адам. «Шабандоздың қолы қатты, тақымы тас» дегеннің өзі де сөз мағынасы кең ауқымда айтылғанын айғақтайды.

атбегі

XXI ғасырда  аты тарихта қалып, тастан мүсін орнатар небір бәйге аттары бар. Шетелдік жүйріктерді былай қойғанда қазақстандық қолтумалардың өздері таңдай қақтырып, таң-тамаша етеді. «Қоян қасқа», «Самал», «Талхиз», «Аспархан», «Мамайқара», «Бақторы», «Бұйражал» секілді күліктердің шабысына халық куә. Расында, бәйге үшін туылған құлынның тағдыры асыл ғой шіркін. Жас құлынның болмыс-бітімі, арғы тегі оның болашақ бәйге аты болуына бірден-бір кепіл.

Әрине, бәйгенің бас жүлдесін алу атқа байланысты. Десек те, сол арғымақтың арынына ие болып, қос тізгінге бағындырған баланың бейнеті ше?! Бала дейміз-ау, бала емес батыр десек артық емес. Осы тұста ол несімен батыр деген сауал орынды. Жаңбырлығынан жабағы жүні түспеген сарыауыз балапан жау жайратқан жоқ, расында.

Естеріңізде ме? Ақтау қаласындағы былтырғы маусымжабар аламан бәйгесі. Бас жүлдеге «Нива» автокөлігі тігіліп, 30-40 ат қиқулап шапқанда Қобылан Таңатаровтың «Айкүрең» тұлпары соңғы айналымда мәреге сәл қалғанда сүрініп, ажал құшқаны. Сонда үстіндегі қаршадай бала көзінің мөлт еткен жасын қайыс қамшымен сүртіп, «Айкүрең» аттың басынан жүгенін шешіп алып, мәреге жаяу жүгіріп келіп еді ғой. Бұл оқиға көптің жүрегін елжіретіп, біршама жұрттың ыстық ықыласын алды. Тіпті, әлеуметтік желіде бейнесі тарап, атсүйер қауым сүйсінген-тін. Міне, сол қаршадай бала қазір Қарағанды төрінде атақты атбегі Ербол Жәкештің командасында. Оның аты-жөні Мейірлан (Мейір) Нұрболатов. 15 жастағы ұлдың қанжығасында 10-15 аламанның автокөлігі, 20-30 топ бәйгенің бағалы жүлдесі бар. Бұл баланың тақымы қазақстандық біраз күліктің жұлдызын жаққан. Бабына бақ қосып, бәйгеден келтірген.

Мейір 2018-2019 жылдардан бастап, бәйге атына шаба бастаған. Ал, 2020 жылдан бері атышулы бәйгелерге қатысып, бағына бас жүлде бұйырған. Оның бірі – сол жылғы Астанада өткен Президент кубогы. Жан-жақтан жиылған берен мылтықтың оғындай атылар 30 қаралы арғымақ арасынан «Бақторы» атпен бас бәйгені алғаны. Дәл сол жылы «Сомбалақ» атты тұлпармен бас жүлдеге тігілген «Лада гранта» автокөлігін де қанжығалаған

атбегі

Одан кейінгі жылдары да Мейір ат қосқан елдің аузында жүріп, жүлделі тұғырлардан түскен емес. 2022 жылы Еркіндік ауылының тумасы, табалдырығынан тұлпар тұяғы үзілмеген атбегі Ербол Жәкештің «Үміт», «Ажара» сынды шашасына шаң жұқпаған күліктерімен Мейір бәйгеден оқ бойы озып, бас жүлдеге ие болды. Содан бері Мейір Ербол Тұрсынұлының командасында бірнеше бәйгеде атқа шабады. Қарағанды атбегілері оның ішінде, Ербол Жәкештің азаматтығы мен атбегілік қыры бір төбе. Ол кісінің «Айым», «Ажара» атты тұлпарлары біраз атсүйер қауымға кеңінен танымал. Аттардың «Ажара», «Айым» аталу себебі де бар. Ербол Тұрсынұлының қос құлыншағы Ажара мен Айым есімді қыздарының құрметіне қойылған екен. Бір айта кетерлігі Ербол Тұрсынұлы 2018 жылдан бастап биылғы 2023 жылға дейін «Арқа Бәйге» федерациясының президенті қызметінде болған. Қазіргі күні Ербол ағамыздың атқорасында «Арбакеш», «Айым», «Ажара», «Үміт», «Алтын тай», «Еркежирен», «Қазына» атты сәйгүліктер бабы келіп, бәйге сұрап тұр.  Күні кеше дәл осы Ербол ағамыздың «Нұртөбел» атты тұлпармен аламанның бас жүлдесіне тігілген автокөлікті ұтқанын  дүйім жұрт біледі. Қазір ол арғымақ үйірде көрінеді. Ал, «Айым» күлікпен 2019 жылы тайында Астана қаласында өткен «Алтын тайдың» бас жүлдесін ұтып, елге абыройлы оралған да Ербол ағамыз. Иә, бұл тек атбегілік бір қыры ғана ағамыздың. Ұлттық спорт жанашыры сонау Батыс Қазақстан облысы, Орал өңірінің тумасы Мейірді қанатының астына алғалы да 4 жылдың жүзі болды. Содан бері Мейір баласының атқа отыруын, ат сырына қанық болуын қадағалап, оны үлкен додаларға алып шығып жүрген Ербол Тұрсынұлының азаматтық, адамгершілік позициясы. Ол «Мейір менің өз баламдай» – деп айтады.

Маңайымдағы атбегілерге ылғи айтарым баланы дұрыстап тәрбиелеу керек. Ат үстіндегі бала ол құстың қауырсынындай жеңіл болса, оның мінезі мен көңіл-күйі де дәл сондай көтеріңкі болуы шарт. Бұл кезде мотивация керек. Балаға да, атқа да. Кезінде жыраулар жауға шабар алдында батырларын жігерлендіріп, жыр арнап, қайрап, арқаландырған. Осының әсерінен батырлар рухтанып олар алмаған қамал қалмаған. Сол сияқты балаға саналы сөз айтып, баб тәрбиесі мен бақ тәрбиесін жүрегіне жеткізе түсіндіру керек меніңше. Сонда ғана ол астындағы атқа ие бола алады, – дейді Арқа атбегісі Ербол Тұрсынұлы.

Атбегі ағамыздың сөзінің жаны бар. Дәл осы үрдісті барша атбегі ұран етіп ұқса нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, Ербол Тұрсынұлының сөзіне сүйенсек, мақсаты ат бәйгесі арқылы абырой алу немесе ат шығару, мақтану емес. Ұлттық спортты жандандыру. Бұлай деуімізге себеп, кешегі ковид кеселінің кесірінен аяққа бұғау, арқаға жүк түскенде Арқа атбегілерінің басын қосып, қарағандылық «Арқа Бәйге» федерациясының ұжымының жігіттерімен бірлесе отырып, көңілі жабырқаулы жұртшылыққа ат спорты түрлерінен, оның ішінде бәйге ұйымдастырып үлкен іске мұрындық болғаны. Бұл нағыз жанашырлық.

– Көксегенім Арқа атбегілерінің бірлігі, олардың аттары бәйгеден келіп, атақ-абыройлары шықса, мен де балаша қуанамын. Қазір міне арманыма жеттім, орнымды биыл өзімнен кейінгі өкшелеп келе жатқан жас бауырым Асылназ Жұмашевқа табыстадым. Ол да ағалары салған сара жолмен істі үйіріп әкетті – деп түйді Ербол Жәкеш өз сөзін. 

Ол аз десеңіз, былтырғы Астанада дәстүрлі түрде өтетін Президент кубогының бас жүлдесі де алдына қара салмаған «Қамбар» атпен Мейірдің еншісінде. Қарағандыда өткен Сайдалы баба асында да «Тайвань» деген тұлпармен «джип» автокөлігін ұтқан да осы Мейір.

Жә, айта берсек,  мақтар, мақтанар асу көп. Мейірдің тақымына тиген тұлпардың аламаннан жүлдесіз оралмағаны хақ. Мейірдің кеше ғана Қарқаралының Егіндібұлақ ауылындағы «Алтын тай» тай бәйгесінде «Жезкиік»  атты таймен бас жүлдені алғанын біреу білсе, біреу білмейді. Көкпардың атақты аты Намыскөктің иесі Нұрлан Намысовтың қарапайым қолтумасы «Жезкиіктің» бұл қарқыны қалың елдің аузынан әлі түскен жоқ. «Жезкиік» тайдың иесі Еркіндік ауылының азаматы, атбегі  Қабди Жанұзақ. Қарап отырсаңыз «Жезкиіктің» шыққан жері, оның бабы мен шапқан баласы да тегін болмай тұр. Ат күшін атбегі біліп баптаса, оның бабына бақ қосып, бәйгеден келтірер бала ғой.

– Әрине, кейде топ бәйге, аламан бәйгеде алғашында тосырқау, сәл қобалжу болады. Бірақ бірде-бір бәйгемде менің атым қатарымнан осалдау, немесе өзіме сенімімді жоғалту деген болған жоқ. Бәйгеге қатысқанда тек өзіме және астымдағы аттың қабілет-қауқарына сенемін. Оған сенімім кәміл, әрі ақталады да, – дейді шабандоз Мейір Нұрболатов.

атбегі

Асылында, бәйгеге екінің бірі, егіздің сыңары шаппасы хақ. Рухы басым баланың ғана қолынан келер іс. Себебі қарапайым бәйге көрермендері, жанкүйерлері айналымның (кругтың) көмбе жақ басында тұрып, көп дүниені көз шала бермейді. Ал, айналымның арғы басында қандай қырғын болып жатқаны тек ат пен шабандозға аян. Бірін-бірі сабау, жол кесу, қысу, ығыстыру секілді неше түрлі әрекеттердің бары жасырын емес. Осындайда қата тиген қайыс қамшыға, ат оздырам деп таласқан үзеңгілес қарсыласқа қақтырмай, бір уыс топырақ тигізбей, суырылып алға шығар немесе атты ауыздыққа сүйеп, еп табу – бұл нағыз шабандозға тән қасиет.

– Бәйге – бұл экстремалды спорт түрі. Онда хоккей мен көкпардағыдай жарақат та алып қалу ғажап емес. Ал, қысу, таласу, ығыстыру – бұл сол спорттың бір бөлшегі. Бәйгеге қосылған әр аттың шабандозы ұтылам деп емес, ұтам деп шабады. Ұтудың жолында ештеңеден тайынбайды десек болады. Өйткені шабандоз – бұл батылдықтың, жүректіліктің, жігер мен намыстың сыналар тұсы. Ал, бұл мінездің бәрін спортқа салу, міне, сол нағыз спортшыға тән қасиет. Спорт, оның ішінде, ат спорты болған соң, «қамшымен сабаудан» басқаның бәрі заңды, – дейді Мейірдің астындағы аттарын баптаған атақты бапкер Жайық Жауаров.

атбегі

Кезіндегі қыпшақ Сұлтан Бейбарыс үстемдік құрған Мысыр мен Шам жерінде шабандоз аты арғымаққа, сәйгүлікке негізделіп айтылған. Арғымақты тізгіндеген адуынды ұл ғана шабандоз атқа ие болған. Сонда шабандоз бен сәйгүліктің қосындысы абсолюттік билік болғандығы ғой. Ежелгі мемлекеттер мен халифаттарда  түркі, қыпшақ бозбалаларын әскери мақсатқа көп пайдаланған. Бір Бейбарыстың өзі – біршама дерекке дәйек.

Мысалы, «Түркілердің басқа барлық жауынгерлерден артықшылығы туралы кітап» дейтін туындысында Ибн Хасул  «Түркілер ішер аста, киер киімде, мінер атында иесімен тең жүрмесе ырза болмайтын. Басқа сатылып алынған және тұтқынға түскендер секілді жер сыпыру, жылқы күту және сол секілді өздері ұят санаған жұмыстарды мүлдем істемейтін. Ал, бас бостандығын алған түркілер әскери қызметке алынған соң әскербасы, топ басы, басқа да бұйрық беретін жұмыстарға ұмтылатын, басқа істерді қабыл алмайтын», – деп жазған. Бұл – біздің бүгінгі шабандоздардың бұрынғы келбеті.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button