Нұрқожа Бауыржанұлы: «Гастрофестиваль – Қарқаралы туризміне серпін береді»
Тарихшы блогер Нұрқожа Бауыржанұлының айтуынша, «Байқымыз» фестивалінің жылдан жылға жанданып, дәстүрлі сипат алып келе жатқаны – ұлттық құндылыққа деген қоғамдық сұраныстың артқанын көрсетеді. Оның пікірінше, мұндай шаралар қымызды ғана емес, қазақы өмір салтын, ауыл мәдениетін, өңірлік ерекшеліктерді де кеңінен танытады.

– «Байқымыз» фестивалінің жыл өткен сайын жанданып келе жатқаны көңіл қуантады. Біз де шама-шарқымыз жеткенше төл құндылықтарымызды төрге оздыруға атсалысып жүрміз. Әр үйдің қымызы әрқилы. Бір қарағанда бұл – жарыс. Бірақ шын мәнінде, фестиваль әр өңірдің дәмін, дәстүрін, шаруашылық мәдениетін бір алаңға жинап, қазақы құндылықтарды бір арнаға тоғыстырып отыр. Соған қуаныштымыз, – деді Нұрқожа Бауыржанұлы.
Оның сөзінше, қымыздың дәміндегі айырмашылық – жай ғана дайындалу тәсіліне емес, жердің табиғатына, шөбіне, суына, жылқы күтіміне және әр отбасының қалыптасқан дағдысына байланысты. Сондықтан фестиваль алаңы көпшілік үшін дәм жарысы ғана емес, танымдық ортаға да айналған.
– Әр өңірдің қымызының өз мінезі бар. Мен өзім Жаңаарқадан болғандықтан, жазиралы өлкеміздің қымызын ерекше жақсы көремін. Бірақ мұнда келіп, әр ауылдың, әр шаруашылықтың қымызын татып көру – қазақ даласының байлығын сезінумен бірдей. Қымыздың әртүрлі болуы – біздің ұлан-ғайыр жеріміздің, тұрмысымыздың, дәстүріміздің алуандығын көрсетеді, – деді ол.
Тарихшы блогер фестивальдің Қарқаралы секілді табиғаты көркем, тарихи салмағы бар өңірде өтуі оның маңызын арттыра түскенін атап өтті. Оның пайымынша, этно-гастрономиялық шаралар өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға да серпін береді.
– Фестивальдің таулы алқапта, Қарқаралының көркем табиғаты аясында өтіп жатқаны ерекше әсер қалдырады. Мұндай жобалар тек ұлттық дәстүрді насихаттап қоймай, туристік инфрақұрылымды ілгерілетуге де ықпал етеді. Қарқаралыға келген адам қымыздан дәм татып, табиғатын тамашалап, тарихымен танысып қайтады. Бұл – өңір үшін де, ел руханияты үшін де пайдалы бастама, – деді Нұрқожа Бауыржанұлы.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Ақжігіт САҒЫНТАЙ



