Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қасымның қара блокноты: қастық пен достық

Тақырып талант таңдайды. Сөз және шығармашылық еркіндігінің басты һәм жалғыз кепілдігі – тақырып. Сол себепті, әр таланттың да бір ғана сыншысы бар, ол – тақырып. Шығарманың шындығы да, шеберлігі де – тақырып. Аманжол – Рахымжанның Қасымы – тақырыбын таңдап, іздеп тапқан бақытты қаламгер. Қасым ақынның өмірі һақында ауызша да, жазбаша түрде де тараған барша аңыздың бір қайнар көзі – оның туған топырағы Қарқаралының тау мен тасы, табиғат болмысы, тарихы.

Ежелгі аңыз айтады. Мифтік Зевс пен Гера Құдайлар Ида тауының биік шыңы Гаргарда алтын бұлттар арасында табысып көңіл қоспақ болады. Қос Құдай құмарлық қызығына батқан шақта Троя майданынан жеткен суыт хабар Зевсті жар төсегінен суырып алыпты. Троя түбіндегі ұрыстың барысына көңілі толмай, ояна сала ашуға басқан Зевс қаһарынан зәресі ұшқан Алтын бұлт Арқадағы арғы мекені Алтын тауға бетін бұра безеді. Зевстің соңынан іле кеткен Гераның Афродита-Апатурадан алған махаббат белдігі екі Құдай жамылған ақша бұлтта ұмытылып қалған. Сабасына түскен Зевске жары Гера ақша бұлттың үстінен шағым түсірген соң, Зевс Құдай шабарман қара бұлттарын аттандырады. Зевстің қуғыншы қара бұлттарынан құтылу амалымен Қарқаралы тауына жеткенде Алтын бұлт көл боп жерге құйылған. Көктің көз жасынан Арқа төрінде Алтын көл пайда болса, махаббат белдігі Қарқабат анамызға бұйырыпты да қарға тамырлы қалың Қаракесек елі тарапты.

Зевстің қабағы қатулы қара бұлттары әлі де жөңкіліп мәңгілік мінсіз махаббат белдігіне іздеу салып, Қарқаралыға қайта айналып бір соқпаса көңілдері көншімейді. Бұлттарға енді Зевстің әмірін орындау міндет болып қала бермек. Оны «Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт менен қайғы тарқамады» деген Мәди Бәпиұлының ән жолдары да растайды. Қасым да «Мен – табиғат бөбегі» атты өлеңінде «Ашу, қайғы дегенді Қара бұлттан үйрендім. Өз еркімше сілтемей, Қашан ғана имендім?!» деп кеткен.

Қасым ақынның шығармаларын асықпай оқып, барлай бір зер салсаңыз, ақынның өмірбаянындағы ақтаңдақтарды анықтауға сеп болар деректер оның өлеңдерінен табылуы заңды.

Қасымның деректі дертті өлеңінің бірі Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік мұрағатта 1951 жылы жазылған күйінде қаралы қара блокнотта сақтаулы жатыр. Блокноттың түсі шымқай қара. Қасымның қара блокноты қаралы жолдарға толы. Қасымның айықпас дертке шалдыққан кезінде ойы әрлі-берлі шапқанмен, сырласарлық дос табылмай, кеңесуге адам шықпаған соң, ақыры қара блокнотқа жалғыздығын шағым ете күңіренген. Ақынның қапашылық кешуінің себебін өлеңнің ақын өзі қойған тақырыбы ашып бермек: «Партияның жабық жиылысында 1951 жылдың декабрінде оқылатын өлең». Жабық жиналыс. Желтоқсан жиыны. Қасым Коммунистік партияға 1943 жылы соғыста өткен, 1951 жылға дейін біраз жыл артта қалған. Блокноттағы жолдар – жылдар: «Көп жылдар болдық жігіт сылаңдаған, Шаршы топ толқынында сыналмаған. Өмірде еркін сілтеп жүре бердік, Күйі мол көңілмен шығандаған. Қаншама зейіндімін десең-дағы, Көп жайт болады екен ұға алмаған. Өзіңе өзің сыншы бола алмасаң, Не керек қиялыңды құр алдаған» 1951 жылғы блокнотта көрсеткен Қасымның жабық жиыны – Мағжан жазған «Тоқсанның жиыны» емес, бөтен, бөлек, бүлік, бәлеге бастар жын-жиын.

Қасым қорқып отыр. Жабық жиында жағымпаз жұрт жабыла жала жапса жаны қала ма? Көңілінде алаң басылмаған, өзіне өзі сұрау салып, тергеп бағуда: «Ей, Қасым, адасуға қақың бар ма? Адасу закон бе екен ақындарға? Жаңа басқан жолыңнан адасасың, Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей атың бар ма? Өзіңді өзің ойла, ей, шырағым, Сөнбесін кеудеңдегі шамшырағың. Жүйріктер бәйгісіне босқа түсіп, Сен неге шабаныңды қамшыладың?»

Қасымның өз жолынан адасуының себебін анық тауып берер келесі өлең жолдары: «Жүйріктер бәйгісі». Өлеңде жүйріктердің тобын Қасым үш есіммен байлауда – Мұхтар, Сәбит, Ғабит. Совет кезіндегі қазақ әдебиетіндегі мықтылар тобы – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов. Қасым ақын М.Әуезовтің «Абай» романы үшін 1949 жылы Мемлекеттік сыйлық алуына арнаған өлеңінде бәйгі жайын қозғайды: «Мұхтар аға! Мықты аға едіңіз, Мықтылықты көзбен көрдік енді біз, Рахмет сізге, ақындардың ағасы, Бәйгімізден қасқайып бір келдіңіз!» Бәйгімізден. Біздің. Бәрінің. Бірлігі жарасқан. Өлеңдегі бәйгіде жалғыз жүйрік. Қара бло ноттағы өлеңде «жүйріктер бәйгісі». Үш жыл өтті үш жүйрік шықты. 1949 жылғы өлеңдегі Сәбит те, Ғабит те марапат, атақтан кенде емес. Жасынан атқа қонған үшеудің аттары ерте шыққан, 1951 жылдың қарсаңында баршаға белгілі қайраткерлер. Ақынның жүйрік қиялы қол жетпеске бекер қол создырды ма? Жүйріктермен жарысқа түсу құр бос қиял, қиялданудан туған ой жемісі, елес, жалған, өтірік, бос әңгіме ме? Жоққа жүйрік жетпес, Қасым «жүйрік» бәсеке, бәйгіге түсем десе, алғы ағаларындай атақ-даңқы жоқ. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» десек, адамзаттан өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар ғана шықпай ма?

«Бәйгіге бекер-ақ түстім, жалғандыққа ұрынып жаңа жолымнан жаңылдым, ұят болды-ау ел-жұрттан» деген Қасым өзінің адасуының себебін де белгілепті – жалғандық. Қасым қазақ бәйгісінің заңын білмей түсті ме бұл ортаға? Қызметін 1931 жылы Алматыда бастаған Қасым Оралдан абыройлы оралды. Күндей күркіреп өткен соғыста «Абдолла» поэмасымен ақын аты шықты, адақтап жалғыз шапқан зыр-зыбыл жүйрік аттай… қан майданнан жаңа леп, жаңа сөзі жетіп жатты. 1947 жылдан осы күнге шейін Қасымның ақындық шабыт-қуаты қамшы кесті шабан да емес еді ғой. Иә, ақын бүгін дімкәс, бірақ ерік-жігері шабан-шалағай кемтар емес. Онда, не гәп? Бәйгі десе делебесі қозған, дүбірге қызған, шыныққан шын жүйрік дой даланың додасына төтеп берем деп төске салды ма? Бойы қызар жүйріктің айғайласа-ай дегендей, ағайынның ой-хойлаған айғайына азғырынды ма? Жүйріктің шашасына шаң жұқпас, бабы келген өткір сөзі ұятқа қалдырмасқа басты ма?

Сірә, мәселе, Қасымның бас бәйгіге бас тіккен жандардың бойына ес қоймаған дүние күйігін, ішкі күйреу, жан күйзелісін дер кезінде көре білгенінде. Желтоқсанда Қасымға сын сағаты соқты, большевиктік бопсалауға кезікті, тез, тергеу тозағына тақады. Міне, осы кезде ол жүйріктер бәйгісінің мән-жайын ұққан сыңайлы. Олардың бәрі-дағы шетінен жау басар жүйріктер санатынан. Талай бәйгіге ат қосқан, көр бәйгіден де қалыс қалмастар. Желге мінсең жеткізбес түгел зылт жүйрік. Бәйгінің алдын бермес есіл ерен жүйрік. Қасымның жүйріктері есім-сойынан ат үркетін кілең күлік. Тарихтан талантты тұлғалардың тіршіліктегі тай-таласы тап тартысынан да асып түскенін білеміз. Жүйріктер бәйгісінің ақыры бәсекеге, бақас, бақталас бақандасуға ұласып жатпақ. Ұзақ алыс әз жүрегін ұсатарын жұрт ұмытады. Күш сынасқан бақ күндестік ақыр түбі ісінген, кіжінген жүйріктерді көп егестің апанына апарып жығып салды. «Өгіз терісі талыспыз» дескен, сом тұяқтарының сілтесі өнер өңірін қара жердей қайыстырған талантты жүйріктерді қарау даудың талысы жұтты. Қай атақ оңып еді шолақ даумен, Совет те сексенге жетпей күйреді. Советтік империяда «жүйріктердің» бәрінің де бәсі бюджет-қазанға байлаулы еді. Қазанның құлағына қолы жеткендер күйлі ғұмыр кешті, күйсіздің үні өшті. Бәйгі дауы толас таппады, күн көсемдей көрінген классиктер атына көлеңке түсті. Әркімнің артқыға сөз болмастық амалымен жасырған, әлемге әшкере білінбеген (жалпы жаманшылық деп танылатын) құпия-сыры, әдеби-құқықтық портреті бары мәлім. Қасымның қаралы қара блокнотындағы «жабық жиналыста» оқылуға жататын өлеңнің жанрын әдеби-құқықтық портрет деп анықтауға жатады. Қаралы қара блокноттағы сезім селі – Қаралы сұлу. Қазақ жүйрікті кекіл қағысынан байқаса, шын ақынды қаламының қас-қабағынан таниды. Әр өлеңін сүйсініп оқитын қазақтың сүйікті ақыны Қасым қалжыраған, қансыраған, қабағы қатулы. Өйткені, Қасымды жабық жиын күтулі. Ақынның арғы тағдыры қыл үстінде. Өлең – Қасымның ақырғы сөзі. Поэзия сотының адындағы. Қасым сөзі – заманмен беттесу, белдесу, көңілдерде айтылмай қалған бір сырды, домбырада тартылмай қалған бір күйді ақтару, анығын аңғарту, жабық жатқан жалғанды жарыққа алып шығу, жеріне, жетесіне жеткізу. Жұмбақ-сырлар әшкереленсін, жасырын жайттар жалаңашталсын, заманның өтірігі, жалғанының бетпердесі сыпырылсын, шешіндірілсін. Қасым көңілдегі ойын тәртіпке, жөнге келтіріп, жүйеге түсіріп, әр нәрсені өз орнына қойып, қиыннан қиыстыруда. Жабық жиын – жын жиын. Шулы, дулы ұлыған, өкірген, бөліскен, керіскен өңшең алыпсатар жат жұрттық жиналыс. Жын-сайтан жиналып жалғызға жабылмақ, оқ атпақ. Жабық партиялық жиналыс – жасырын, құпия іс, жабығынан сығалап сыр дәметкен киіз үй де емес. Жабыққанды дерт білмес, Қасымның көңілі қамығыңқы. Қасым – Құлагер. «Күйлі, күйсіз бәйгеге, Қажыды көңілім көп шауып» деп Абай да айтып кеткен. Қасымның жаңа жолынан адасуы – «күйсіз» бәйгіге қосылуы. Алдында жаңа жолы бар, артында елі бар Қасым шынымен сөз патшалығында адасты ма? Қасымның өзі өзіне адасуға қақың жоқ деп ескерту жасап, жөн сөзге кел, арындама, арандама, тұнығыңды арамдама, бойыңды тый дейді. Өйткені, Қасымның таңдаған жаңа жолы асыл жары – поэзияға тең болу. Міне, шу дегенде бала шәкірт Қасымның таңдауы, таңдамасы, тақырыбы осы болатын. Поэзиямен тең түсу – табиғи тектілік, танымдық тазалық, адал әділдік. Жүйріктер бәйгісіне түпкілікті түсем десе, Қасым мен поэзия екі айырылуға тиіс. Күйлі, күйсіз бәйгілерде жүріп баққан жүйріктерімізді кінәлі де, күнәлі де санамалық. Батыстың Пушкині де, Гетесі де ақшалы ақ патшадан күн көрген, тегін тұрмыс, тіршілікті талантқа кім берген. Адал туған қазақ халқы өлең қылып құя салған, табиғат бөбегі, тума талант Қасымды да жүйріктер бәйгісіне түсуге бейімдеген, ойын оятып, қоздатқан іштегі қара жылан нәпсі, тұрмыс-тіршіліктің өзімшіл мінез талабы болатын.

Конституцияда «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» десек те, қаламгер қаржы көзіне тәуелді болған соң, шығармашылық еркіндігі шектеледі. Шығармашылық еркіндіктің өлшеуі – адамгершілік. Жоқтан бар болудың себебін – шығармашылық деп таныған соң, ғаламда еркін шығармашылыққа ие жалғыз Жаратушы ғана болар. Ал, жерді мекен еткендердің арасында бар бәйгінің өзі түптің түбінде пайда, мақтанға әуесқойлық – шайтан ісіне ауысып жататыны анық. Теңгеге тәуелді талантты тұлға құдай берген сөз бен істі тұншықтырып тынғанын өзі де сезбейді. Ауыздықпен алысқан алауыздыққа бар билікті беріп қойған жүйріктер енді өздерінің нәпсісін тыя алмайды, күресіп жеңбек түгілі, өз еркімен қиып кете де алмайды. Нәпсісі билеп, мақтанға еріп пәле шығарған кісі мықты атанады. Бас болды деген оқығаны бар, тоқығаны бар жаңа өмірге мас болды. Сұм нәпсі сұлу өмірге бір үйір болған соң, тыю көрмей, тежеу білмей, тоқтау таппай, үдей түсті. Себебі, Поэзия қаза тапты, өлең ажал құшты. Өлеңді өлтірген – тұлға! Қылмысқа итермелеген күш – Қызғаныш. Басқаның байлығына қызығуы, қызғануы. Тұлға байлыққа, барлыққа батты, табынды, тұтылды. Талант тапталды, таланды, тоқырады, тозды. Жанына өлі көп ит жиылып, партиялық жабық жиында Қасымды жолсыз жазаға жықпақ. Өйткені, Қасым шу дегеннен именбей, еркін сілтеп жүрген, ортаға сыя алмаған, сый алмаған, адал қазақ халқы өлеңнен құя салған адам. Бұл, Советтік әдебиетте талай талант құмарлық мастығына батып, һас жүйріктер қас санасқан, достық мақамынан қол үзген кез еді. Қу нәпсіге құл болған, шеберлік пен шындық шайтандықта арбалған, адамзат ар жоқшылығына душар болып, тіршілікте хайуандану құбылысы басталған. Бұл істің кінәлісі бәйге еді.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button