ҚАСЫМБЕКТІҢ ТАРИХИ СӨЗІ

«Жарыс сөзді тоқтатайық…

Бізден басқа одақтас Республикалардың

барлығы Тәуелсіздігін жариялады.

Біз нені күтіп отырмыз?

Талқылауды тоқтатып, заңды қабылдайық!..»

Бұл тарихи сөзді басқа емес Қасымбек Медиев айтты.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің биік

мінберінен осылайша сөз сөйлеген азаматтың өзіміздің

Қасымбек Медиев екеніне сеніңіз!

     Қасымбек Медиұлының өткен ғасырдың ортасынан бастап, оның жүріп өткен өмір жолы, еңбектегі қол жеткізген табыстары мен алған биік белестері, халықтың алдында ауыз толтырып айтатын атқарған лауазымды қызметтері жерлестеріне жете таныс.

    Бұл шағын мақалада Қасекең ағамның портретін беремін дегеннен аулақпын. Мен Қасекең жөнінде Тәуелсіздіктің ең бір қиын кезеңі 1992-1997 жылдары тұсында ауданға келіп, халыққа көрсеткен қызметтерінің кейбір қырларына тоқталсам деймін.

    1992 жылы 22 ақпанда Қасымбек Медиұлы 30 жылдан кейін туған топырағына табан тіреп, аудан әкімі қызметіне кірісті. Қасекеңді жерлестері мен аудан жұртшылығы қуана қарсы алды. Осы жолдың авторын өзінің бірінші орынбасарлығына тағайындады. Осы бір қиын-қыстау кезеңді Қасымбек Медиұлы өзінің естелігінде «Әкім болуды өз басым Президенттің өкілі ретінде экономикалық тоқыраудан шығу жолындағы, оның жарлықтарын тікелей жүзеге асыра отырып, қазіргідей қиын жағдайдағы кедергілерді бірлесіп шешу, бірлікті, ынтымақтылықты қамтамасыз ету деп білемін» дейді.

     Ел экономикасының ауыртпалығы мен қиындықтарын сол кезеңде бастарынан өткізген, халықтың әлеуметтік тұрмыс тіршілігін көтеруге, Тәуелсіздікті сақтауға және оны нығайтуға өздерінің білімі мен біліктілігін, іскер ұйымдастыру қабілеттерін көрсете білген қазақтың марқасқа азаматтары Президенттің маңайына топтасты. Солардың бірегейі Шет ауданының әкімі Қасымбек Меди-ұлы болатын.

    Шет ауданы Жезқазған облысында экономикасы дамыған іргелі аудандардың қатарында болды. 80-ші жылдардың ортасында ауданның ауыл шаруашылығы саласы өте жоғары деңгейде көтерілгенді. Облыста астықтың 30-35 пайызын, картоп пен көкөністің 50%, сүт өндіріп оны мемлекетке өткізудің 40% көлемінде жыл сайын тұрақты қамтамасыз етіп тұрды. Аудан шаруашылықтары ет-сүттік қара малмен айналысты. Үш асыл тұқымды зауыты ірі қара малының басын көбейтумен шұғылданды. Просторный, Батық, Красная Поляна асыл тұқымды мал зауыттарында 12000 бас асыл тұқымды қазақтың «ақбас» және «даланың қызыл» асыл тұқымды ірі қара малдың генефоны шоғырланды. Осындай мол дәулетті сол кезеңде ұқыпты ұстап, халық қамына жарата білу әркімнің қолынан келе бермеді. Қасекең болса шаруашылықтарды ақсатпай, шашып алмас үшін қолынан келген шараларды тиімді пайдалана білді. Облыс басшыларының мемлекеттік меншікті жекешелендіріп, жеке тұлғалардың қолына тез беру керек деген нұсқауларына құлап түспей, алғашқы кезеңде (1993-1995 жылдары) кеншарларды ұжымдық шаруашылықтар санатымен қайта құрып, асыл тұқымды мал зауыттарын акционерлік қоғамға айналдырды. Бұл реформа біраз уақытқа дейін оң нәтижесін берді. Күнделікті жұмыс бабында халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, жақсартуды, соғыс, еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларына тұрақты көңіл бөліп, оларға қажетті жағдайлар жасауды өзінің тікелей бақылауына алды. Ауданның барлық селолық округтерінде «Қайырымдылық» дүкендері ашылып, жеңілдетілген бағамен тұтынушыларды қамтамасыз етті. Соғыс ардагерлері мен тұрмысы төмен көп балалы отбасыларына көмір мен шөп тегін жеткізіліп берілді.

    Қасекең ауданның мекеме, кәсіпорындардың, ауыл шаруашылық құрылымдарының жетекшілерімен қоян – қолтық жұмыс жасап, оларға өзінің тәлім – тәжірибесін, ағалық қамқорлығын аяған емес. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы шаруашылықтар басқарған үзеңгілес замандастары мен інілері бар. Олар: Әсман Туғанбаев, Қайыпбай Матибеков, Қуаныштай Сейілбеков, Біләл Доскеев, Шәкір Қасымов, Аман Түсіпханов, Мақсұт Сәдуақасов, Мағауия Сатыбалдин, Мейрамбек Балтин, Кәмел Жүністегі, Серікбай Адамбеков, Төкен Сейілбеков, Әділ Бәкіров, Әділ Смағұлов, Бекежан Хамзин, Есенқұл Түсіпов, Айтуған Әбеуов, Жақсылық Қуандықов, Бекен Ғабдуллин, Қайыркелді Мусин, Болат Сәкенов, Марат Ахметов, Төлепберген Әбеуов, Аманқұл Қасымов, Болат Жәмиев, Аманкелді Уәлиев, Аманай Бейсембеков, Жорғатай Жүнісов секілді майталман іскер басшыларды қосуға болады.

    Қасекең өткен тарихқа да үлкен мән беріп, аудан көлемінде мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған бірталай іс-шараларды жүзеге асырды. 1993 жылы Шортанбай Қанайұлының 175 жылдық мерейтойын ел көлемінде өткізді. «Батық» асыл тұқымды мал зауытында сәулетті мәдениет сарайы салынды. Жаңқұтты би мешіті көтерілді.

    Қасекең әкім болып келгеннен кейін тыңдырған күрделі ісінің бірі, ұзақ жылдар бойы қаржының жоқтығынан сақалды құрылысқа айналған аудан орталығындағы 150 орындық емхананың екі блогын облыс әкімі Қажымұрат Нағымановтың қолдауымен іске қосты.

    Қасекеңде біз көріп жүрген, көп басшыларда бола бермейтін ерекше бір қасиеті лауазымды басшылармен тез тіл табыса біліп, олардан әр уақытта ауданның өміріне қажетті материалдық моральдық қолдауларды алуда алдына жан салмайтын.

    Сол тұста Қарағанды металлургия зауытының бас директоры А.Свищинскийдің шефтік көмегімен ауданның орталығында 14 км көшеаралық су құбыры жаңадан тартылды және сырттан келетін 6,5 шақырым су құбыры тегін жаңартылды. Қасекеңнің тікелей араласуымен, облыс әкімінің қолдауымен Ақсу-Аюлы селосындағы құрылысы бітпей тұрған екі пәтерлі 8 үйдің құрылысын аяқтады.

    Елі үшін атқарған еңбектеріне, қиын-қыстау күндері жұртқа жасаған қамқорлығына қарап оның қандай адам екенін айтпай-ақ білуге болады.

    Қасымбек Медиұлының еңбегі мен төккен тері мемлекет тарапынан бағаланып, «Құрмет», «Еңбек Қызыл Туы», «Құрмет Белгісі» ордендері мен оннан астам медальдарымен марапатталды.

    Бүгінгі күні кейіпкеріміз Қасымбек Медиұлы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «Қазақстан мәслихаттар депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің Құрметті төрағасы, Шет, Ақтоғай аудандарының, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы. Тәуелсіздік тұғырының нығайуында қажырлы қайратымен көрінген, ерен еңбегімен ел есінде қалған ел білетін, ел танитын тұлға.

Боранбай Жұмкеұлы,

«Құрмет» орденінің иегері

Шет ауданының Құрметті азаматы,

ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.