Қарағанды университеті қос диплом береді
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жоғары басқару және инновациялар мектебімен бірлесіп МВА (Executive) «Басқарушылық және қаржылық талдама» қос дипломды білім берудің инновациялық білім беру бағдарламасы ашылды.
«Басқарушылық және қаржылық талдама» қос дипломды бағдарлама стратегиялық көзқарас, жүйелі ойлау, харизматикалық көшбасшылық, уақытылы шешім қабылдау және адамдарды сауатты басқару секілді дағдыларға негізделген. Басқару жүйесінің сапасы осы дағдыларды жүзеге асыруға байланысты. Білім беру бағдарламасы басқаруда дұрыс ойлау мен әрекет ету әдеттерін қалыптастыруды мақсат етеді.
Бұл бағдарлама бизнес иелері мен жоғары буын басшыларына арналған. Сондай-ақ, басқару тәжірибесін дамытуға арналған. Әдетте, меншік иелері мен топ-менеджерлер өздері үшін Executive MВA-ны екі жағдайда таңдайды: біріншісі бизнесте жаңа деңгейге көтерілу қажеттілігін сезінгенде немесе өз бизнесін бастағысы келгенде. Екінші жағдай – бар бизнесті қайта жүктеу қажеттілігін түсінген кезде. Басқарушы немесе кәсіпкерде дамуға әкелетін нақты іс-қимыл жоспарының болмауы осыған әсер етеді.
Executive MBA дәрежесі не үшін қажет дейтін болсақ, MBA бағдарламаларының тыңдаушылары өз бизнесіне және айналасындағы компанияларға абстрактілі және жүйелі түрде қарау дағдысын дамытады.
МВА (Executive) «Басқарушылық және қаржылық талдама» қос дипломды білім беру бағдарламасы жоғары оқу орнынан кейінгі кадрларды даярлауға арналған. Яғни, әртүрлі салалардағы басқарушылық білімді қалыптастыруға бағытталған, тереңдетілген кәсіби дайындық.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – қаржылық талдаманы үйрене отырып, жоғары және орта буынды басқарудың тереңдетілген дағдылары бар бизнес, экономика, мемлекеттік құрылымдар үшін жоғары білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз ету.
МВА (Executive) «Басқарушылық және қаржылық талдама» қос дипломның иегерлері динамикалық өзгеретін әлеуметтік және кәсіби нарықтық жағдайларға тиімді бейімделуге тәжірибелік дайындық пен қабілетті меңгереді.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен бірлесіп жүзеге асыратын МВА (Executive) «Басқарушылық және қаржылық талдама» бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті. Стратегиялық ойлай алатын, үдерістер мен құбылыстарды жүйелі талдай алатын, басқарушылық шешім қабылдап, олардың ең тиімдісін жасауға қабілеті жоғары білікті қызметкерді дайындауға арналған.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz