Жаңалықтар

Президент Network School негізін қалаушымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанды қабылдады. Кездесуде Қазақстандағы технологиялық экожүйені дамыту, цифрлық білім беру және инновациялық жобаларды қолдау мәселелері талқыланды.
Сурет Ақордадан

Президент Network School бастамасының еліміздің технологиялық ортасын қалыптастыруға қосып отырған үлесін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда жаңа буын көшбасшыларын даярлау үшін білімге, ғылымға және цифрлық дағдыларды дамытуға инвестиция салынып жатқанын жеткізді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бастамасына да тоқталды. Оның аясында мектептер, жоғары оқу орындары мен медициналық мекемелер сияқты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Президент бұл жобаның келешек ұрпаққа қалатын маңызды мұра болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптады. Сонымен қатар жобаның қазақстандық университеттермен, стартаптармен және технологиялық компаниялармен байланысын кеңейту жоспарын қолдады.

Мемлекет басшысы Баладжи Шринивасанға Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялар мен дәстүрлі экономикалық салалардың қатар дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Бастама цифрлық шешімдерді дамытуға, адами капиталды нығайтуға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button