Қарағанды облысында Президент Жолдауының басымдықтары талқыланды
Мемлекет дамуының жаңа кезеңінде қолға алынған әрбір бастаманың өміршеңдігі оның нақты нәтижесімен өлшенбек. Өндірісті өркендету, инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық әлеуетті арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басты басымдықтар. Әсіресе, өндірісті Қарағанды өңірі үшін бұл міндеттердің маңызы айрықша. Өйткені, ел экономикасының елеулі жүгін арқалап отырған аймақтағы әрбір өндірістік серпіліс пен әлеуметтік жаңғырудың игілігін тұтас республика сезінеді. Осы орайда, Қарағандыда республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері облыс активімен кездесіп, Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың нақты тетіктерін талқылады.

Елдік міндет – өңірлік жауапкершілік
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен алқалы басқосуға Құрылтай депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен өңірдің қоғамдық белсенділері қатысты. Жиында Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық бағыттардың аймақ экономикасына ықпалы, оларды жүзеге асырудың заңнамалық және қаржылық тетіктері, өндіріс пен әлеуметтік саланы дамытудың жаңа мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.
Басқосуды ашқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттің Жолдаудан кейінгі алғашқы жұмыс сапарын Қарағанды облысынан бастағанына айрықша тоқталды. Өңірдегі іргелі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен жүздесуі индустриялық аймақтың ел дамуындағы орны мен әлеуетін айқындай түсетінін атап өтті.
– Бұл – еліміздің индустриялық дамуына қомақты үлес қосып отырған өңіріміздің стратегиялық маңызына берілген жоғары баға. Сонымен бірге, облыс алдына қойылған міндеттердің ауқымын және бізге жүктелген зор жауапкершілікті аңғартады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысының айтуынша, Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер Қарағанды облысында бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Олар – инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Бір-бірімен сабақтас бұл басымдықтар өңірдің алдағы даму бағдарына негіз болмақ.
Әсіресе, Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының экономикалық қайтарымына баса назар аударылды. Ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Олар отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға, шағын және орта бизнесті ілгерілетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, құрылысқа бағытталған инвестиция экономиканың өзге салаларына да серпін беруге тиіс.
Бұл ретте Қарағанды облысының өндірістік мүмкіндігі мол. Металлургия мен машина жасаудан бастап, құрылыс материалдарын өндіруге дейінгі кәсіпорындар ауқымды жобаларды жүзеге асыруға үлес қоса алады. Ендігі міндет – республикалық деңгейде қолға алынған бастамаларды жергілікті өндіріс әлеуетімен ұштастырып, мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін тиімді үйлестіру.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы мүмкіндіктері арнайы бейнематериалда да таныстырылды. Ал республикалық ақпараттық-насихат тобының өкілдері Жолдаудағы міндеттердің қоғамдық, құқықтық және экономикалық мәніне тоқталып, оларды жүзеге асырудың негізгі бағыттарын тарқатты.
Жаңғырудың өзегі – адам
Жаңа тарихи кезеңдегі мемлекеттік реформалардың түпкі мұраты – адам игілігі. Саяси жүйедегі өзгерістерден бастап, экономика мен әлеуметтік саланы жаңғыртуға дейінгі бастамалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуға тиіс. Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов осы мәселеге айрықша назар аударды.

– Жүргізіліп жатқан өзгерістердің игілігін тек Астана мен ірі қалалардың тұрғындары ғана емес, Теміртаудағы металлург те, шахтадағы кенші де, Сарандағы кәсіпкер мен Абай ауданындағы мұғалім де, ауылдағы қарапайым азамат та сезінуге тиіс. Бүгінгі мемлекеттің егемендігі тек шекарада ғана емес, мектеп сыныптарында, университет зертханаларында және өндіріс орындарында да нығаяды. Сондықтан экономика, ғылым, білім және мемлекеттік басқару мәселелері бір-бірінен бөлек қарастырылмайды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат жаһандық геосаяси ахуал мен технологиялық өзгерістер жағдайында мемлекеттік басқарудың да заман талабына бейімделуі қажеттігін атап өтті. Әсіресе, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы еңбек нарығына, білім жүйесіне және мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдеріне тың талаптар қойып отыр. Мұндай кезеңде бұрынғы басқару тетіктерімен шектелу жеткіліксіз. Артық бюрократияны қысқартып, мемлекеттік шешімдердің тиімділігін арттыру маңызды.
Бұл ретте Жолдауда педагогтердің құқықтарын қорғауға да басымдық берілген. Қазіргі уақытта мұғалімдерді артық есептіліктен, негізсіз тексерістерден және әлеуметтік желілер арқылы жүктелетін қосымша міндеттерден қорғауға бағытталған заңнамалық нормалар әзірленуде. Мұндағы мақсат – ұстаздың уақытын қағазбастылыққа емес, шәкірт тәрбиесі мен білім сапасын арттыруға жұмсауына жағдай жасау.
Құрылтай депутаты ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау мәселесіне де кеңінен тоқталды. Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, елімізде мұндай санатқа жататын 237 мың бала бар. Алайда түйткіл тек олардың санында емес, отбасылардың күнделікті кездесетін қиындықтарында жатыр. Кейбір өңірлерде қажетті маман болғанымен, тиісті құрал-жабдық жетіспейді. Енді бір жерде оңалту орталығы болғанымен, кешенді қызмет көрсету мүмкіндігі шектеулі. Ал ауылдық жерлерде мамандандырылған көмектің қолжетімсіздігі ата-аналарды облыс орталықтарына қатынауға, тіпті, қоныс аударуға мәжбүр етеді.

– Біз, ең алдымен, осы балалар мен олардың ата-аналары қандай қиындықтарға тап болғанын түсінуіміз керек. Сондықтан баланы дүниеге келген сәтінен бастап бақылау, уақытылы скрининг жүргізу, даму ерекшеліктерін ерте анықтау және медициналық, білім беру, әлеуметтік көмекті өзара үйлестіру көзделген кешенді заң жобасын дайындадық. Оны биылғы желтоқсан айында қабылдау жоспарланып отыр, – деді депутат.
Әлеуметтік жаңғырудың тағы бір маңызды бағыты – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыру. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы салада еңбек ететін мамандардың жалақысын өсіру бастамасы көтерілген. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтымақ. Өйткені тұрғындар денсаулығына қатысты алғашқы көмекті ең алдымен емханалар мен учаскелік дәрігерлерден алады. Демек, бастапқы медициналық буынды нығайту тұтас денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне ықпал етпек.
Асхат Аймағамбетов Ұлттық қор қаражатын пайдалану мәселесіне де тоқталды. Оның пайымынша, келешек ұрпақ үшін қаржы жинақтау мен бүгінгі буынның өмір сапасын жақсарту бір-біріне қарсы қойылмауы керек. Сапалы білім, қолжетімді медициналық көмек, ауылдардың жол және инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы – болашаққа салынатын инвестицияның маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы мен оның халыққа беретін нақты қайтарымы басты назарда болуы тиіс.
Жаңа кезеңнің құқықтық негізі
Қоғамдық қатынастар өзгерген сайын құқықтық жүйенің де заман талабына бейімделуі заңдылық. Әсіресе, экономиканың цифрлануы, жаңа технологиялардың өмірге дендеп енуі мен кәсіпкерлік қатынастардың күрделене түсуі қолданыстағы заңнаманы қайта қарауды қажет етеді. Осы мәселеге тоқталған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрайымы Үнзила Шапақ жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің мән-маңызын тарқатты.

– Жаңа Конституция заңнаманы адамға бағдарланған қағидаттарға сәйкестендіруді талап етеді. Жаңа Азаматтық кодексте адамның құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, меншік пен зияткерлік меншік құқықтарын сақтау, инвесторларға берілетін кепілдіктерді күшейту маңызды орын алуы тиіс. Біз шетелдік тәжірибені сол күйінде көшірмей, ұлттық құқықтық жүйеміз бен қалыптасқан тәжірибемізді ескере отырып, елімізге лайықты нормаларды әзірлеуіміз қажет.
Қолданыстағы Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімі 1994 жылы, Ерекше бөлімі 1999 жылы қабылданған. Нарықтық экономиканың қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарған бұл құжатқа кейінгі отыз жылда 300-ден астам түзету енгізілген. Алайда уақыт өте көбейген өзгерістер жекелеген құқықтық нормалардың өзара үйлесіміне әсер етіп, мұрагерлік, корпоративтік басқару, заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру секілді қатынастарды реттеуде белгілі бір қайшылықтар туғызған, – деді Үнзила Шапақ.
Депутат заңнаманың мемлекеттік тілдегі сапасына да арнайы тоқталды. Құқықтық терминдердің бірізді қолданылмауы заң мәтіндерін түсіну мен тәжірибеде пайдалануда қиындық туғызатыны белгілі. Мәселен, орыс тіліндегі «недвижимое имущество» ұғымының қазақша құқықтық қолданыста әртүрлі берілуі терминологияны жүйелеудің қажеттігін аңғартады. Сондықтан жаңа кодексті әзірлеу барысында заң нормаларының мазмұнымен қатар, олардың тілдік дәлдігіне де назар аударылуға тиіс.
Үнзила Шапақ халықаралық тәжірибеге де назар аударды. Чехия, Франция және Қытайда азаматтық заңнаманы жаңғырту бағытында жүргізілген реформалар құқықтық жүйенің экономикалық өзгерістерге бейімделуі әлемдік тәжірибеде де өзекті екенін көрсетеді. Дегенмен, депутаттың пайымынша, Қазақстан үшін басты міндет – өзге елдердің үлгісін қайталау емес, ұлттық ерекшелік пен құқық қолдану тәжірибесін ескеретін жүйелі заңнамалық негіз қалыптастыру.
Инфрақұрылым мен инновация – дамудың қос тірегі
Ел экономикасының өркендеуі ең алдымен, оның инфрақұрылымдық әлеуетіне байланысты. Жаңа өндіріс орындарын ашу, халыққа қолайлы тұрмыс жағдайын қалыптастыру, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайту үшін заманауи инженерлік жүйелер қажет. Осы орайда Құрылтай депутаты Александр Данилов Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасының мән-маңызына тоқталды.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Ауқымды қаражаттың игілігі тек бой көтерген ғимараттар мен жаңарған жолдардың санынан ғана емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысынан көрініс табуға тиіс. Бұл – қолжетімді медициналық көмек, сапалы білім, сенімді коммуналдық жүйе және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру деген сөз.
– Құрылыс дегеніміз – тек бетон мен ғимарат немесе төселген жол ғана емес. Оның ар жағында әрбір отбасының тұрмыс сапасы, балалардың білім алу мүмкіндігі, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы тұр. Сондықтан, қолға алынған жобалар бір-бірінен бөлек емес, энергетика, көлік, өндіріс және әлеуметтік инфрақұрылым өзара сабақтасқан тұтас жүйе ретінде жүзеге асырылуға тиіс, – деді Александр Данилов.
Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бастамасы отандық кәсіпорындарға да тың мүмкіндік береді. Ауқымды жобалар құрылыс материалдарына, металға, жабдықтар мен тасымалдау қызметтеріне сұранысты арттырады. Мұндай тапсырыстарға жергілікті өндірушілердің кеңінен қатысуы жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін бермек. Сонымен қатар, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау, құрылыстың құны, мерзімі мен сапасы туралы ақпараттың қоғамға ашық болуы айрықша маңызды.
Инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі цифрлық технологияларды дамыту міндетімен де тығыз байланысты. Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова да Мемлекет басшысы ұсынған халықтық цифрлық экономиканың мүмкіндіктерін кеңінен тарқатты. Оның пайымынша, жаңа технологиялардың басты мақсаты – халықтың тұрмысын жеңілдетіп, кәсіпкерлікті өркендету және еңбек өнімділігін арттыру.
– Біз дайын шетелдік бағдарламаларды сатып алумен ғана шектелмеуіміз керек. Елімізде білімді жастар, білікті ІТ-мамандар мен өзіндік өнім әзірлеуге қабілетті компаниялар бар. Университеттер мен колледждерді өндіріс орындарымен байланыстыра отырып, өз технологияларымызды дамытуға мүмкіндік мол. Ең бастысы, цифрландырудың нәтижесін сатып алынған бағдарламалардың санымен емес, азаматтардың уақыты қаншалықты үнемделгенімен, кәсіпкердің жұмысы қаншалықты жеңілдегенімен және өндірістегі қауіпсіздіктің артуымен өлшеуіміз қажет, – деді Айсұлу Сүлейменова.
Депутат цифрлық экономиканың игілігі ірі қалалармен ғана шектелмеуге тиіс екенін де атап өтті. Ауылдағы кәсіпкердің өз өнімін еліміздің өзге өңірлеріне өткізуі үшін сапалы интернет, қолжетімді төлем жүйесі мен тиімді логистика қажет.
Экономикалық өсімнің қос тірегі
Өндірістің өрісін кеңейтіп, экономиканың әлеуетін арттыру үшін қолайлы инвестициялық орта мен орнықты энергетикалық жүйе қажет. Бірі кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына жол ашса, екіншісі жаңа өндіріс орындарының үздіксіз жұмыс істеуіне негіз болады. Жиында сөз алған Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген экономикалық міндеттерді жүзеге асырудың негізгі тетіктерін таныстырды.

– Қолға алынған реформалардың түпкі мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз етумен қатар, халықтың нақты табысын арттыру. Осы бағытта 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған. Дегенмен, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін табысты ұлғайту ғана жеткіліксіз. Тұтыну бағаларының тұрақтылығын сақтау да айрықша маңызды. Сондықтан, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, инфляциялық қысымды төмендету, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру және негізсіз делдалдық тізбектерді қысқарту шаралары жүргізілмек. Экономиканы әртараптандыруда шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі де зор. Осыған байланысты орта бизнесті дамытудың арнайы жоспарын әзірлеу, кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейту және қолданыстағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері күн тәртібіне шықты. Микро және шағын кәсіпкерлікке қатысты үш жылдық мораторий тетігінің ықпалы да жан-жақты зерделенуде, – деді Ерлан Сағнаев.
Вице-министр мемлекеттік қолдау тетіктерін цифрландыру мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге арналған бірыңғай жеке кабинет – E-Gov Business платформасын қалыптастырып, мемлекеттік қызметтер мен қолдау шараларын бір жүйеге біріктіру жоспарланған. Сонымен бірге экономикалық үдерістерді болжау, түрлі сценарийлерді саралау және басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр.
Алайда, инвестиция тарту мен жаңа кәсіпорындар ашудың басты алғышартының бірі – сенімді энергиямен қамтамасыз ету. Өйткені электр қуаты жеткіліксіз жерде өндіріс өркендеп, жаңа технологиялардың игілігін толық пайдалану қиын. Осы мәселеге назар аударған Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жоспарларды таныстырды.
– Ел аумағында 254 энергетикалық нысан жұмыс істейді. Оның 178-і жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 27,1 гигаватты құраса, соның 13,7 гигаваты көмір генерациясының үлесінде. Энергия өндіру мен тұтыну арасындағы айырмашылық та назар аударарлық. Өткен жылы елімізде 112,1 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілген. Ал, тұтыну көлемі 115,6 млрд кВт·сағатқа жеткен. Яғни, ішкі өндіріс пен тұтыну арасындағы айырма 3,5 млрд кВт·сағатты құраған. Бұл көрсеткіштер жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосудың маңызын айқындай түседі. Жоспар бойынша 2029 жылдың соңына дейін жалпы, қуаты 13,3 гигаватт болатын жаңа энергетикалық нысандар пайдалануға берілуге тиіс. Оның 7,4 гигаваты дәстүрлі генерацияға, 5,9 гигаваты жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Жоспарланған жобалар жүзеге асқан жағдайда электр қуатының қолжетімді резерві артып, елдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік туады. Өнеркәсіптің дамуы, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуы және цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы электр энергиясына деген сұранысты арттырады. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа қуаттарды іске қосу және болашақ қажеттілікті алдын ала ескеру – бүгінгі күннің маңызды міндеттері, – деді Бақытжан Ильяс.
Осы бағытта көмір генерациясын жаңғырту, Екібастұздағы жаңа электр станциясын және Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы жылу-электр орталықтарын салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұған қоса, жасанды интеллект технологиялары мен деректерді өңдеу орталықтарының дамуына байланысты электр энергиясына түсетін қосымша жүктемені алдын ала есептеу қажеттігі атап өтілді.

Елді газдандыру жұмыстары да энергетикалық саясаттың маңызды бөлігі болып отыр. Вице-министрдің мәліметінше, табиғи газ тұтыну көлемі 2022 жылғы 19,3 млрд текше метрден 2025 жылы 21,6 млрд текше метрге дейін өскен. Ал газдандыру деңгейі 56 пайыздан 61,4 пайызға жетіп, көгілдір отынмен қамтылған халық саны 13,1 миллион адамды құраған. Алдағы міндеттер қатарында газ өңдеу көлемін ұлғайту, тасымалдау жүйесін жаңғырту және ресурстық базаны кеңейту бар.
Әлеуметтік әділет – нақты жауапкершілік
Экономикалық өсімнің игілігі ең алдымен, халықтың әл-ауқатынан көрініс табуға тиіс. Сондықтан, Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдауды шын мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселесіне айрықша мән берілген. Осы бағыттағы өзгерістерді тарқатқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оларды жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды.
– Мемлекеттік қолдау шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға жетуге тиіс. Біздің міндетіміз – әлеуметтік төлемдерді тағайындаумен ғана шектелмей, әр отбасының нақты жағдайын ескеретін, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін тиімді жүйе қалыптастыру. Осы мақсатта 30 ақпараттық жүйені біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған мобильді топтар тұрғындардың нақты тұрмыс жағдайын зерделеуге тартылған. Сондықтан әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейтіп, жаңа тәсілдердің нәтижелілігін пилоттық жобалар арқылы бағалау маңызды, – деді Бахтияр Жазықпаев.
Осы орайда әлеуметтік көмекті тағайындау өлшемдерін жетілдіру, азаматтардың материалдық жағдайын жан-жақты бағалау және цифрлық деректердің нақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Жаңа тәсілдерді кезең-кезеңімен енгізу арқылы мемлекеттік қолдаудың әділдігін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте әлеуметтік саясаттың тиімділігі бюджет қаражатын үнемдеумен ғана емес, көмекке мұқтаж азаматтардың мемлекет қамқорлығынан тыс қалмауымен де өлшенбек.
Жиында қозғалған мәселелерді қорытындылаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев республикалық ақпараттық-насихат тобының ұсыныстарын өңірде жүзеге асырудың нақты міндеттерін белгіледі. Аймақ басшысы Жолдауда айқындалған басымдықтар әрбір қала мен ауданның даму жоспарынан көрініс табуы қажеттігін атап өтті.
Осыған сәйкес, облыс әкімінің орынбасарларына, басқарма басшыларына және қала, аудан әкімдеріне Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жоспар-кестелер әзірлеу жүктелді. Әрбір құжатта атқарылатын іс-шаралар, олардың орындалу мерзімі, жауапты тұлғалар мен күтілетін нәтижелер нақты көрсетілуге тиіс. Жоспарлар облыстың экономика басқармасына ұсынылып, соның негізінде бірыңғай өңірлік іс-қимыл жоспары қалыптастырылмақ.

Әкім айрықша назар аударған міндеттің бірі – Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларының цифрлық негіздерін жасау. Бұл бағытта қалаларды дамыту жоспарларын әзірлеп, олардың Үкімет деңгейінде бекітілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Мұндай технологиялық шешімдер қалалық инфрақұрылымды жоспарлаудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға тиіс.
Сонымен қатар, өңір экономикасын әртараптандыру, геологиялық барлауға инвестиция тарту, құрылыс материалдарын өндіретін жаңа кәсіпорындар ашу мәселелері де назардан тыс қалмады. Әсіресе, ірі өнеркәсіп орындары мен шағын және орта бизнес арасындағы өндірістік байланысты нығайту, оффтейк-келісімшарттар арқылы жергілікті кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл өндірістік әлеуеті жоғары Қарағанды облысы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Ауыл шаруашылығын цифрландыру, су ресурстарын есепке алуға жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ, инфляцияны тежеу мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу де жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің қатарынан орын алды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz


