Қарағандыда экологиялық мәдениет бойынша облыстық семинар-тренинг өтуде
Қарағандыда балалар мен ересектерге экологиялық тәрбие беру, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған оқыту семинар-тренингі өтуде. Аталған семинарды облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған. Мұндағы егізгі мақсат – өңірде экологиялық ағарту жүйесін дамытып, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру. Әрі білім беру үдерісіне экологиялық тәрбие берудің заманауи, интерактивті әдістерін енгізу.

Семинарға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері, жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, әдіскерлер, экологиялық тәрбие және ағарту саласының мамандары қатысуда.

Олар тәжірибе алмасып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тәсілдерін өзара бөлісуде.
– Семинардың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың заманауи технологияларын меңгерту, интерактивті әдістерді тәжірибеде қолдану және өзара тәжірибе алмасу. Бүгінде бұл тақырыптың өзектілігі артып отыр. Өйткені, елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы кеңінен жүзеге асырылуда. Бұл бастама қоғамның барлық санатын қамтып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Өңірде осы бағытта жастар акциялары, экологиялық челлендждер, экоквесттер мен түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Үздік аула», «Үздік кіреберіс», «Үздік экобелсенді» және «Үздік экокоманда» конкурстары өткізілді. Бүгінгі семинарда да дәстүрлі дәрістерден гөрі қатысушыларды белсенді әрекетке жұмылдыратын әдістерге басымдық беріліп отыр. Практикалық ойындар мен шағын жобалар арқылы экологиялық мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік жасалған, – деді «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі басшысының орынбасары Мадина Салпенова.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың заманауи әдістерімен танысып, кәсіби тәжірибелерін ортаға салмақ. Одан бөлек, балалар мен ересектерге экологиялық тәрбие беруді ұйымдастырудың тиімді жолдарын қарастырып, практикалық ұсынымдар әзірлеуде.

Оқытудың интерактивті әдістерін қолдану, экологиялық ойлауды дамыту, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыру және өскелең ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



