Жаңалықтар

Пиццамейкерлер әскери қызметте де сүйікті істерін жалғастыруда

Әскер – тәртіп пен жауынгерлік машықты шыңдап, әр сарбаздың бойындағы қабілетін, өз талантын танытуға мүмкіндік беретін орта. Бұған ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген екі сарбаздың оқиғасы дәлел.

Суреттер Ұлттық  ұланнан

Астаналық Сұлтан Бажанов пен Петропавл қаласынан шақырылған Диас Жалмахин әскерге дейін танымал пицца желілерінде еңбек еткен. Азаматтық өмірде пицца дайындаудың қыр-сырын меңгерген қос жауынгер бұл тәжірибесін әскери қызметте де тиімді пайдаланып жүр.

Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жауынгерлік дайындық сабақтарына қатысатын сарбаздар бос уақыттарында өздерінің сүйікті ісіне де көңіл бөледі. Олар жеке бастамасымен қаруластарына түрлі пицца әзірлеп, әскери бөлімдегі күнделікті тіршілікке ерекше көңіл күй сыйлап келеді.

Сарбаздар дайындаған дәмді тағамдар жеке құрам арасында тез танымал болған. Бірі үшін бұл азаматтық өмірді еске түсіретін жағымды сәт болса, енді бірі үшін қаруластарымен еркін әңгімелесіп, ортақ дастарқан басында бас қосудың жақсы мүмкіндігі. Осылайша, қарапайым пицца сарбаздар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайтуға да үлес қосып отыр.

Сұлтан мен Диастың бұл бастамасы әскери өмірдің тек тәртіп пен жауапкершіліктен тұрмайтынын көрсетеді. Әскерде әр сарбаз өзінің бұрынғы тәжірибесін пайдаланып, қабілетін дамытып, оны айналасындағылармен бөлісе алады.

Өйткені әскери форма кию сүйікті ісіңнен қол үзу деген сөз емес. Керісінше, өз өнерің арқылы өзгелерге қуаныш сыйлау – ұжымдық рух пен сарбаздар арасындағы бауырластықты арттыратын игі бастамалардың бірі.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button