Қарағанды техникалық университеті Азияның үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына енді
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті халықаралық рейтингтегі көрсеткішін жақсартты. QS Asia University Rankings 2027 қорытындысы бойынша оқу орны 293-орынға тұрақтады. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда 10 сатыға көтеріліп, Азияның үздік 300 университетінің қатарына енді.

QS Quacquarelli Symonds халықаралық агенттігі жариялаған рейтингке биыл Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 жоғары оқу орны қатысты. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапурдың жетекші университеттері бар.

Қарағанды техникалық университеті өткен жылы 303-орында болған. Биыл оқу орнының жалпы көрсеткіші 40,7 балдан 44,3 балға дейін өсті. Бұл академиялық және ғылыми әлеуетті арттыру, білім сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Қазақстандық университеттер арасында да бәсекелестік жоғары. Рейтингке екі жыл қатарынан қатысқан еліміздің 44 жоғары оқу орнының 14-і ғана өз позициясын жақсартқан. Олардың қатарында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті де бар.
Жалпы ұлттық рейтингте университет Қазақстанның 51 жоғары оқу орны арасында 12-орынға жайғасты. Сонымен қатар Азияның үздік 300 университеті тізіміне енген қазақстандық 13 оқу орнының бірі атанды.
Университетте білім беру мен ғылымды өндіріс саласымен ұштастыруға басымдық берілген. Оқу орны инженерлік мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық әріптестікті кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындармен байланыс орнатып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға көңіл бөлінеді.
Айта кетейік, QS Asia University Rankings жоғары оқу орындарын академиялық бедел, жұмыс берушілердің бағасы, ғылыми жарияланымдар, дәйексөз көрсеткіші және халықаралық ынтымақтастықты қоса алғанда, 11 өлшем бойынша бағалайды.
Бұл нәтиже Қарағанды техникалық университетінің халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтып, инженерлік білім мен ғылымды дамытудағы әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



