БілімЖаңалықтар

Қарағандыдағы №2 арнайы мектеп-интернат 60 жылдығын атап өтті

Биыл Қарағандыдағы №2 арнайы мектеп-интернатының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай білім ордасында «Мектеп – 60 жыл: дәстүр мен болашақ» атты мерейтойлық фестиваль ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дархан Жиенбаев пен «Qamqor Plus» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев қатысып, мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтады.

Суреттерді түсірген автор

1966 жылы негізі қаланған мектеп алғашында полиомиелит салдарынан денсаулығында кінараты бар балаларға білім беруді мақсат еткен. Бүгінде 60 жылдық тарихында білім ордасы даму мен жаңғырудың бірнеше кезеңінен өтіп, бүгінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы білім беріп, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізетін және әлеуметтік қолдау көрсететін заманауи білім беру ұйымына айналды.

– Көп жылдар бойы мектеп-интернат Қарағанды облысындағы арнайы білім беру саласының дамуына елеулі үлесін қосып, түзету аппараты бұзылған балалардың білім алуына, тәрбиеленуіне және жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді. Сіздердің еңбектеріңіз, еңбектеріңіздің маңызды бағыты – балалардың қабілеттерін дамытуға, дербестігін қалыптастыруға және қоғамға бейімделуіне ықпал ететін түзету дамыту жұмыстарын жүргізу. Бұл жоғары кәсіби шеберлікті, сабырлықты, мейірімділік пен әр балаға деген шынайы жанашырлықты талап ететін жауапты еңбек. Тәрбиеленушілеріміздің әрбір жетістігі – күнделікті еңбектеріңіздің жеңісі. Мектеп-интернаттың мерейлі тарихы мен қалыптасқан дәстүрлері алдағы уақытта да жалғасын тауып, шәкірттеріңіздің жетістіктері арта берсін, – деп Дархан Сәулеханұлы ізгі тілегін білдіріп, облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаевтың құттықтауын жеткізді.

Сонымен қатар, білім беру саласын дамытуға және өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар педагог облыстық білім басқармасы басшысының «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталды.

Фестиваль аясында мектептің бай тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстыратын бірқатар көрме ұйымдастырылды. Қонақтар «Білім мен мейірім мекені» фотогалереясы мен «Ата-анаға қолдау – балаға қамқорлық» фотокөрмесін тамашалап, педагогтердің озық тәжірибесін танытатын әдістемелік құралдармен, білім алушылардың шығармашылық туындылары және қолданбалы қолөнер жұмыстарымен танысты. Әрі қонақтарға мектеп тәрбиеленушілері әзірлеген макеттер мен «Силуэт» көлеңке театрының экспозициясы ұсынылды. Бұдан бөлек, мамандар логопедиялық, сенсорлық және нейрокоррекциялық бағыттардағы жұмыстарды, бейімделген дене шынықтыру мен оңалту сабақтарын көрсетті. Интерактивті және тәжірибелік әдістер арқылы мектепте білім алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың дамуына, әлеуетін ашуға және қоғамға бейімделуіне бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізілетіні таныстырылды.

– Алдымызда білім ордасын дамытудың маңызды бағыттары тұр. Атап айтқанда, түзету-дамыту ортасын одан әрі жетілдіру, психологиялық-педагогикалық қолдауды кеңейту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, функционалдық сауаттылық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру көзделген. Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру, кәсіпалды даярлық пен практикалық оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жұмыстардың барлығы түлектердің өз бетінше өмір сүру дағдыларын қалыптастырып, әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік жасауға бағытталған. Перспективалы бағыттардың бірі – экологиялық білім беруді дамыту. Қазіргі уақытта экостанция аумағында зерттеу және тәжірибелік жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, мектеп ауласында экологиялық орталық ашылды. Бұған қоса, экомузей жұмыс істейді. Алдағы уақытта тігін шеберханасының негізінде шығармашылық кеңістік құру жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды міндет – отбасылармен, білім беру ұйымдарымен, жұмыс берушілермен және әлеуметтік қызметтермен серіктестікті нығайтып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, – деді №2 арнайы мектеп-интернатының директоры Эльмира Амандықова.

Фестивальдің практикалық бөлімінде мектеп педагогтері кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы білім берудің тиімді әдіс-тәсілдерін таныстырды. Қыш өнері, сенсорлық интеграция, нейрокоррекция, сенсомоторлық дамыту, бейімделген дене шынықтыру, оңалту және шығармашылық бағыттар бойынша шеберлік сыныптары мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Аталған жұмыстардың барлығы білім алушылардың жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, олардың танымдық қабілеттерін жетілдіруге, қимыл-қозғалыс дағдыларын дамытуға, қарым-қатынас орнату мүмкіндіктерін кеңейтуге және шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button