Бас тақырыпМәселе

АРТЫҚ салмақ – АРТЫҚ жүк

Қазақстанда 5 жасқа дейінгі әрбір оныншы, 9 жасқа дейінгі әрбір бесінші балада артық салмақ бар. Бұл – қазақстандық балалардың 21,5%-ы cеміздіктен зардап шегеді деген сөз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ жүргізген зерттеуінің нәтижесі осындай. Қарапайым құлаққа семіздік деген қауіпті естілмегенімен, дәрігерлер бұл әлеуметтік мәселеге айналып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Тіпті, аталған ұйымның мәліметіне сенсек, 2025 жылға қарай әлем бойынша 70 миллион бала семіздікке шалдығуы мүмкін екен.

Семіздіктің себебі қайда?

Юнисеф Балалар қорының бұл мәселені жіті зерттеп, алаңдағаны бекер емес екен. Себебі, ол Қазақстанды ғана емес, әлемнің көптеген елдерінің басын ауыртқан мәселе. Біздің елде балалар арасындағы артық салмақтың артып келе жатқаны 5 жыл бұрын айтыла бастады. Дегенмен, содан бері жағдай жақсарған жоқ. Бұл дертке ұшырайтындар жыл санап жасарып келеді. Оның басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Сол ЮНИСЕФ-тің зерттеулерінде 2 жасқа дейінгі балалардың 21%-ы көкөніс пен жемісті жеткілікті деңгейде жемейтіні көрсетілген. Мектеп жасындағы балалар қант қосылған сусындарды үнемі пайдаланады, жартысына жуығы – апта сайын ішетін көрінеді. Бұл зерттеулерсіз-ақ күнделікті көріп жүргеніміз емес пе? Қайда барсаң CocaCola-ға құмар балаларды байқау қиын емес. Денсаулыққа зиян екенін біле тұра, өзіміз сатып алып беретінімізді қайтесіз?! Тәтті сусындарға деген құмарлық қайдан шығады деп таң қалудың қажеті жоқ. Құмар қылатын құрамынан бөлек, олардың қолжетімділігі әсер етеді. Балалар майға қуырылған, тұзды тағамдар мен газды сусындардың жарнамасын көп көреді. Мәселенің әлеуметтік сипат алуының себебі де осында.

Жарнама – психологиялық құрал

Әр үйдегі теледидардан берілетін жарнаманың үшіншісі тамақ өнімдері мен сусындар жайлы екенін тағы да сол дүниежүзілік ұйымның зерттеуі көрсетіп беріпті. Оның өзінде, сол жарнамалаған дүниенің 20%-ы ғана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді екен. Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары отандық алты арнаның контентін тексерген. Мәліметке сәйкес, 10 мың жарнама ролигінің 32%-ы фаст фуд пен газды сусындарды жарнамалайды. Әлбетте, теледидарда бәрі тәбетіңді ашатындай қызықты, әдемі. Орта есеппен 8-10 жастағы балалардың 25,7 пайызы теледидар алдында 2 сағатын кетіреді десек, бұл олардың күн сайын тамақ туралы 13 жарнамасын немесе жылына 4 700 ролик көретінін білдіреді.

Жалпы, өзі баламен бір жерге бара қалсаңыз, фаст фуд ұсынатын дүңгіршек, дәмхана тізіліп тұрады. Бұл – бизнес.

Қолдаусыз ұсыныс

Екі-үш ай бұрын елдің Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарға 7%-дық акциз енгізуді ұсынды. Кейін, 2025 жылға қарай 45%-ға арттыру көзделді. Қазақстандық өндірушілердің өре түрегелгені анық. Коммерциялық зерттеулер институтының деректерінше, 20%-дық акциздің өзі өндірісті 26%-ға төмендетеді. Осы саладағы кәсіпорындардың банкрот болып, 12 мың адамның жұмыссыз қалуына алып келуі мүмкін. Алкогольдік емес сусындар мен шырындар өндірушілердің ассоциациясы бұдан ешкім ұтпайды дейді.

Қазақстан бойынша бұл салада 431 компания жұмыс істейді. Оның 14% – өндірушілер болса, қалғаны дистрибьюторлар. Көбісі шағын бизнес өкілдері. Тіпті, біздің өнімдер болмағанымен, оның орнын Кеден одағы елдерінен келетіндері толтырады, – дейді ассоциация жетекшісі Әлия Мамытбаева.

Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол – балаларға дұрыс тамақтануды үйрету, өзіміз де үйренуіміз қажет сияқты. Себебі, бұл ұсыныс қолдау тапса да, таппаса да семіздік мәселесінің бар екені анық. Және оның жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, жүріп-тұрудың қиындауы сияқты ауруларға алып келетіні рас.

Мамандар ескертеді

Дәрігердің айтуынша, бұрын семіздікке 40 жастан асқандар мен бірнеше бала босанғандар шалдықса, бүгінде бұл дерт көбіне 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдерде кездеседі.

Медицинада семіздікті метаболикалық синдром деп атайды, – дейді №5 емхананың учаскелік дәрігері Ләйла Ақболат. – Ол өте қауіпті. Метаболикалық синдромға шалдыққан адамның ағзасында метаболикалық, гормонды және клиникалық зақымданулар байқалады.

Бұдан бөлек, артық салмағы бар балада психологиялық комплекс пайда болуы ғажап емес. Бұл ретте мектеп психологтары салауатты өмір салтын ұстануға үйрету қажеттілігін баса айтады.

Мектеп оқушылары арасында түрлі деңгейдегі буллингтер жиі кездеседі. Артық салмақ соның бір себебіне айналуы мүмкін. Ондай балалар қатарластарынан қысылып, өзін кем санауы психологиялық әсер етеді. Ата-аналар балаға көңіл бөліп, денсаулығын жан-жақты тексертуі тиіс. Себебі, артық салмақ астан ғана пайда болмайды. Басты мәселе, ашығу емес, артық салмақтың пайда болу себебін анықтау, – дейді С.Саттаров атындағы мектеп-лицейдің психологы Сымбат Ильяшова.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ұсынған дерегі бойынша, әлемде жыл сайын 2,8 миллион адам артық салмақ немесе семіздіктен қайтыс болады екен. Орталық Азия мен Еуропа елдерінде 5 жасқа дейінгі балалар арасында семіздік қарқынды өсіп келеді. Енді он жылда 5-19 жас аралығында артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдер 536 906-ға жетеді деген болжам айтылды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button