Қарт майдангер – Қантекең

        Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері Қантай ЖҮСІПБЕКҰЛЫ тірі болса, 100-ге толар еді.

Қантекең 1916 жылы Байғұл өңірінде дүниеге келіпті. Өз тұстастары секілді ол кісі де балалық шағында басынан қиын-қыстау күндерді өткерді. Небары 2 жасында анасынан айрылып, туысқандарының қолында өсті. 15 жасында әкесі дүниеден озды. Сөйтіп, бұғанасы бекіп, буыны қатпай, еңбекке ерте араласты.

1936 жылы Тимирязев ауыл шаруашылық академиясының Алматыдағы филиалына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітірді. 1939 жылы Ақмола облысы, Есіл ауданының совхоз тресінде аға зоотехник болып қызмет атқара бастаған Қантекең 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Сталинград фронтында жүргенде, 6 айлық оқуға жіберіліп, оны үздік бітіріп, лейтенант шенін алып шығады. Сол бойда Ростов-Дон маңындағы соғысқа кірді. Атқыштар дивизиясында взводта болды. Сөйтіп жүріп, қан майданда бірнеше рет жарақат алды. «Донды алғаны үшін» медалімен марапатталып, аға лейтенант шені берілді. 1943 жылы қыркүйек айында Сталинград маңында қолынан ауыр жарақат алып, госпиталда бірнеше рет емделіп, әскерге жарамсыз болған соң елге оралды. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығында, партия жұмыстарында қызмет етті. 30 разьезде басшы, аудандық атқару комитетінде орынбасар, Қантекеңнің іскерлігінің арқасында Жеңіс колхозы «миллионер» атанды. Ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, жеке меншікке «Победа» автокөлігін сыйға тартты. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ВСХВ алтын медалін өңіріне тақты. Қантекең – ардагер ғана емес, ауылдарды, ауданның әлеуметтік, экономикалық мәдениетін көтеруге үлес қосқан майдангер. Айта берсе, колхоз, совхоздарда атқарған игі істері жетерлік. Бір ғана мысал, мал санағына тексеріс келгенде, қой, сиыр, жылқы болсын, бір-ақ рет санайтын. Табындағы малдың жасын, жалпы санын тура айтатын. Күмәнданғандар қайта санап, малдың тісін қарап барып, қарт майдангердің топшылауына еріксіз иланатын.

Менмендігі, өзімшілдігі жоқ, өзінен гөрі өзгені көп ойлайтын өнегелі ақсақал тіршілігінде ешкімге оғаш мінез көрсетпей, кеңселерге барып ешқандай көмек сұрамаған қалпы 80 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Тірі болса, биыл 100-ге келер еді. Осыған орай, жас ұрпаққа үлгі ретінде жиын өткізсе? Аудан орталығындағы бір көшені ардагердің атына берсе, құба-құп болар еді.

Байдәулет МЫРЗАШҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.