Ардагерлер клубы ашылды
Жуырда Теміртау Мәдениет сарайының жанынан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қарттарым – асыл қазынам» ардагерлер клубы ашылды. Онда аға буын өкілдері үшін барлық жағдай жасалған. Қариялардың түрлі шаралар өткізуі үшін осы жылға 1 млн. теңгеден аса қаражат қарастырылған.
Ардагерлер клубының ашылу салтанатына қатысқан «Рухани жаңғыру» аймақтық кеңсе мененджері Гүлжан Социалқызы, Теміртау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев, «Қарттарым – асыл қазынам» Ардагерлер клубының төрағасы Зура Едіге қарияларға жылы лебізін білдірді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер көтеріліп отыр. Президент адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Осы орайда айтарым, көрген-білгені көп, өмір тәжірибесінен жас буынға тәрбие беретін қазыналы қарттар ел ішінде аз емес. Бүгінде көнекөз қариялардың бас қосатын орны – жергілікті ардагерлер клубы екендігі белгілі. Бұл клубтың өскелең ұрпақ үшін берері көп болады, – деді Гүлжан Социалқызы.
Сонымен қатар, Теміртау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев:
– Зейнеткерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік жасап, клубтың ашылуына қаржылай қолдау көрсеткендерге алғыс білдіремін. Бұл клубтың негізі осыдан үш жыл бұрын қаланды. Бұған дейін қариялар өз қалтамыздан қаражат шығарып, шахмат, дойбы ойнап, өзара пікір алмасатын шаралар ұйымдастырып келдік. Ардагерлер клубының алдына мақсат етіп қойған жоспарлары бар. Жоспарды жүзеге асыруға күш саламыз, – деді.
Жергілікті биліктің қолдаумен жүзеге асқан бұл шараға ақсақалдар дән риза. Келешекте «Қарттарым – асыл қазынам» ардагерлер клубы жастармен жиі байланыста болатындығын атап өтті.
– Елдің бірлігі мен ынтымағын ойлаған, келешекке өшпес өнеге қалдыруды мақсат тұтқан аға буынның өнегелі істері жетерлік. Қаламызда өнерлі ардагерлер өте көп. Облыстық деңгейде түрлі сайыстарда топ жарып жүргендері де кездеседі. Бірі – әнімен, бірі қолөнерімен жалпақ жұртқа жақсы таныс. Алдағы күндерде ән мен жырдан бөлек, ұлттық өнерді сақтап, оны дамыту жолында еңбек етіп жүрген шебер ардагерлерді аталмыш клубқа жинаймыз. Осылайша, өскелең ұрпаққа ұлтымыздың қасиетті құндылықтарын сақтауға және еңбекке баулуды мақсат етіп отырмыз. Болашақта ардагерлер арасында спорт түрлерін дамытуды да қолға алмақпыз. Оның ішінде, үлкендер арасында кенжелеп қалған ұлттық ойындарымызды дамыту ойымызда бар. Әзірге, клубта 80 ардагер бар. Белсенді қариялардың қатары көбейетіндігіне сенімдімін, – дейді «Қарттарым – асыл қазынам» ардагерлер клубының төрағасы Зура Елеусізқызы.
Сондай-ақ, осы күні «Гюзель», «Грация», «Арабески» ансамбльдері мен әнші Иван Самойнов өнерлерін ортаға салды.
Қариялар өз кезегінде ардагерлердің еңбектері мен ерліктері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін тілге тиек етіп, өскелең ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиені қалыптастыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Нұрдос КӘРІМ
Теміртау қаласы.