Теміржолшылар күніне орай Сарышаған кентіне Ақтоғай ауданының әкімі А.Аманжолов арнайы келіп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бірқатар қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты марапаттау рәсімінде аудан әкімі теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың еліміздің көлік-логистика саласының тұрақты дамуына, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі мен үздіксіз қамтамасыз етілуіне қосып жүрген зор үлесін ерекше атап өтті.

Өз сөзінде аудан басшысы теміржол саласы ел экономикасының стратегиялық маңызды бағыттарының бірі екенін айтып, еңбек адамын әрдайым қолдау мен құрметтеу мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ сала ардагерлері мен қызметкерлеріне адал еңбектері үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, отбасыларына амандық және еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Мерекелік жиын барысында теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



