Сарышаған кентінде Теміржолшылар күні кең көлемде аталып өтті
Сарышаған кентінде Теміржолшылар күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, Теміржолшылар саябағы мен теміржолшыларға арналған монументтің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл маңызды шараға Ақтоғай ауданының әкімі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері, қызметкерлері және кент тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, теміржол саласының ел экономикасы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне ерекше тоқталды. Өз сөзінде Сарышаған кентінің тарихы мен қалыптасуы теміржол саласымен тығыз байланысты екенін атап өтіп, бүгінгі ашылған монументтің еңбек адамына көрсетілген құрметтің, ал Теміржолшылар саябағының ел игілігіне арналған маңызды әлеуметтік нысан екенін жеткізді.

Аудан басшысы жаңа саябақтың тұрғындардың демалыс орны ғана емес, жастардың тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін мәдени-рухани кеңістікке айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ бұл игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар мен демеушілерге алғыс айтып, олардың туған жердің көркеюіне қосқан еңбегін жоғары бағалады.
Іс-шара барысында теміржол саласының дамуына және өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің, Сарышаған кенті әкімінің және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.

Мерекелік жиын аясында теміржол саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ауданның Құрметті азаматтарына арналған естелік тақтайшалардың ашылу рәсімі өткізіліп, монументтің лентасы салтанатты түрде қиылды.
Концерттік бағдарламада Ақтоғай ауданының «Толқындастар» эстрадалық ансамблі мен Жамбыл облысынан келген «ВИО РЕТРО» ансамблі өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік шара соңында құрметті қонақтарға арнайы дастарқан жайылып, сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Теміржолшылар күніне арналған бұл тағылымды шара еңбек адамын ұлықтап, теміржолшылардың қажырлы еңбегіне құрмет білдірумен қатар, жас ұрпаққа ел дамуына үлес қосқан аға буынның өнегелі жолын насихаттауға бағытталған маңызды іс-шара болды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



