Жаңалықтар

Талап тәртіпке шақырады

Жол үстіндегі бір сәттік асығыстық кейде орны толмас өкінішке, тұтас бір отбасының қайғысына айналып жатады. Бағдаршамның қызыл түсін елемеу, темір тұлпардың жылдамдығын шамадан тыс асыру – сырт көзге қарапайым ғана ереже бұзушылық көрінгенімен, мұның сыртында адам өмірі тұр. Сондықтан, жол қозғалысының қағидалары – құрғақ әкімшілік талап емес, жүргізуші мен жаяу жүргіншінің амандығын қорғайтын ортақ тәртіптің темірқазығы.

Сурет pkzsk.info

Сандар һәм салғырттық

Аймақтағы ахуал расымен де алаңдатарлық. Жыл басынан бері қала аумағында 134 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, сегіз адамның өмірі қиылды. Тағы 154 тұрғын түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға түскен.

Мемлекет басшысы қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ұстаным тас жолдағы тіршілікке де тікелей қатысты. Өйткені, заңға бағыну – ең алдымен, көлік тізгініндегі және көшедегі мәдениеттен басталады. Жолдағы жауапкершілік тек айыппұлдан қорқумен шектелмеуі тиіс. Оның түпкі мәні – өзіңнің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеу.

Қарағанды қалалық полиция басқармасының мәліметінше, шаһардағы апаттардың басым бөлігі – көліктердің өзара соқтығысуы. Одан бөлек, қиылыстар мен арнайы өткелдерде жаяу жүргіншілерге жол бермеу мәселесі де ушығып тұр. Тек осы себептің өзінен 55 апат тіркелген.

– Апаттардың көбеюіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның ішінде, жүргізушілердің жылдамдықты асыруы және қаладағы көлік санының күрт өсуі айқын байқалады. Кезінде қала көшелері жобаланғанда, көлік ағыны дәл қазіргідей деңгейге жетеді деп ешкім болжамаған еді. Соның салдарынан кейбір көшелерде кептеліс туындап, қауіпті учаскелер көбейді. Тар жол, күрделі бұрылыс, қозғалыстың дұрыс ұйымдастырылмауы – мұның бәрі жүргізушінің бір сәттік қателігін ауыр апатқа айналдыруы мүмкін. Сондықтан, біз қала көшелеріндегі жағдайды тұрақты зерделеп, кемшіліктерді жою үшін жергілікті билікке ұсыныстар беріп отырамыз, – дейді қалалық полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Маурат Уахитов.

Кептелісті, қауіпті не сейілтеді?

Бүгінде жол-техникалық инспекциясы қаладағы 234 бағдаршам мен 13 мыңнан астам жол белгісінің жай-күйін жіті назарда ұстап отыр. Жол қозғалысын қауіпсіз ету үшін апат жиі болатын тұстарға арнайы топографиялық талдау жүргізіледі. Соның нәтижесімен жолды кеңейту, қосымша жолақтар қосу, бұрылыс тармақтарын ашу, жасанды кедергілер мен шу жолақтарын орнату сияқты инженерлік шешімдер қабылданады.

Мәселен, Тәттімбет көшесі мен Шахтерлер даңғылының қиылысы ұзақ уақыт бойы проблемалы нүктелердің бірі болды. Көліктер маневр жасағанда соқтығысып қала беретін. Осыны ескере келе, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қиылысты кеңейтіп, оңға бұрылатын арнайы тармақтар ашылды. Маурат Уахитовтың айтуынша, бұл жұмыстар бірден нәтиже берген – қазір кептеліс те, апат та саябырсыды.
Дәл осындай алдын алу шаралары Ключевая мен Четская көшелерінің қиылысында да іске асты. Апат көбейген соң бұл тұсқа жасанды кедергілер, шу жолақтары мен қозғалысты реттейтін қосымша құралдар қойылды. Алдағы уақытта Университет көшесі мен Шахтерлер даңғылының қиылысын да қайта жаңғырту жоспарланды. 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында бұл қиылыс кеңейтіліп, қауіпсіздік деңгейі артпақ.

Ключевая мен Четская көшелері арқылы күн сайын жұмысқа қатынайтын қала тұрғыны Мақсат Ахметжанов та кейінгі оң өзгерістерді байқапты.

– Күнделікті күйбең тірліктің қарбаласымен асығып жүріп, қауіпсіздікті ұмытып кететініміз рас. Қазір бейнебақылау камералары мен авторадарлар қателігімізді бірден тіркеп, айыппұл салады. Бұған кейде ренжіп жатамыз. Бірақ, ойлап қарасақ, мұның бәрі өзіміздің амандығымыз үшін жасалуда. Бір-екі рет айыппұл төлеген соң сабақ алып, тасжолда асықпай жүруді үйренесің. Асығыстық ешкімді ұшпаққа шығармайды. Қазір осы қиылыста жылдамдықты тежейтін құралдардың қойылғаны қуантады, бұл жүргізушілерді тәртіпке шақырады, – дейді ол.

Камера қалта қағу үшін емес

Бүгінде жол сақшыларына цифрлық технологиялар да демеу. 62 «Megacam Limit S» және 12 «ARGUS Пешеход» кешені тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бұл «қырағы көздер» жол ережесін бұзу фактілерін тіркеп қана қоймай, апатты аймақтардағы жағдайды тұрақтандыру үшін қойылған.

Талдау нәтижесімен биыл бірқатар камералар апат жиілейтін жаңа нүктелерге көшірілді. «Megacam Limit S» құрылғылары Карл Маркс көшесі мен Шахтерский ықшам ауданының қиылысына, Магнитогорская мен Щорс көшелеріне және Бұқар жырау даңғылына ауыстырылды. Ал, «ARGUS Пешеход» кешендері Архитектурная, Майлин көшелеріне, 16-шағын ауданға және «Таир» сауда үйінің маңына орнатылды. М14 автожолы бойындағы «Nomad» спорт кешені маңына да жаңа жүйе қойылды.

Осы айда Жауынгер-интернационалистер көшесінде, саябақ кіреберісінде интеллектуалды жаяу жүргіншілер кешені іске қосылды. Ол құқық бұзушыны бет-әлпетінен танып, қызыл жарықтан өткендерді дереу тіркейді. Дегенмен, камераның басты мақсаты – қалта қағу емес, мінез-құлықты өзгерту, тәртіпке шақыратын алдын алу тетігі болу.

Құқық бұзушылықтардың жолын кесу де назардан тыс қалған жоқ. Жарты жыл ішінде патрульдік полиция 45 мыңнан астам әкімшілік іс қозғап, екі мыңға жуық көлікті айып тұрағына жапты. Әсіресе, мас күйінде рөлге отырған 300-ге жуық жүргізуші ұсталып, қарсы жолаққа шыққандар мен жаяу жүргіншіге жол бермегендер қатаң жазаланды.

Жолдың сапасы да – қауіпсіздіктің басты шарты. Өткен жылы шаһарда 800 жол белгісі орнатылып, 32 жаңа бағдаршам (оның 19-ы мектептер маңында) іске қосылды. Кептелісті азайту үшін Бөкетов – Мұқанов, Сарыарқа – Шахтерлер, Бұқар жырау – Космонавтар – Гоголь қиылыстарында арнайы жол тармақтары (гармошкалар) салынды. Жаз шыға Тәттімбет, Шахтерлер, Республика, Сарыарқа, Қазақстан, Степная, Ерубаев, Бирюзов сынды оннан астам орталық және қосалқы көшелерде жөндеу жұмыстары қарқын алды.

Айыппұлдан емес, апаттан сақтанайық

Жол бойындағы әрбір белгі, қағылған әрбір бағана, жаңарған әрбір қиылыс – ең алдымен, адам өмірінің күзетшісі. Бірақ қауіпсіздік, тек темір-терсекпен, смарт-камералармен ғана орнамайды. Жүргізуші темір тұлпардың жылдамдығын тізгіндесе, жаяу жүргінші тек рұқсат етілген өткелден өтсе ғана діттеген мақсатқа жетеміз.

Жолдағы тәртіпті тек айыппұлдан қорқу деп ұғынбау керек. Бұл – өзіңнің ғана емес, өзгенің өмірі, бөгденің тағдыры алдындағы азаматтық жауапкершілік. «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты көрінісі де осы. Өйткені, жол қауіпсіздігі жазылған хаттамамен немесе бағанадағы камера санымен емес, аман қалған адам өмірімен, бүтін сақталған отбасының бақытымен өлшенеді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button