Жаңалықтар

Қарағандыда қоқыс өңдеу зауыты ашылады

Қарағанды облысында 2020-шы жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін екі зауыт салынады. Бұл мақсаттарға 10,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Қарағандыда зауыт «ГорКомТранс» ЖШС бастамасы бойынша 2019-шы жылы салына бастайды. Жоба құны – 2 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 30 мың тонна қалдықтарды өңдеп, 15 МВатт электр қуатын өндіреді деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Кеңгір кентінде қоқыстарды өңдейтін биоэлектр станциясы пайда болады. «Kaz Green Energy» ЖШС құрылысқа 8,2 млрд теңге салуды көздеп отыр. Жылына бұл зауыт 100 тоннаға дейін қатты қалдықтарды қайта өңдейтін болады. Қазіргі таңда Еуропа мен Түркияда осындай биоэлектрстанциялары бар инвестор – «Э-Грин» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Бұған қоса, Көкпекті ауылында 2020-шы жылы «Жан-Ару» ЖШС бастамасымен қоқысты іріктеу бекеті салынады. Инвестор 130 млн теңге бөлген. Іріктеу бекетінің жобалық қуаттылығы – бір жылда 100 мың тонна.
– Облыста Елбасының тапсырмасы бойынша «Шағын және орта бизнес нысандарын кең ауқымда жұмылдыра отырып, ҚТҚ қазіргі заманғы тәсілдермен жою және қайта өңдеу бойынша шаралар кешені» құрылған. Бұл жоспардың ішінде бес блок бар, оның ішінде полигондар салу, тұрғындарды қалдықтарды сұрыптап лақтыруға үгіттеу және инвесторларды қоқыс өңдеу зауыттарын салуға жұмылдыру да бар, – деді Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жетекшісі Руслан Түлепбаев.
Қарағанды және Теміртауда қоқыстарды іріктеп, жоюмен айналысатын, жәнеде ол қалдықтардан кәріздік, пластик қақпақтар жасайтын «ТТК» ЖШС қосымша контейнерлер сатып алуды жоспарлап отыр. Олар қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеп салуға арналатын болады.
Қарағанды облысында ҚТҚ арналған 202 полигон бар. Өндірістік, қауіпті және медициналық қалдықтарды өңдеумен 10 кәсіпорын айналысады. Тұрмыстық қалдықтарды іріктеу және қайта өңдеумен үш кәсіпорын шұғылданады: «ГорКомТранс», «Ресайклинг» және «ТТК».
2018-ші жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша облыстағы ҚТҚ қайта өңдеу үлесі 13,8%-ға жеткен. Өткен жылдың осындай мерзімінде индикатор 10% құраған, ал республика бойынша көрсеткіш 10,5%-ға тең.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button