Бас тақырып

Арғымақтың атылуы – Ақанның аһ ұруы

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті театр сыншысы, сөз зергері Әшірбек СЫҒАЙ атындағы республикалық театрлар фестивалі өткен еді. Бүтін қазақ руханияты Арқа төсінде бас қосып, Қарағанды мәдениетінің қазаны бір апта ошақтан түспестен бұрқылдай қайнады. Тойда топ жармаққа үкілеген небір сәйгүлік театрлар жер тарпысып, аспанға шапшып тұрды. Өңшең бәйге алған бауыры жазық күліктер бірінен-бірі өтеді. Еліміздің әр өңірінен 15 театр бақ сынасқан бұл сында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының болмысы бөлек, сыры терең, айтары астарлы көрінді. Көптің арасынан «Құлагер» деп көзге іліккен театрдың бапкері режиссер Фархад МОЛДАҒАЛИ кешегі Ақан сынды. Ал, есті екеу, түсті төртеу еткен театрлар бәйгесіндегі Құлагердің шабысына бірге куә болайық, оқырман…

Қу басқа уанған – пері Ақан

Көрермен қарасы жиналып қалған түгел.  Ине шаншар жер жоқ. Орын тапшы болған соң алакөлеңкеде жоғарыдан бос орынға ұмтыла барып отырдым. Тым-тырыс. Сахна пердесі түрілер-түрілмес, желдің еміс ұлуы құлаққа жағып барады. Мынау жалғаннан безініп, жан біткеннен жиреніп, Оқжетпестің бауырына біткен бір шоқ қайың түбінде сақал шашы бозарып, қу бас күзеткен қара шал қимылсыз отыр. Қолындағы таяғына сүйенген қарт әлденені еске алып, желмен селдірей көзге түскен шаш сақалына ие бола алмай мазасыздана ма, жоқ әлде, құрт кеміріп күн қаққан қу бастың ішінде жатқан жан жарасына нали ма, әйтеуір, бір Құдайға аян. Жапан түзде жалғыз сырласы қызыл қайыңға ілінген жылқының қу басы. Арамдық пен залымдыққа жаны қастасып пері күйін кешкен пенде, сері күйін еске алып ой сенделісімен әлек. Шөлдегі су алған шыңыраудай екі көзі шүңірейіп, қалың ақ шаштың арасында мойны қылқиып, терісі еттен ажырап, бет сүйегі бұлтиып, мұрты суланып, жанары буланған бұл кәрі шалдың бір кездегі әні пұлды, сөзі құнды боз бура Ақан сері екенін кім білсін?! Бұл күнде тасқа шөгіп, қасиет қашып, қасірет құшқан Ақанның да айналамен шаруасы жоқ. Терең ой, әттеген-аймен тағдыр тезінен естелік терген  күйі. Ерейменді мекен еткен кешегі Керейдің Сағынайының асында Арқа пырағы кер құла аттың көк өзекке құлдырай құлағаны келеді көз алдына…

Көкше күлігінің көптің көзіне түсуі

Алғашында «Құлагер» деп хабарлай жамырасқанда, сахнада жылқы күткен жалғыз мен емес болсам керек. Жылқыны сахнаға адам ойнап шығады және сомдағаны таңдай қақтырады деген көрерменнің ойына һәм менің де ойыма үш ұйықтасам кірмес еді. Дәл осы көріністе Құлагерді ойнаған актер Мақсат Сәбитовтің шеберлігі тек тамсандырудан тұрды.

Жалаңаш денесі жалт-жұлт етіп, омырауынан кере тартқан қара таспа өмілдірік шығырына шимайлай байлаған шылбырынан Құлагерді жетектеп Ақан шықты. Ақанды құдасындай күткен қыз-келіншек, қызық құмар бозбала жігіттер жарыла орта ашып, серіге тамсана қарасып, жамырай амандасып жатты. Кербезбасып, керіле кірген Ақанның бар ойы жетегіндегі қалғи ерген құла атта. Атағы тау асып, шөл тірілткен нағыз Сұр жебені көруге келгендер, кермеде қалғып тұрған кер құла атқа түрлі пікір айтып, тілдерін кезеп бастағандары сол еді, сері зәрлі үнмен «маңайынан баспаңдар» деп айғай салды.

Араға алты қонып, арындай келген Ақанды емес, атына қанық, бәйгесіне бақталас болып жүрген Құлагерді көрмекке ақ үйдің есігінен жібек шапан желбегей жамылып Алтайдан Бегайдардың Батырашының асығыс шыққан беті екен.

Түсіне кіріп, түн тынышын, күн тынысын алған жүйрікті Жексенбайды жіберіп қанша сатылап сұрап еді. Сұрауына Ақан сері иілікпеген. «Тең бе екен ақша пұлың жүйрікпенен?!» Батыраштың көкірегінде сонан бері қызғаныш кегі қалған. Бара атқа тарпа бас салып назар салмады. Алыстан көзін төңкере қарап, іштей тамсанып-ақ тұр.

Әлден уақытта кісінеген дыбысқа Құлагер қос құлағын тіге қарады. Сағынай өлгелі астың алдын алып, бес жыл бәйге бермей жүрген Батыраш баптаған Көктұйғын бұл. Ойпырмай, ортекеше ойқастай келе берді. Мойын иіп аққудайын, дерсің мұны биші қайың, құйрық тігіп ширығады, жарыс десең ат тұр дайын. Құлагердің қарсы алдына шыға берді Көктұйғын ат. Иіскеседі арқырасып, шапсысады шабыт тасып, көз атысып тіреседі бірін-бірі мысы басып. Бірі – жер, ал, бірі – Көк. Қос тұлпарың асқа көрік. Жер тарпыған тұяқ дыбысы сақ-сұқ құлаққа жағып, арқаңды оятып, шабытыңды шақырады-ау, шіркін! Көріністің көркі, қойылымның шарықтау шегі дерсің…

Ел аяғы тарқап, ас қызығы отауда ән-жырмен өрілген сәт. Азан-қазан у да шу. Ойын-сауық тыйылып, ел көзі ұйқыға кеткенде Батыраш әлі басымен қайғы болып отыр. Бұл-дағы бала жастан атқұмар жан, атырған күлік қақтап ақ ала таң. Арқаның Құлагері ажал болып, Көк атқа кетер ме екен соқтырып сан. Батыраш ұйқы көрмей аласұрды. Тұрды да көмбеде тұрған Құлагерге тағы барды. Кермеде артқы аяғын керіп тұрған кер құла атты тағы да қанды көз қарауылға алды.

Сүйегі алқа-салқа, болмыс-бітім жылқыдан жат.  Шоқ көзді көлегейлеген сүйем қабақтың сүйегін айтсаңшы! «Мынау жылқы ма немене?!», – деп те секемденіп қояды ара-тұра. «Сері пырағы дегенің осы болар, пай-пай жануар-ай!»…

Атқұмарлығын атаққұмарлығы жеңген неменің ішін тырнап кеулей кернеген ыза мен қызғаныш һәм арзан намыстың түрпісі. «Менен ер аспасын. Аса қалса ғұмыр тамырына балта боларымды білсін!» Осы ойдың көлеңкесінде мүлгіп кетті жуанбай – жуас ақыл Батырашың.

Көмбедегі ат сыны

Ас басталғалы етке бөккен қалың қауым назары енді көмбедегі ат бәйгесіне ауды. «Ат жиылсын, ал, бастаймыз!» деуменен шапқылаған шабарман қара-құра ел арасында судай зуылдап жүр. Тамағын қыра ышқына айғайлаған жаршының дауысына жұрт ұйыса қалды.

«Көмбеге жиылыңдар қызық сүйер, ат сынаған көрермен жылқы сүйер, қайсы біріңді айтайын, Қозыбайдың дүлділі Серпінді көк, ал, әлеумет сыныңмен бағаңды төк, Сыр бойының бәйгесін бермей жүрген Қызқара міне, мынау танып алғын. Ұлытаудың Құбайын, Қаратаудың Құмайын, қыпшақтың Ақбақайын, қырғыздың Көктопайын, Ақшатаудың аласы, Көкшетаудың құласы», – деп аузы-аузына жұқпастан, жұтынбастан аттарды таныстырып жатыр жаршы. Бұлаңдатып, бусантып, салпитып сапты аяқтай төменгі ернін, жібектей жал-құйрықты желпілдетіп, екі көз шоқша жанған мөлтілдетіп, қос құлақ тас төбеде кезек қағып, жетегінде Ақанның құла аты келді. Ел алдына көлденеңдей келген аттың шыт жабуын сусыта шешіп сыпара бергенде күбірлеген үні күмбірлеген домбыраша шертілген Күреңбай сыншы сап ете қалды. Құлагердің о жақ бұ жағына айнала қарап:

– Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас, артынан жөнелгенде жетпес жылқы, жануар жүйрігі екен жылқы малдың! Келіскен кескін мынау омыраудың өзі айтар, қаратам деп қазақ қауымын. Сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ, тасындай шұбар ала Көкшетаудың. Тәует бас, қамыс құлақ, қураған жақ, құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ. Қоян жон, жазық жая жауырынды, құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ, – деген сынмен Күреңбай ақтарыла берді, Құлагерді айналып толғанып. «Ат таныған жігітсің Ақан серім, бұл көлемде мұнан озар жылқы жоқ. Жықпаса жалғыз қазық жануарды, бәйгенің алды сенікі!» – деп мамұрлана тамсанады.

– Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май! – деп сері сыншыға риза кейіп танытқандай болды.  Батыраш анадайдан қарайлап, қаны қашып құр сүлдесі тұр. Отты көзге атын аттырып тұрғанын Ақан сері қайдан білсін?! Қайдан білсін сұрқия сұм неменің сұқтанарын, алдында қазулы көр ажал барын?!

Тұмарын сыпырып алып Құлагердің, жол сілтеді көрсетіп Қусақтың құба белін. Қусақ көл айналасын қамыс басқан. Көк өзегі көлденең аңы қашқан. Алдыңа бір екі ат салып отыр, бұл айдау қырғын, балам, байқап отыр, жел жақтан шаң қаптырма ұрма қалқам, тек қана тізгін қағып шайқа да отыр, қайтарда көк өзекке жеткенше қыспа атты, тебінбе қос өкпеге саспа қатты. Өткен соң көк өзектен жібер басын. Арысын ат біледі бас қатырма, – деді Ақан осыны айтып баласына, аманаттап көздің ағын қарасына, сауырынан салып қалып қоя берді Қусақтың құлан жортқан жағасына.

Аттардың қайтуы – Алаштың азалы күйі

Сахнадағы бәйге көрінісі және ерекше. Қатарласа тізілген өңшең берен. Ат шабысын бимен әспеттей жөнелді актерлар. Мың үш жүз ат ми қылды жердің жүзін. Сапырып Қусақ мекен жапан түзін. Қайт деген дауыс күткен бала құлақ, тақым талып шаршаған шабыс ұзын. Әлдеқанша шақырымнан аттар қайтты. Мыңнан аса тұяқтың дүбірінен көтерілген шаң бұлтқа айналды. Екпіні үй көшірген аттардың желімен қара бұлт қара тобырмен бірге қайта көшіп келеді. Көк бұйра шаңның алдына шықты төрт ат. Батыраштың көк аты жүйіткіп келеді. Айтпақтың күреңі  құйрық тістескен күйі артында.  Шорманның шор аяқ бурылы ол да ішінде төртеудің.

Ортада Құлагер.

Арманына асығып Алаш деумен шабады. Шапқан сайын тұяқ дүбірі Сұлтанмахмұтша сөйлейді аттың:

– «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың көгіне, күн болмағанда кім болам?»…

Сәкен болып шырқайды тұяқ шертіп, Әлиханшыл қауымның даусына елтіп. Айналады Мағжанның жырларына, Жүсіпбектің жүрегін жалау етіп, Ахмет кейпі келеді ағылумен, Міржақыпша тынды оққа шағылумен. Көк өзекке кеп кірді сері айтқан, ол өзектен тек бүгін пері қайтқан. Сарт ете қалып осы сәтте қызыл таға төгілді көк аспаннан. Қызыл қанға боялды аттың басы, азаға айналды ма байдың асы?!.

Арқаның һәм Алаштың құла пырағы осылай ажал құшты. Режиссер ой астарын анық жеткізді, бұған сенім кәміл.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button