Жаңалықтар

Апай (эссе-портрет)

Бүгін Рымбала Кенжебалақызының туған күні. Ел бұл кісінің атын атамай, «Апай» – деп құрметтеп жатады. Бүкіл ғұмыр жасын ұлтының өнеріне арнаған адам. Аяр совет өкіметінің тілін тауып, қазақ таудан тасқа көшіп жүрген ел, руханияттан жұрдай дейтін осындағы қарасы көп, кеудесі үстем өзге жұртқа ұлтының ұлылығын, мәдениеті мен руханиятын мойындата білген тұлға. Авторитарлық-тоталитарлық жүйеде ұлттың жоғын жоқтап, оның өнерінің жоқшысы болу – алмас қылыштың астында тұрғанмен бірдей нәрсе еді! Рымбала Кенжебалақызы сол өткелектен сүрінбей өте білді!

Кеудесі аяқ қаптай азулы империяның тұсында қазақ сынды біреуге бодан болған елге қызмет қылу – трагедия болған. Нанбасаңыз, Сәкеннің (Сейфуллин) тағдыр-таланына қараңыз. Күллі ғұмыры Анненковтың азап вагондарында өтті! «Қырғыз» атанып кеткен халыққа қазақ деген төркін атауын қайтарып берген осы кісі! Әлихандар – Алашорда жолын таңдаса, ол да совет өкіметінде жүріп, қазаққа қызмет еткісі келді! Соңы не болды? Совет өкіметі мен қазақ совет әдебиетінің іргетасын көтеріп, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған Сәкенді «халық жауы» деп атқызып жіберді! Қазірде оның да сыртынан неше қилы сөз айтылып жатыр…

Тарих қазақ халқының үстінен неше түрлі эксперимент жасаған. Сүттей ұйып, бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып отырған елді екі тапқа бөліп, бір-бірімен қырқыстырып қойды! 1932-де қолдан аштық жасап, 1937-де қазақтың бетке шығар сорпасын қалқып алып тастады. Ұлы Абайдың топырағында атом бомбасын сынап, тың жерлерді игеру деген желеумен көшедегі көрінгенін жинап әкеліп, қазақты жүздеген ұлттардың сынақ лабораториясына айналдырды!

Қазір тілін безеген «ұлтшылдар» көбейген заман. Енді ел азат болып, өз тізгінін өз қолына алғанда аға буын осының бәрін білмеді деп ойлайтындар, білсе де қол қусырып қарап отырды дейтіндер шығып жатыр… Совет өкіметі кезінде олардың өздері де үндемеген! Неге білмедік, іштен бәрін де біліп жүрдік, әрине! Әлиханның (Бөкейхан) Әлімхан Ермековке айтқан бір сөзі бар: «Біз – жеңілдік, енді сендер басқа жолды таңдаңдар, осы қоғамда жүріп-ақ, ұлтқа қызмет етуге болады!» – деген!

Сол кезде Мұқағали іштегі шер-шеменін жырымен ақтарып салды… Олжас «Аз и Я-сын» жазды! Екеуі де жылқышыға жыр, қойшыға сөз болды сол кезде! Олжекеңді, тіпті, әлі де ағаш аттың басына таңып жүргендер бар ғой?! «Аз и Я-ны» жазған адам қалай қазаққа қарсы болады?! Совет өкіметі иттің етіндей жек көрген империя тұсында, қазақ өз алдына, исі түркі жұртының мәртебесін көкке көтерген Олжас Сүлейменовтей қазақ бар ма өзі?! Жұмыр басты пенде Құдайдың құйған қалпынан аса алмайды екен…

Марқұм әкемнің маған айтқан ақыл-кеңесі көп еді. Қу тірлік соның көбін ұмыттырып жіберді. Есімде қалғаны – бір ауыз сөзі: «Сен кедейді бай қылам деп ойлама, – деп еді, – ол сен түгілі азуын Айға білеген совет өкіметінің қолынан келмеді! Жаманды жақсы қылам деп те ойлама, ол да совет өкіметінің қолынан келген жоқ! Тек жақсының жағасынан алмасаң болды!»

Бүгін қазақтың ғажайып суреткерлерінің бірі һәм бірегейінің айтқан бір сөзі есіме түсіп отыр. Бұл ұлтты ассимиляциялаудың шырқау шыңына жетіп тұрған шағы еді. Төбеде – совет өкіметі, төменде – халық, 1990 жылдардың басында атақты жазушы Сәкен сері (Жүнісов) Қарағандыға келген бір сапарында «Алматы – Мәскеу болса, сенің Қарағандың Петроградқа ұқсап тұр!» – деп еді. Қазағы аз Қарағанды облысындағы титулды ұлттың руханиятына көңілі көншіп айтқаны.

Сәкен серінің осы сөзінде Рымбала апайдың елден ерек образы тұр! Ресейдің бір провинциялық шахарына ұқсап, ұлттық кескін-келбетінен жұрдай бола бастаған Қарағандыны сол шақта-ақ, республикадағы қазақ руханиятының екінші орталығына айналдыруға қосқан бұл кісінің жанқиярлық үлесін кейінгі толқын аңыз ғып айтады әлі! Біреудің боданы болған елде де ұлттың руханиятын сақтап, бойына қан жіберу екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермеген. Осындағы ұлт, ұлыстарды бір тілде сөйлетіп, бір ұлтқа айналдырмақ болған совет өкіметі кезінде қазақтың рухын биікке көтеріп, аты аңызға айналған, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды саусақпен-ақ санарлықтай тұлғалар республикада ғана емес, елдің түпкір-түпкірінде болды. Рымбала Кенжебалақызы да солардың қатарын түзеп, ұлттың басына күн туған ең бір сындарлы сәтте Тәңірі маңдайына жазған азаматтық парызын абыроймен орындап шықты!

Бізден гөрі етегін ертерек жауып, есін жинап ұлт болған, ел иесі ормандай орыс жұрты мұндай адамдарын «Генератор идей», «Подвижник наций», «Прорабы духа», – деп әспеттеп, басына көтеріп жатады! Оларға бәрі де жарасады! Бізде олардың сыртынан өсек-аяң айтады…

«Подвижник наций»-дың қазақша баламасын таба алмай отырмын. Образға орап айтқанда, төбесінен кірпігін қақпай бағып тұрған өзге үстем жұрттың шылауында кетпей, өз ұлтының өнері мен мәдениетіне ерекше еңбегі сіңген адам дегенге келiңкiрейдi. Олар атақты Третьяков галереясын ашқан көпесiнен бастап, сутегi бомбасын жасап, кейiн өз iсiне өзi өкiнген диссидент, академик Сахаровты, тiптi, орыстың халық хорын құрған хормейстерiне дейiн осылай атайды.

Бүгінде туған жұртынан алғыс қана алған Рымбала Кенжебалақызы сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Қарағандыда оның шапағатын көрмеген бірде-бір өнер адамы жоқ. Ол кісі қоғамнан өз орнын алып, халқының ілтипат-құрметіне бөленген адам. Халық – қасиетті! Ол кімнің кім екенін бізден гөрі жақсы біледі ғой. Оның көңілінен шығу көшедегі көрінгеннің пешенесіне бұйырмаған!

Өзіңіз күллі ғұмырыңызды ар­наған ұлттық руханиятымыз же­місті, қазақ қоғамындағы орныңыз келісті бола бергей, аяулы апай!

Таң қалам Ұлы анамыз Қарқабатқа,

Тектіден тұяқ қалса – мархабат та.

Мекенім тыныш болса, сол заманда-ақ,

Меккеге апармас па ем арқалап­та?!

Қаздауысты Қазыбекше мақалдадым.

Дау болса топқа түспей жата алмадым.

Жан-жағым – дау мен дамай… ұлы анамды,

Арқалап Меккеге де апармадым.

Меккеге өз анамды апармадым?

Меккеге өз анамды апармадым,

Өлең – өрт, өзек өртеп жата алмадым:

Қасымның қадіріне жеткізбеген,

Бітпеді қаңғып өткен сапарларым…

Болмадым тірлікте бір тұлғаға сеп,

Болғанда, өстіп итше шуламас ек:

Мәдидің соңын алып, жырға келсек:

«Досымнан дұшпаным көп, қылған өсек!»

Әйтеуір, ер жігітке жер кең екен,

Сонан соң маңдайыңнан шертеді екен.

Мұң шаққан Фаризаға Мұқағали –

Қазақтың ең соңғы бір еркегі екен!

Қырық жыл осы жұртқа қиқуладым,

Үйсіннің аруларын сиқырладым,

Ғалия маңдайыма кез кеп еді,

Оны да ел қатарлы үй қылмадым.

Бесік жыр, шешем айтқан ертегімен,

Еліне бола туған ерке едім мен.

Білгенім – ерге пана, елге – тұтқа,

Қазақтың қызы ғажап еркегінен!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button