Қамқорлығын көп көрдім
Республикамызда қалам ұстаған әріптестеріміздің көпшілігі өздерін «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деп айтады. Ал, біз, қарағандылық қаламгерлер, мен – Ержан Имашев, Төлеубай Ермекбаев, Жомарт Оспанов, Ермек Балташұлы, Жұлдыз Тойбекова және басқалар «Зарқын ағамыздың шекпенінен шыққандармыз».

Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Арқа журналистикасының абыз ақсақалы, академик Зарқын Тайшыбаев әлі де аттан түсе қойған жоқ. Ол біздің баспасөз саласына келуімізге жол ашып, бағыт-бағдар беріп, қабырғалы қаламгер атануымызға себепші болған жанның бірі емес, бірегейі. Соның ішінде, мен Зақаңның шапағаты мен қамқорлығын көп көрдім. Онымен таныстығымызға да елу жылға таяп қалыпты…
Мен онда Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің студенті едім. Алғаш жазған-сызғандарымды, өлең мен шағын мақалаларымды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакциясының Мәдениет және әдебиет бөліміне алып келемін. Оның меңгерушісі Зарқын ағамыз мені жассынбай, терезесі тең адамдай сөйлесіп, арасында қалжыңдарын қыстырып, ақыл-кеңесін аямай айтады. Сол бөлмесінен кәдімгідей қанаттанып шығып, одан кейін тырнақалды туындыларым жарық көргенде, өзімді бір ақын-жазушыдай сезініп жүретінмін.
Кейін, 1982 жылы университетті бітіріп, бұрынғы Егіндібұлақ ауданында 3 жыл мұғалім, одан соң екі жылдай Бұқар жырау ауданындағы туған ауылым Үлгінің өзім оқыған сегізжылдық мектебінде директор болғанымда да редакциямен байланысымды үзбедім. Жазғанымның бәрін Зақаңа жіберіп тұрам. Шығармалар, тоқтаусыз жарияланып жатады. Сондай бір күндері қызық болды. 1982 жылдың 10 қарашасында СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежнев қайтыс бола қалмасы бар ма. Кезінде Кеңес өкіметін құрған Ленин де – Ильич, ол да – Ильич. Тақырыптың табыла кеткені. Бірден отыра қап «Өшпек емес есімі Ильичтердің!» деген өлең жазып, газетке жолдайын. Қашан жарияланады деп тосып жүрмін. Бір күні редакциядан менің атыма хат келіп тұр. Ашып, оқысам, хатта «Құрметті Ержан! Атаңның иманы саламат болсын! Бірақ өлеңің газетте жарияланбайды. Сәлеммен: Мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Зарқын Тайшыбаев» деп қол қойыпты. Бұл компартия заманындағы науқаншылдық пен әсіребелсенділіктің жетегінде жүрген маған өмірлік сабақ болды.
Содан 1986 жылдың желтоқсан айында ҚарМУ-дің филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасы бір бос орынға конкурс жариялады. «Келешекте ғалым болсам» деген арманмен оған қатысу үшін мен де құжаттарымды тапсырып, ұстаздарым Қаби Лекеровпен және Задан Жұмағалиевпен әңгімелесіп отырғанмын. Оқуды жақсы бітіргенімді білетін олар талабымды қолдап, тілектестік танытуда. Сол кезде бөлмеге Жақаңның бөлімінде істейтін Гүлсім Оразалиева бас сұғып, аз-кемнен соң шығып кетті. Конкурсқа қатысатын 7 адамның ішінде ол да бар екен. Артынша кафедраның телефоны шырылдап, оның құлағын көтеріп, тілдескен Қабекең оны маған ұстата қойды. Арғы жақтағы дауыс: «Әй, ұл, сен онда өтер-өтпесің белгісіз. Сөзді қой да, жылдам жет маған. Мен бас редакторға айтып, сені өз бөліміме жұмысқа аламын» дейді. Сөйтсем, менің осындағы хабарымды Гүлсімнен естіген Зарқын ағамыз сол кезде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне меншікті тілші болып ауысқан Бағдат Мекеевтің босаған орнына мені лайық көріпті. Салып ұрып жетіп барсам, ол бірден мені газеттің бас редакторы Тілеухан Жүсіповке ертіп апарып, шамалы уақыттан кейін қолыма жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрығымды ұстатты.
Бұл 1986 жылдың 18 желтоқсаны еді. Қазақстанға Қонаевтың орнына бірінші басшы болып сырттан Колбиннің келіп, сайланғанына қазақ жастарының қарсы шығып, Желтоқсан көтерілісі болған мезгіл. Мен де көп кідірмей, ауылға бардым да, редакциядағы жаңа тілшілік қызметіме кірістім. Қалаға келген соң ауыл мұғалімін 27 жасқа дейін алмайтын жеңілдігі алынып тасталды. Онсыз да сол кездегі Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) аупарткомының бірінші хатшысы А.Беляев пен аудандық әскери комиссар А.Диков өз аулымда «Наурыз» бен «Алтыбақан» мерекелерін ұйымдастырып, өткізгені үшін соңыма түсіп алып, жеңілдігіне қарамай, екі күннің бірінде әскерге шақыртып, жұмыс істемей қойған. Тіпті, А.Беляев Желтоқсан оқиғасына байланыста аудан активі алдында жасаған баяндамасында әскерден жалтарғаны деп, менің аты-жөнімді кіргізген. Енді Қарағандыға келісімен оны облыстық комиссариат жалғастырып, күнде түртпектеуін қоймады. Өкіметке қарсы шығып, көтеріліске қатыспаса да, олардың ойынша, ұлтшылдар тізіміне ілінгенімді білдім. Соны сезген Зарқын ағам маған интернационалист тақырыбына мақалаларды көбірек жазуды тапсырып отырды. Мен оның ақылымен қазақ арасында өскен Константин Петрович Ботов туралы «Тонның ішкі бауындай» деген суреттеме, Шоқай станциясында болған теміржол апаты кезінде машинист орыс жігіті Анатолий Кузнецовті өлімнен алып қалған Ералы Сыздықов, олардың достығы жөнінде очерк, тағы да біраз дүниелер жаздым.
Алайда, мені тексеріп, сынау мұнымен тоқталмады. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасынан бір қазақ майоры келіп, маған Желтоқсан оқиғасы бойынша айыпталғандардың бәрінің ісін беріп, олардың соттарына қатысып, әшкерелеу мақаласын жазуымды қадап тұрып тапсырды. Содан соң, мен сот процестерінің бәріне қатыстым да, Зақаңның ақылымен мақаланы жазбай, соза бердім. Комитет қызметкері күн сайын дерлік сұрап дегбірімді алады. Сөйтіп жүргенде, 1987 жылдың 8 сәуіріне армия қатарына шақырту қағазы келді де, қолымдағы бар істі алып, бас редакторымыз Тілеухан Жүсіповтің алдына қойып: «Аға, осыдан қайтып редакцияға келем бе, келмеймін бе, білмеймін. Бірақ өліп кетсем де, халқымды қаралап жазуға қолым бармады» дедім. Ол орнынан атып тұрып: «Айналайын, мен сенен осыны күткен едім» деп құшағына қысып, бетімнен сүйіп, батасын берді. Мұны мен керемет ерлік санап, өзімді қаһарман қылып көрсетуден аулақпын. Алайда, сол уақыттың шындығы осы болатын. Мысалы, мен сот процестеріне бастан аяқ қатысқаны да, жазықсыз қазақ жігіттері мен қыздарын кімдердің айыптап, кімдердің шырылдатып соттағанын, маған келген қауіпсіздік қызметкерлерінің аты-жөндеріне дейін жатқа білемін. Болар іс болып, арада қаншама жыл өткеннен кейін соны қайта қозғап, көңірсітуді жөн көрмедім.
Сонымен, әскерге шығарып салу кегімді Жаңа әуежайдың жанындағы Құрылыс ауылының сегізжылдық мектебінің директоры болып істейтін туған ағам Мейрамның үйінде өткізбек болып, соған Тілекең мен Зақаңды шақырдым. Бас редакторымыз бір шаруасы болып, келе алмай қалып, Зарқын ағамыз өзінің ескі көк «Запорожецімен» алып-ұшып жетсін. Жеткені сол, шалбарының балағын түріп алған, жалаңаяқ келіп тұр. Көлігі үйдің іргесінен ағатын Соқыр өзенінің құмына батып қалыпты. Оны үшеулеп шығарып, Зақаң түннің бір уағына дейін елден келген әке-шешем, достарым, ағамның көршілерімен дастарқандас болды. Сол түні қайтпай, ағам үшеуіміз залға төсек салып жатып, таң атқанша әңгімелестік. Ертеңінде ол туыстары мен бірге мені Кеңес армиясы қатарына аттандырып салды.
Мен сол кеткеннен мол кетіп, Отан алдындағы борышымды Молдавияда өтеп, 1989 жылдың 1-қаңтарында 29 жасқа қараған шағымда елге оралдым. Бұл екі аралықта редакцияда ауыс-түйіс болып, бас редакторлыққа Нұрмахан Оразбеков тағайындалыпты. Марқұм ешкімді алаламайтын өте әділ адам еді. Ал, менің Зарқын ағам, сол баяғы орнында әрі кәсіподақ комитетінің төрағасы қалпында. Келген бетте мені өзіне шақырып алған ол: «Қане, пәтер сұраған өтінішіңді жаз. Сен кеткенде, мен өзіңді пәтер алушылар кезегіне қойғанмын. Енді сен бірінші боп тұрсың» дегені. Көп ұзамай бір бөлмелі пәтердің кілтіне ие болдым. Осының бәрі екі туып, бір қалғаным болмаса да, әкемдей жақсылық жасап, қамқорлық көрсеткен Зарқын ағамның арқасы. Бүгінде өзі тұяғымды іліктіріп кеткен «Орталық Қазақстанымда» әлі күнге еңбек етіп, қалам тербеп жүргенім де сол – Зақаң берген тәрбиенің жемісі. Өз басым пайғамбар жасына келсем де, оны әлі күнге ұстаз ағам ретінде пір тұтамын. Қолынан сан рет дәм татқан Гүлнар жеңгем екеуін көргенде балаша арсалаңдап, мойындарына асыла кетем. Қазақ біреуден жақсылық көрсе, «Менен қайтпаса, құдайдан қайтсын, құдайдан қайтпаса, балаңнан қайтсын!» дейді екен. Осы кәсіби мерекеміз күні сол тілегімді қайталап айтып, асыл ағам мен аяулы жеңгем ұрпағының қызығын көре берсін деймін!
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz