Ғалымға тағзым
Арқаның сұлу өлкесі Қарқаралыға жолымыз түсті. Басты мақсат әлемнің екінші ұстазы, ұлы ойшыл Әбу Насыр әлФараби бабамызды қазаққа қайтарған Ақжан әл-Машанидің кіндік қаны тамған атажұртын көру, көңілге мықтап тоқу еді.
Дана бабаларының құтты қоныс қылған қыстаулары мен мәңгілік мекендері көне қорымдарының орнын көрсетуге ниет білдірген Қарқаралы аудандық оқу бөлімінің әдіскері, Машан бидің алтыншы ұрпағы Қайрат Жоламанұлы жол көрсетіп, үлкендерден естіген ғибратқа толы естелік әңгімелерінің тиегін ағытты. Алдымен Қарқаралы мен Қарақуыс тауларының арасында ағып жатқан Тайшық өзенінің жағасында қырдың басында орын тепкен Ақжан Әл-Машанидің ұлы бабалары Тоты әулетінен тараған Байтемір, Машан, Бошан, Құдабай, Алдажұман, Байжұман, Ақын, Сауғабай жатқан қорымға тағзым жасап, аруақтарына құран бағышталды.
Машан би тіршілігінде ақылы асқан мәмлегер, халық қамын ойлаған дана адам болған. Дүниеден өткенде замандастарының «Машан! Машандай ұл туғанша қашан» – деген мәтелі халықтың көкейінде сақталып бүгінгі күнге дейін жеткен. Екінші ат басын тіреген жеріміз Ақжан әл-Машанидің дүниеге келген жері Қызылсиыр қыстауы болды. Қызыл тастан қаланған іргетасы ғана қалған киелі мекеннен көңілге түйер тағылымымыз мол болды. Себебі, жарты ғасырдан артық ғұмырын әл-Фарабидің мұраларын зерттеуге арнаған жанкешті ғалымның кіндік қаны тамған, балалық шағында асыр салып өскен жерін көру де бір бақыт. 2010 жылы Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтегі ғалымның жеке қорынан «1906 жылдың қарашасының 2-сі күні дүниеге келіппін» деген жазбасы тасқа басылғандай көкейімде жазылып қалған. Қызылсиыр қыстауында Ақжан әл-Машани су ішкен бұлақ әлі күнге дейін адамдар игілігіне жарауда. Шіркін, осы көне қыстаудың басына белгі Арқаның сұлу өлкесі Қарқаралыға жолымыз түсті. Басты мақсат әлемнің екінші ұстазы, ұлы ойшыл Әбу Насыр әлФараби бабамызды қазаққа қайтарған Ақжан әл-Машанидің кіндік қаны тамған атажұртын көру, көңілге мықтап тоқу еді. қойып, ғұлама ғалымның туып-өскен жерін көруге туристер тартса ғой деген ой да келді. 1960 жылдарға дейін ешқандай энциклопедиялық еңбектер мен кітаптарда аты жазылмаған, қалың елге аты белгісіз болған әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабиді елімізге қайтарған Ақжан әл-Машанидің ғылыми мұрасын насихаттау бәрімізге парыз.
Қызылсиырдан шыққан соң таудың етегіндегі жолмен жүріп отырып, Сарыбұйрат қыстауындағы Ақжан әлМашанидің әкесі Жақсыбек Машанұлының басына барып, құран бағыштап, тағзым жасадық. Осы кезде Ақжан әлМашанидің өз қолымен: «Әкем Жақсыбек Машанұлы мұсылманша сауатты, жайдары, домбырашы, орта шаруа адам еді. Ол кісі Машанның ең кенже ұлы болған» – деп әкесі туралы жазған естелігі қайта-қайта есіме түсе берді. Сарыбұйраттан дала жолдарымен заманында Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Жамантай ханның қонысы болған Қарақуысқа бардық. Бұл жердің қыс айларында қар түспейтін өзіндік ерекшелігі бар. Жергілікті тұрғындардан «Қарақуыста қар жатпас» деген нақылды да естідік. Түгін тартсаң майы шығатын осынау өлкені мекендеген Ақжан әл-Машанидің бабаларының тегін адамдар болмағанын түсінгендей болдық. Адалдық пен әділдікті өмірлік ұстанымы қылған қайсар ғалым Ақжан әл-Машани 1968 жылдың 23 қыркүйегінде Шам шаһәрінен Әл-Фарабидің қабірін тауып, басына Отырардан бір уыс топырақ апарып салуын ешқандай сөзбен жеткізе алмасымыз анық. Араға мың жылдан артық уақыт салып Тұран жерінен ұрпағының іздеп баруы нағыз адамдық қасиеттің шыңы. Біздің мемлекетшілдігіміздің басты құндылығы Ақжан әл-Машанидің әрекетінде жатса керек. 1975 жылы Ақжан әл-Машанидің жанкешті ғылыми-шығармашылық қызметінің арқасында қазақ халқы әлемнің екінші ұстазы, ұлы ойшыл әлФарабидің 1100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде зор абыроймен атап өтті. Биыл еліміз ұлы ғұлама ғалымның 1150 жылдығын өз деңгейінде өткізіп жатыр.
Көптен бері ойымызда жүрген аманат-парызды атқарып болған соң Қарақуыс тауының шығар аузындағы Ойшілік қонысындағы Ақжан әл-Машанидің аталас туыстарының қорымына барып тағзым жасап, Қарқаралыдан Қарағандыға жолға шыққанда Ақжан әл-Машани бабамыздың халқының болашағы үшін тарихтың алдында ұлы істер атқарып кеткенін жан-дүниемізбен түсіндік.
Нұртас СМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары.