Ынталандырған дода
Қарағандының орталық саябағында «KrgTartyluFest» турникке тартылу турнирі өтті. Спортшылар додасын Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығы «Саламатты өмір салтын таңда» жобасының және «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырды. Қарағанды қалалық әкімдігі қолдау көрсетті.
Жарысқа Қазақстанның 10 облысы мен 22 қаласынан 200-ден астам спортшы қатысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 млн теңге.
Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығының жастар жобасының жетекшісі Заңғар Серіков бұл турнирдің жыл өткен сайын беделі артып келе жатқанын айтты.
– Турнирдің мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және жастарды тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуға ынталандыру. Жалпы, бұл спорт түріне қызығатын жастардың көп екенін айтқым келеді. Турнирге тіркеу кезінде ұзын-сонар кезек болады. Соған қарап тұрып қуанамыз және осы турнирдің ауқымын кеңейтіп, дамытуға деген ынтамыз артады, – деді Заңғар Серіков.
Турнирде үш салмақ дәрежесі бар. Әйелдердікі абсолютті салмақ дәрежесі. Жарысқа 14-35 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады. Бірақ, бұл шартты түрде. Денсаулығында ақауы жоқ, спорттық жаттығуды жасауға қабілеті мен ынтасы барлар да өтініш бере алады.
Әйелдер арасында Жанна Сүлейменова топ жарды. 67,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сергей Тепляков, 67,5-87,5 салмақ дәрежесінде Бисұлтан Текебаев, 87,5 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Асқарбек Қосбамбет топ жарды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»