Спорт

Топтық кезең тартысы

Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңдегі ойындары енді қыза түскендей. Бұл кезеңде Бразилия мен Испания құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, топтық кезеңде көш бастады. Ал, ағылшындар мен немістер екінші кездесуінде жеңіске жетіп, алты ұпайды қоржынға салды. Ал Тунис құрамасы топтық кезеңнен шыға алмады.

Сурет ҒІҒА

«С» тобында Марокко Шотландияны 1:0 есебімен жеңді. Қорғаныстағы тәртіп пен нәтижеге жұмыс істеп, футболдың жоғарғы үлгісін көрсетті. Африкалық команда қарсыласына көп мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде, маңызды үш ұпайды қоржынға салды. Ал, Бразилия Гаитиден 3:0 есебімен басым түсіп, турнирдегі алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Олар шабуылдағы жылдамдығын толық пайдаланып, топ көшбасшыларының қатарына орнықты.

«D» тобында АҚШ құрамасы Аустралияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, турнир қожайындарының бірі ретінде өз амбициясын айқын көрсете алды. Әрі олар ойын тізгінін толық бақылауда ұстап, қарсыласқа қауіп төндіруге мүмкіндік бермеді. Екінші матчта Парагвай Түркияны 1:0 есебімен жеңіп, плей-офф жолдамасы үшін күресте маңызды қадам жасады.

«E» тобында Германия Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен жеңіп, екі матчтан кейін алты ұпай жинады. Немістер бұл жолы да чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін дәлелдеді. Кездесудің алғашқы бөлігінде еуропалықтар жеңіліп жатқанымен, екінші таймда тәжірибесінің арқасында жеңісті жұлып алды. Ал, Эквадор мен Кюрасао арасындағы матчта есеп ашылмады. Қос құрама 0:0 есебімен тарқасты. Дегенмен, бұл нәтиже Кюрасао үшін тарихи ұпай ретінде бағалануда.

«F» тобында ең жарқын ойындарының бірі – Нидерланд пен Швеция арасындағы ойын. Нидерландықтар қарсыласын 5:1 есебімен ойсырата жеңіп, бір бас басым екендіктерін көрсетті. Ал, Жапония Тунисті 4:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Осы нәтижелерден кейін Нидерланд пен Жапония плей-оффқа жолдамасына бір табан жақындай түсті. Ал, Тунис құрамасының қоржынында ұпай жоқ. Өкінішке қарай, олар турнирмен қош айтысты.

«G» тобындағы Бельгия мен Иран арасындағы матчта жанкүйерлер гол көрмеді. Есеп – 0:0. Қос команда сақ футболға басымдық беріп, тәуекелге көп барған жоқ. Египет пен Жаңа Зеландия арасындағы кездесу 3:1 есебімен Египет құрамасының пайдасына шешілді. Африкалық ұжым шабуылдағы тиімділігінің арқасында маңызды жеңіске жетіп, келесі кезеңге шығу мүмкіндігін сақтап қалды.

«H» тобындағы Испания оянды. Бірінші турдағы күтпеген тең ойыннан кейін Испания бұл жолы Сауд Арабиясын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Испандар допқа иелік етуде де, шабуыл ұйымдастыруда да айқын басымдық танытып, өздерінің фаворит мәртебесін қайта дәлелдеді. Ал, Уругвай мен Кабо-Верде арасындағы кездесуде 2:2 есебі тіркелді. Әлем чемпионатына алғаш қатысып отырған Кабо-Верде екінші мәрте сенсациялық нәтиже көрсетіп, тәжірибелі уругвайлықтарға ұпай бермеді. Әзірге бұл топта да жағдай шиеленісіп тұр. Соңғы ойын Уругвай мен Кабо-Верденің тағдырын шешпек.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button