«Шахтер» шабысынан жаңылмады
Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының Х тур ойындары аяқталды. Осы тур аясында қарағандылық «Шахтер» өз алаңында оралдық «Jaiyq» клубын қабылдап, 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Жерлестердің соңғы кездегі нәтижелері жанкүйерлер көңілінен шығып жүр. Команда бірнеше ойын қатарынан ұпай жоғалтпай, турнир кестесіндегі жағдайын да жақсартып алды. Бұл кездесуде де алаң иелері жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.
Матч басталған сәттен-ақ жерлестер ойынды өз қолына алып, қарсылас қақпасына үздіксіз қысым жасады. Соның нәтижесінде, кездесудің 9-шы минутында есеп ашылды. Кезекті шабуыл кезінде қонақтар қорғаныста жүріп допты алаң сыртына шығарып алған еді. Бұл сәтті тиімді пайдаланған Данила Васильченко допты ойынға жылдам қосып, айып алаңы маңындағы әріптестеріне бағыттады. Берілген пасқа Александр Мигунов бірінші болып жетіп, допты қақпа торына дәл бағыттады. Есеп – 1:0.
Кездесудің 36-шы минутында Андрей Ульшин есеп айырмасын ұлғайтып, командасы сапындағы дебюттік голын соқты. Сол қапталдан шабуыл ұйымдастырған Артем Литош қақпа маңына сәтті пас шығарып, допты әріптесі Андрей Ульшинге жеткізді. Ал, Андрей болса, өз мүмкіндігін мүлт жібермей, қарсылас қорғаушыларын қапы қалдырып, допты қақпа торына тоғытты. Осылайша, бірінші тайм алаң иелерінің 2:0 есебіндегі басымдығымен аяқталды.
Кездесудегі соңғы нүктені 83-минутта Артем Литош қойды. Бұл голдың бастамашысы алаң ортасынан дәл пас шығарған Даниал Назаров болды. Допты қабылдап алған Артем қарсылас қорғаушысын шебер алдап өтіп, жеке шеберлігінің арқасында қақпаны дәл көздеді. Осыдан кейін есеп өзгерген жоқ. Жерлестер оралдық ұжымды 3:0 есебімен жеңіп, кезекті үш ұпайды қоржындарына салды.
Х турдың қорытындысы бойынша турнир кестесінде 26 ұпай жинаған алматылық «Қайрат-Жастар» көш бастап тұр. 25 ұпай еншілеген қарағандылық «Шахтер» ІІ орынға жайғасса, үздік үштікті 21 ұпаймен түркістандық «Тұран» түйіндеді.
Сұрмергендер тізімінде сегіз гол соғып, бес нәтижелі пас берген «Шахтер» шабуылшысы Артем Литош көш бастап келеді. Ал, қарағандылық клубтың тағы бір ойыншысы Рифат Нұрмұғамет бес голмен үздік мергендер қатарынан көрініп, алғашқы үштіктің қатарына енді.
Енді жерлестер 26-сы сырт алаңда «Тараз» клубымен ойнайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

