Қарағанды облысында интернет-алаяқтар екі миллиард теңгеге жуық шығын келтірді
Жыл басынан бері Қарағанды облысының тұрғындары интернет-алаяқтардың құрбаны болып, екі миллиард теңгеге жуық қаржысынан айырылды. Жалпы мұндай қылмыстардың саны азайғанымен, полицейлер дропперлікке қатысты фактілердің көбейіп жатқанын айтты. Бұл туралы 24KZ мәлімдеді.

Мамандардың түсіндіруінше, дропперлер – алаяқтар ұрланған ақшаны жасыру және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланатын адамдар. Мысалы, егер есепшотыңызға бейтаныс адамнан ақша түсіп, кейін оны басқа шотқа аударуды сұраса, мұндай әрекетке келіспеген жөн. Себебі азамат өзі байқамай қылмыстық схемаға қатысушы болып, заң алдында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Биыл өңірде интернет-алаяқтыққа қатысты 762 қылмыс тіркелген. Оның 324-інде алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы, медицина ұйымы немесе курьерлік қызметтің өкілі ретінде таныстырған. Ал 314 тұрғын жоғары табыс пен тиімді инвестицияға қатысты жалған ұсыныстарға сеніп, ақшасынан айырылған.
Зардап шеккендердің бірі – Әлібек есімді азамат. Ол жалған инвестициялық ұсынысқа сеніп, 15 миллион теңгесінен айырылғанын айтты.
– Маған белгісіз адамдар хабарласып, атымнан несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтты. Қатты абдырап қалдым. Олар мұндай әрекетті тоқтату үшін белгілі бір сомада ақша салу қажет екенін айтып, психологиялық қысым көрсетті. Соның салдарынан екі банктен несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтардың айтқан есепшоттарына аударып жібердім, – дейді қала тұрғыны.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Алайда олардың басты мақсаты – адамды асықтырып, қысым көрсету арқылы ойланып шешім қабылдауға мүмкіндік бермеу. Сондықтан интернет-алаяқтықтың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



