АймақРуханият

Асылдың сынығы Асылбек

Пейілі Айрықтың сары даласындай дархан, жаны жайдары Нұрғабдеш ағамыздың «көзін ашып көргені, аузын ашып сүйгені» дейтіндей үлкен ұлы Рымбегінен көрген алғашқы немересі, қазіргі таңда Ұлыбритания аралдарындағы Шотландияның үздік те жетекші университетінің профессоры Асылбек Нұрғабдешев таяуда ғана қырық жасқа толды.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бала мінезді, ойындағысын іркілмей айта салатын Нұрғабдеш ағамыздан «Сладкий айран – широкий жизнь», «Өзің бір абырой алғыш екенсің», «Түске дейін – Балапанмын, түстен кейін – Сәдібекпін» (Жаңылтай жеңгеміз Сәдібек атаның қызы болатын) деген тәрізді, ел аузында айтылып жүрген талай сөздер қалды. Ақпейіл ағамыздың мойнына мінгізіп еркелеткен немересі Асылбек сәби шағынан алғыр, талапты бала болып өсті. Алты жасында Егіндібұлақта ашылған алғашқы гимназия табалдырығын аттап, 2003 жылы Қарағандының Бұқар жырау атындағы қазақ-түрік лицейін «Алтын белгімен» үздік бітірді. Лицейде оқыған 5 жылда химия ғылымын тереңірек меңгеруге талпынды. Төрт мәрте республикалық химия олимпиадасы жүлдегері атанды. Менделеев атындағы 36-шы Халықаралық химия олимпиадасында күміс медаль иеленіп, Голландияда өткен 34-ші Әлемдік химия олимпиадасы мен Мәскеуде өткен Менделеев атындағы 37-ші Халықаралық химия олимпиадасында мақтау грамотасын иеленді. 2002 жылы Қарағанды облысының тарих олимпиадасында жеңімпаз атанып, «Жыл эрудиті» жүлдесін жеңіп алды. Лицейдегі оқудың соңғы жылында оқушылар дебатында лицей командасымен бірге 1 орын және облыс бойынша «Ең мықты спикер» атағын иеленді. 2002-2003 жылдары республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысына қатысып, апталық, айлық, тоқсандық және жылдық ойындардың жеңімпазы мәртебесін иеленді. Осы жетістіктері арқасында Асылбек 2002 жылы Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Орта білімі туралы аттестат қолына тигенде дүние жүзінің бірнеше оқу орнынан шақырту алған Асылбек Түркия астанасы Анкарадағы Таяу Шығыс техникалық университетін таңдап, осы ЖОО-да мұнай және газ инженері (бакалавриат), одан соң экономика (магистратура) мамандықтары бойынша білім алды. Сонымен қатар, 2005-2009 жылдары «Ниппон» қоры аясында Анкара қаласындағы қазақстандық студенттердің президенті міндетін атқарды. 2008-10 жылдары Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде әскери атташе аудармашысы қызметінде болды. 2010-11 жылдары Стамбулдың Шехир университетінде ғылыми қызметкер және оқытушы бола жүріп, Бизнесті басқару магистратурасын (MBA) бітірді. 2011-2014 жылдары Ұлыбритания Шеффилд университетінде менеджмент мамандығы бойынша докторантурада оқып, 2014 жылы туған еліне PhD докторы болып оралды. Екі жылдай Борусан компаниясында инженер және жоба басқарушы, Қазақ – Британ техникалық университетінде (КБТУ) ғылым және инновация секторының басқарушысы қызметін атқарды. Сонымен қатар, Францияның Труа университетінде (Groupe ESC Troyes, Champagne School of Management) Латвияның Экономика және бизнес университетінде (RISEBA) қонақ профессор («visiting professor») мәртебесінде менеджмент бойынша дәріс берді. 2015 жылдан бастап Алматы Менеджмент университетінде Базалық даярлық факультетінің деканы және Менеджмент, кәсіпкерлік және маркетинг кафедрасының профессоры міндетін атқарды.

 Халқымызда «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөз бар: Нұрғабдеш ағаның әкесі, Асылбектің бабасы Айдарбек Мақажанұлы ауыл молдасынан ғана сауат ашып, етінің тірілігімен білімін жетілдіріп, ел ісіне араласқан азамат екен. Ойранды отызыншы жылдары аштық нәубетінен аман қалу үшін жан-жаққа босып кеткен халықты атамекенге көшіріп әкелуге, ағайындардың басын біріктіріп, шаруашылықтар ұйымдастыру жұмысына үлес қосады. Қу ауданының «Көлшілік» колхозы басқармасының алғашқы төрағасы қызметін атқарып жүргенде, 1937 жылы 28 қазанда «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, НКВД Қарағанды облысы басқармасының жанындағы «Ерекше үштіктің» шешімімен ату жазасына кесіледі. Облыстық сот төралқасы 1957 жылы 18 шілдеде Айдарбек Мақажанұлының ешқандай қылмысы жоғын дәлелдеп, істі тоқтатса, 1993 жылы 13 сәуірде толық ақтады. Әкесі саяси қуғын-сүргін құрбандығына шалынып, тез есейген Нұрғабдеш бірден еңбекке араласып, анасына сүйеу, ойын баласы жасында қалған інілеріне қамқор болды. Алғырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті арқасында аяқталмаған орта білімімен ферма, бөлімше басқарып, совхоз директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Нұрғабдештің ұлы, Асылбектің әкесі Рымбек зейнеткерлікке шыққанша құқық қорғау саласында қызмет етті. 1997 жылы Қазыбек би атындағы (бұрынғы Егіндібұлақ) ауданы таратылғаннан кейін облыс орталығына жақындаған Рымбектің отбасы қазір Қарағандының іргесіндегі Жаңаөзен аулында тұрады.

Асылбектің нағашы жұрты да текті әулеттен. Анасы Нұргүлдің әкесі Әбілқайыр Ыдырысов Қарқаралы – Қу өңіріне белгілі тұлға: ІІ дүниежүзілік соғыстың және ауыл шаруашылығы саласының ардагері көп жылдар бойы «Қаратау», «Айрық» совхоздарының директоры қызметін абыроймен атқарды. осы отбасындағы он баланың бірі болып, өнегелі үйден тамаша тәрбие, жақсы білім алған Асылбектің анасы Нұргүл зейнеткерлікке шыққанша есеп-қисап ісінің маманы болып еңбек етті.

Таяуда қоғамдық желіде «Шет елдердегі қазақстандық ғалымдар» айдарымен Қуаныш Ерғалиев деген автордың осы жерлес ініміз Асылбек Рымбекұлы Нұрғабдешев туралы мақаласы жарық көрді.

«Академиялық траекториясы алғашқы жарияланымынан, халықаралық конференциясынан және профессорлық көзқарасы тұрғысынан бұрын басталатын адамдар болады. Ол әдетте мектеп олимпиадасынан, оқу бағдарламасы талабынан тыс білімге ұмтылудан, уақыт өте келе ғылыми салауаттылыққа айналатын ішкі тәртіптен бастады. Асылбек Нұрғабдешевті Қазақстандағы пән олимпиадасына бірге қатысқан мектеп жылдарынан бастап білемін. Ол сол кездің өзінде аса сирек кездесетін саналы дүниетанымымен, жүйелі ойлау қабілетімен және білімге деген зор құрметімен ерекшеленетін еді. Қазір бұл жол халықаралық академиялық деңгейде жалғасуда, – деп бастаған екен автор әңгімесін. Ол Асылбектің еңбек жолына шолу жасай келіп, кейіпкері Қазақстан мен Ұлыбританияның Narxoz University, SDU University, Almaty Management University, University of Stirling, Coventry University, Heriot-Watt University оқу орындарында академиялық және басқарушылық рольдер атқарғанын айтады.

– Асылбектің зерттеу бағыты стратегия, халықаралық бизнес, жоғары білімді реформалау, ұйымдастырудағы өзгерістер мен зерттеу жүйесін, білімді интернационализациялау, жаңашылдандыру, цифрлық түрлендіру, HRM және белгісіздік жағдайында стратегияны ұйымдастыруды қамтиды. Оның мақалалары халықаралық деңгейде мойындалған Journal of Business Research, International Journal of Human Resource Management, Studies in Higher Education және Journal of International Management басылымдарында жариялануда. Ол, сонымен бірге, Қазақстан мен халықаралық академиялық қоғамдастық арасында интеллектуалдық көпір орнатуда ауқымды жұмыс атқаруда.

Heriot-Watt Universit-нің ол жетекшілік жасайтын Researcher Internship Programme бағдарламасы бойынша Қазақстанның кем дегенде 35 зерттеушісі халықаралық деңгейдегі ғалымдармен араласып, әдістемелік дағдыларын дамыту, академиялық жарияланым стратегиясын жақсы түсіну және кәсіби ғылыми байланыстарын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды. Асылбектен Қазақстанның жас ғалымдарына қандай кеңес берер едің деп сұрағанымда оның ғылыми жарияланымдар мен қызмет жөніндегі жауабы стандарттық ұсыныстардан әлдеқайда ауқымды болды.

«Егер Қазақстанның жас ғалымдарына кеңес беруім қажет болса, былай деп айтар едім: зерттеуді тордағы академиялық қызмет емес, ұлттық білім жүйесінің бөлшегі ретінде қабылдау керек.

Ұлыбритания мен Қазақстанның зерттеу жобаларындағы өз тәжірибеме жүгінетін болсам, олардың арасындағы басты айырмашылық – зерттеуге деген көзқараста. Жетілген зерттеу жүйесінде, мейлі жоғары білімді дамытуда яки индустрияны қолдауда немесе мемлекеттік шешімдер қабылдауда болсын, қоғам мен мемлекеттің басым бағыттары ғылыммен тығыз байланыста қаралады. Қазақстандағы жоғары білімді түрлендірудегі жұмыс тәжірибемнен байқағаным, басқаруды әртараптандыру, ұйымдар желісінің құрылымын өзгерту, оқу ресурстарын оңтайлы орналастыру және докторлық білім беруді дамыту өте тез жүреді. Әйткенмен, бұл процестерде көбінесе жүйесіздік орын алады, ұзақ уақыт сарапталмайды. Бұл саясатты жүзеге асыру мен жүріп жатқан іс-әрекеттердің арасындағы үлкен үзіліске апарады. Бұл олқылықты толтыру үшін жас ғалымдар тиімсіз жағдайда болады. Сипаттаушы зерттеудің орнына олар реформалар табысының яки сәтсіздігінің механизмін түсіндіретін талдамалық, теориялық негізделген зерттеулер жүргізуге талпынады. Міне, осы мәселе ғалымдардың академиялық зерттеулер шеңберінен шығып, саясаткерлер мен институционалдық жетекшілер үшін маңызды тұлғаға айналуына ықпал етеді», – дейді Асылбек.

Ғылымдағы табыс үшін қажетті қасиеттер туралы сөз қозғалғанда, ғалым үш маңызды бөлшегін атап көрсетеді:

– талдамалық және теориялық талапшылдық;

– уақыт сынына төзімділік және сынмен жұмыс істей білу;

– институциональдық, саяси және халықаралық зерттеуге қызықтыру қабілеті.

Қазіргі таңда Қазақстан ғылымын дамыту үшін өзің қандай үлес қоса алар едің деген сауалға оның жауабы қайтадан академиялық көпірлер идеясына қайтып оралады: – Тап қазіргі кезде басты міндетім – Қазақстанның зерттеу жүйесі мен халықаралық академиялық ортаның арасындағы байланысты нығайту, – дейді ол.

Асылбек Нұрғабдешевтің тарихы шет елдердегі ғалымдарымыз отандық ғылымды дамытуға ашқан жаңалықтарымен және халықаралық жобаларға қатысуымен ғана емес, интеллектуалдық байланыстар орнатуымен, ғаламдық академиялық ортаға Қазақстанның қатысуын кеңейтуімен, зерттеушілердің жаңа буыны қалыптасуына жәрдемдесумен үлес қосуда. Асылбек үшін ғылым кәсіп қана емес, туған елінің ұзақ мерзімдік дамуының пәрменді құралы».

Досының кәсіби қызметі мен зерттеу нысандары жөнінде жан-жақты хабардар Қуаныш Ерғалиевтің ой-пікіріне тек Асылбек қазір Ұлыбритания құрамындағы Шотландияның астанасы Эдинбургте тұратындығын, тарихы 1582 жылдан басталатын, әлемдегі ең үздік оқу орындарының санатындағы университеттің ғылыми жұмыстар саласына жетекшілік ететінін қосамыз. Айтпақшы, Асылбектің жары Бақтынұр Қазыбек түркиялық қазақтың қызы. Қазыбек құданың әкесі ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары немістердің тұтқынына түсіп, бейбітшілік орнаған кезде КСРО-ның жазалау лагеріне түспеу үшін Еуропада қалып қойған Павлодар облысының тумасы көрінеді. Кейін Германиядан Түркияға қоныс аударыпты. Қазыбектің кіндік қаны түрік жеріне тамған. Оның зайыбы жергілікті ұлттың өкілі. Асылбек пен Бақытнұр тағдырдың жазуымен осы Түркияда табысыпты. Қазір олардың екі ұлы мен қызы өсіп келеді.

Балалық шағынан алдына үлкен мақсат қойған Асылбек қырқында қамал алмаса да, әлемдік деңгейдегі білікті мамандар даярлаумен қатар мемлекетті дамыту стратегиясы, халықаралық бизнес және жоғары білімді реформалау саласында тамаша зерттеулер жүргізуде. Оның ендігі асыл мұраты Қазақстан білім жүйесі мен ғылымының деңгейін Еуропалық сапаға жеткізуге өз үлесін қосу.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button