Халықаралық гроссмейстер атанды
Ақтөбеде щахматтан халықаралық Aktobe Open турнирі өткен болатын. Оған облыс атынан 17 жастағы шахматшы Даниял Сәпенов қатысып, турнирдің күміс жүлдегері атанды. Әрі халықаралық дәрежедегі гроссмейстер нормасын да орындады.
Турнир барысында жерлесіміз тоғыз кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жеткен. Ал, бес ойында қарсыластарымен тең түскен. Даниялдың осы турнирдегі қарсыластары осал емес. Халықаралық дәрежедегі чемпиондармен де, гроссмейстерлермен де бақ таласты. Тіпті, Еуропа чемпионы Алексей Сарананы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Денис Махнёвті және румыниялық гроссмейстер Александр Мотылевті де жеңді. Нәтижесінде, жерлесіміз тоғыз кездесуде жеңілмей, турнирдің күміс жүлдегері атанды. Әрі гроссмейстер нормасын да сәтті орындады. Бүгінде Даниялдың рейтингі 2500 ұпайға жақын. Ал, көптеген шахматшы үшін дәл осы көрсеткіш гроссмейстер атағына апарар жолдағы ең күрделі белестердің бірі саналады. Жерлесіміз шахматпен жеті жасынан бері айналысады.
Айта кетейік, Даниял Сәпенов сәуір айында Сербияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында рапид түрінен күміс медаль жеңіп алған болатын. Бұған дейін де қарағандылық шахматшы өз жас санатында блицтен әлем чемпионы атанып, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері болған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»