Қалтыраған жолаушы, қайталанатын уәде

    Туған жер, өскен ауылға барып тұру – парыз. Жыл мезгілін талғамайсың. Уақытынан ертерек түскен кәрі құда – қыстың қарашадағы тосын мінезіне ұрынғаным. Ауылым – Ақтоғайда. Аяз ақырып тұр. Автобусқа тұра ұмтылдық.

    Санамызда, «тоңазы­ған бойымыз көлікте жылынады-ау?» деген үміт бар. Отырдық. Жылжыдық. Қайдағы? Паравоздың қазандығынан бұр­­қылдайтын бу аузы-мұрнымыз­дан атқылай бастады. Алдыңғы орындыққа жайғасқан тәтем аяғын-аяғына соға бастады. Тура паравоздың доңғалағы рельске ұрылғандай естіледі екен. Өзім де жетісіп отырғам жоқ. Қалада тұратындары да, ауылдағы да баяғының тұлыбы мен тонын, жүн бөкебайын ұмытқан. Әрине, Қарағандыда тұрып тон киіп, пимамен, саптама етікпен жүрмейсің. Цивилизация. Бірақ, цивилизацияға сай жылы көлік жоқ. Ақтоғайға қатынайтын автобус сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қарға малтығып қалғандай. Кинохроникадан көргенмін. Ол кезде қала да, дала да тон, пима киіпті. Еш cөкеттігі жоқ.

    Ақтоғайдың шағын автобусына мінген жолаушылар «Автобусты сұ­рап тиісті жерлерге қоңырау шалсақ, «көлік жылы, жүріп тұр» деп қайырады, – дейді. Алдыңғы орынға жайғасқан тәте: «Жалпы, еміне шипа іздеп, оны-мұны алуға келген ауыл халқының көбі қалаға күндіз келеді. Үш мезгіл емес, таңертең жүретін жылы автобус болса бізге сол жетеді» деп отыр.

    Ақтоғайға қатынайтын автобус – «Манас» ЖШС-не қарайды. «Манас»-тың әкімшілігіне хабарлассақ, басшылары бітпейтін жиналыс­та жүреді. Жауаптан жалтарып келе жатқанына биыл үшінші жыл.

    Жалпы, тендер түсінігінде белгілі мүлікті сатып аларда ұсыныстар көрсетілуі тиіс. Тендер жылда өтіп, техника жаңарғанымен, Ақтоғайдың «пазигі» өзгермеді. Осыдан кейін мемлекеттік тапсырыспен тендер өткізгенде көлік көбінесе төмен баға ұсынған серіктестіктердің уысында кетеді дегенге сенбеске лажың бар ма? Бес сағаттық жолдағы автобус­тың жағдайын «бөліп ал да, билей берге» салғаны қаншалықты ақылға қонымды? Қоңырау шалсақ, ақпарат бермей бір-біріне сілтейтін Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл бассыздыққа қалайша бейқам?

    Білуімше, ауданның көп тұрғыны таңғы бесте тұрып, таксимен жүргенді жөн көреді. Содан шығар ауданнан қалаға жүретін такси көп. Шет ауданының тұсынан көлікті жолдан тоқтатып, сөмке арқалаған балалы ана мінді. Автобусты қанша күткенін білмеймін, тоңып қалыпты.

    Жолай мазарлар жанынан өткенде бетін сипап отырған ақсақалдың әңгімесінің жаны бар. «Ақтоғай десең, қазақтан шыққан үш арыстың елі ме?» дейді көбі. Кезінде Әлімхан Ермеков бұл жерге теміржол салғызуды армандаған екен. Қазір ше?

    Қарағандыға кірер тұста, автобус­тағы көңілсіздікті ұйықтап тұрған бүлдіршіннің күлкісі бұзды. Ойыншығы көп саудагердің баласы екен, бәсеке сауданы бастады.

Кімге тікұшақ керек?

Апа, КамАЗды кім алады?

Ал, автобус ше? Кім алғысы келеді оны?

     Автобус па? Автобус – Ақтоғайға керек, мен аламын, – деді тілі тәтті баланың саудасына разы болған ақсақал мың теңгені ұстатып. Автобус­тың іші ду күлкіге ұласты. Мен көрген ниеті дұрыс сауда – осы.

    Ақыры дүйсенбі күні суық тиіп ауырдым. Цивилизация ғой. Ең бас­тысы, туған ауылдың түзу ұшқан түтінін көріп қайттым. Бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын бейқам ауыл. Сол да көңілге медеу.

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.