Руханият

Алтын жүрек

Бекзат сол күні ерте оянған. Бойы да, ойы да – сергек. Бірақ, жылы төсектен тұрғысы жоқ. Әкесі Ғомар мен анасы Қайынжамалдың шәй үстіндегі әңгімесіне көрпеден басын шығарып, құлағын түрді. Бала жүрегі кеше кешкілік бірдеңені сезген. Өзінен кейінгі екі бауыры Жомарт пен Қазбекті ертіп алып, әкесі төртеуі ауылдағы ағайынды аралап шыққан еді. Әкесінің барған үйде айтатын әңгімесі:

– Ертең қалаға – дәрігерге жүремін. Амандасып шыққалы келдім, – дейді. Ақпейілді ағайын: «Алла шипасын берсін!», «Бір Алла өзі жар болсын!» деп аңқылдап жатыр. Бала болса да, Бекзаттың жұдырықтай жүрегі нағашы атасы Әмірхан ақсақалдың үйіндегі әңгімеден секем алып қалған. –

Мына Нәсіпбекті аттарыңызға жазып алыңыздар. Міне – метіркесі. Құдай алдында сұрауы жоқ. Осы бала – Сіздерге аманат, – деді ғой әкесі. Аманат сөзінің батпандай салмағын сол кезде сезген алғаш рет. Ендігі таңғы әңгіменің төркіні – мынау.

– Қайкен, мен саған сенемін! Сен – мықтысың, қажырлысың! Егер, әлде қандай жағдай бола қалса, мына балалар – өзіңе аманат. Ешкімнен кем қылмай, қатарынан қалдырмай өсірерсің, – деп, тағы аманат айтып отыр. Қайынжамал болса, шыр-пыр болып:

– Оныңыз не, отағасы? Жақсы сөз айтыңыз. Әлі-ақ айығып, аттай шауып кетесіз, – деді сабырлы қалпынан айнымаған күйі. Ізі жалынға шарпылғандай болып, жүрегі езіліп отырса да, жан баласына сездірер емес.

Осыдан кейін Бекзат жата алмады. Көрпесін серпе ашып, ауыз үйге атып ұрған. Әкесінің мойнына асылған күйі кемсеңдеп қоя берді. Әкесі де он үш баланың ортаншысын көтеріп алып, еміреніп тұр.

– Бека, құлыным! Жылама! Жаман ырым бастауға болмайды. Мен жазылып келемін де, үйге көп қонақ шақырып, той жасаймыз, – деді, өзі қиналып тұрса да, ұлына мейірімін төгіп. Бұлардың дауысынан қалғандары оянып, түгелдей әкелеріне жабысып жатыр. Жабысып емес-ау, Алла қоштастырып жатыр. Қанша қажырлы болса да, Қомар ауырғалы уайымнан қалжырап жүрген Қайынжамал дәл осы сәтте алдағы күннің ауыр тұрмысы мен тағдырының тасыр мінезіне тастүйін болып бекініп алған еді. Сонда да, жанарының ащы жасын балаларына көрсеткісі келмеді ме, орнынан шапшаң көтеріліп, сыртқа беттеген. Далада көп аялдаған жоқ.

– Қоман, автобустың уақыты болып қалыпты ғой. Кешігіп қалармыз, қозғалайық, – деп, түнде дайындап қойған сөмкелеріне қол созды. Үрпиісіп, әлі де ұйқыларын аша алмай тұрған балалар да ата-анасымен бірге сыртқа беттеді. Қолдарын бұлғап, шу-шу етеді. Үйде жалғыз-ақ бесікте қаннен-қаперсіз пысылдап ұйықтап жатқан кенже баласы Айжан ғана қалыпты. Бойлары мұздаса керек, балалар дірдек қағып үйге беттеді. Бекзат қана әкесі мен анасының соңынан ұзақ қарап тұрды. Қарашаның қара суығын да елең қылар емес. Қайдан білсін, әкелері дәл қазір өздерінен мәңгіге алыстап бара жатқандарын. Қайдан білсін, алдарында бұдан да суық тағдырдың ызғары күтіп тұрғанын.

…Осылайша, қарашаңырағынан өз аяғымен аттанған әке араға апта салып, қара табытпен оралды. Бекзат сол күні есейіп шыға келген.

***
Дархан даланың көкжиегіндегі көрмедей көз тартатын сұлу мекен Ақтоғай – бекзадалар бесігі, алыптар мекені. Ақсораң биігіне, Қызыларай қиясына, Шатырша шатқалына, Тоқырауын жағасына ұлылық ұя салған. Иә, Арқадағы ең биік тау Ақсораң «Алаш!» деп атқа қонған Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды алыптардың айбарындай асқақтап, Шатыршадан ескен жел Нарманбеттің шабытындай, Әсеттің әнінде әсер қалдырады. Тоқырауын толқынымен үндесіп, сыбызғыдай сырлы әуен төккен қамыс-құрағының өзі Манарбек пен Күләштің сиқырлы үнін құлағыңа жеткізеді. Салқар Сарыарқаның салтанат-сәні де, Арқаның ажары да, тірліктің базары да – осында. Асқақ рухтың қайнары да, Алаштың айбары да – Ақтоғайда!

…Осыдан тура жарты ғасыр бұрын осы бір қасиетті топырақта шекесі торсықтай алтын айдарлы ұл дүниеге келді. Бір-бірінен сүйінші сұрасып, Ғомармен бірге қуанған ел сәуірдің сәруар сәулесіндей шуаққа құндақталған сәбиге Бекзат деп ат қойды. Бекзада болмысын бесігінде танытқан ұлды абзал Ана Тоқырауын суына шомылдырған. Қылығы тәтті қызыл шақаны қырқынан шығарарда қырық қасық шілде суын да тамшысына қасиет тұнған осы Тоқырауынан көсіп алған-ды. Тоқырауын толқынындай екпінді, суындай мөлдір болсын деп ырымдаған. Топшысын Тоқырауын тұнығына малып, томағасын Шатыршаның қиясында сыпырған балапан бүгінде қызылбалақ қыранға айналды. Бәтуалы елдің батасы, ымыралы елдің ырымы қабыл болды. Тағдыры маңдайынан сипамады.

Тағдыр тауқыметімен күресе жүріп, сағынышпен есейді. Оқуды сырттай оқып, еңбекке ерте араласты. Тоқырауындай толқынды тағдыры жағаға ысырып тастай алған жоқ. Ағысқа қарсы жүзіп, анасына қолқанат болған кешегі бала Бекзат бүгінде дана Бекзатқа айналды. Алтын бесік Ақтоғайдан тамыр тартатын тарпаң тағдыры ұлы бесік Ұлытауда із қалдырды. Қазыналы Қарағандының қазанында қайнап, бабаның сақилық салты мен заманның саясат талабының екі тізгін, бір шылбырын тең ұстады. Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде төселген қаламынан Алаш баласы асыға күтетін ордалы ойлар туды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, жиған-тергенін басып жейтін қарақұс емес, шашып жейтін сұңқар болмыс танытты. Осындай азаматтың абзалына дос болған менде де арман жоқ шығар…

Отыз екі жыл бойы сызат түспеген достығымыз бүгінде ақыреттік достыққа айналды. Біздің заман қандай еді? «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» деген өтпелі кезеңнің өткелінде танысқанбыз. Мекеніміз – Жезқазғандағы «Советская-7» аталып кеткен жатақхана. Жасыратыны жоқ, біздер – жыл он екі ай желігі басылмайтын серілер мен перілердің қатарынан едік. Біздер сырахана жағалап жүргенде, Бекең облыстық радионың репортерін асынып, жұмысқа бара жататын. Біз ауылдан дорбалап тасып, тиын-тебенді уыстап шашып жүргенде, Бекзат досым ауылдағы анасы мен артындағы бауырларына сәлем-сауқат жөнелтіп жүреді. Түнгі сауықтан түнеріп кеткен жүзімізге қан жүгіртетін де – Бекзат. Не керек, аңдитынымыз – Бекзаттың қалтасы мен оқуға училище бітіріп келіп түскен ақын апайымыз Светлана Жумкинаның бөлмесі. Осылай өтті біздің жастық дәурен.

Бекзаттың қазіргі абыройы ол кезде аласа болды деп айта алмаймыз. Сол уақыттың өзінде сөз ұстап, көш бастап жүрді. Аймақтың қадірлі ақсақалдарымен пікірлесіп, елге тұтқа болған азаматтармен аралас-құралас болды. Қорадағы малын, басындағы бағын емес, дақ түспеген Арын байлық санаған аяулы азаматпен қатар жүріп, қапталдас өссек те, өзімізге ұстаз санадық қаршадайынан тағдыр талқысына түсіп, өрімдей кезінен өмір мектебін көрген қайырымды жігітті.

Атағы Арқадан Алатауға жетті. Абыройы – атан белін қайыстырар шамада. «Білім меценаты» атанып, Ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығын иеленді. Бірнеше рет халық аманатын арқалап, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаты атанды. Желдің өтінде басталған тағдыр жолы қазір елдің алдындағы абыроймен жалғасты. Бірақ, қарапайым қалпынан айныған жоқ.

***
…Бүгін анасы Қайынжамал ерте тұрды. Бекзат та ояу жатыр. Пештің күлін алып, ыңылдап мұңлы әуеннің жетегінде отыр. Ұлы да бірге егіліп жатыр. Бірі – пештің алдында, бірі – көрпе астында. Пештің күлінен ұшқан жеңіл тозаң анасының жанарынан тарам-тарам аққан жасқа қонып, бетаузын айғыздап жатыр. Ол – жуса кететін тозаң. Ал, Қайкен ана жүрегіндегі айғызды кім көріпті?! Оны ұлы Бекзат көрген. Көрмесе де, жантәнімен сезінген. Сол сәтте көрпесін серпіп тастап: «Мен анамның қайғысын қуанышпен, бейнетін бақытпен алмастырамын! Анамды алақаныма салып, жүрегімде аялаймын!» деп, өз-өзіне серт беріп, мақсат қойды. Күні бүгінге дейін сол сағыныш, сол мақсатпен өмір сүріп келеді. Арманы орындалды, мақсатына жетті.

Аяулы ананың дұғасын, асыл жары Шолпанның тілеуін қабыл еткен Алланың мейірімі шексіз ғой, шіркін! Елдің алғысын, жетім-жесірдің батасын қосыңыз осы екі аяулы жанның ақ тілеуіне…

Бекзада болмысты Бекзат досымның Алтын жүрегі айналасына шуағын төгіп, елу деген белеске көтеріліп барады. Ғасырлық ғұмыр тіледім!

…Кешегі сайлау дүбірінен кейін Ақтоғайға барып, бір-екі күн демалып келетінін айтты. «Тоқырауынға су келді ме екен?» дейді алаңдап. Неткен тектілік?! Неткен бекзадалық! Туған топырағындағы Тоқырауынның арнасын толтырып, кемелденген жеріндегі Кеңгірді кемеріне толтыратын пейіл ғой – мынау! Ол – солай! Ол – Алтын жүрек иесі!

Ерсін МҰСАБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button