Бас тақырыпРесми

Алтын орда: той басы – Алаш кіндігінде

Алаш – Алтын орданың аузынан түсіп қалған бел баласы делік. Бұрынғы Жошы ұлысының орталығы – бүгінгі Алаш даласының кіндік астанасы Ұлытау Қарағанды аймағына қарағандықтан, Алтын орданың 750 жылдығы осында тойланбағанда, қайда тойлансын?! Облыс орталығындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Сарыарқа және Алтын орда: уақыт пен кеңістік» атты халықаралық конференцияның тақырыбының өзі біраз жайды аңғартып тұрған жоқ па?!

Алтын Орда деген алты құрлықтың үштен бірі, әсірелегенде. Көшпелілер тілімен айтқанда, Жағропаң (Еуропа) қоса кіреді. Батысы Венгриядан басталғанда, шығысы Корей түбегіне дейін жалғасады. Халықаралық конференцияға қазақ оқымыстыларымен қатар, Түркия, Ресей, Германия, тағы басқа да елдердің ірі ғалымдары баяндама жасады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кіріспе сөзін «Ұлы ұлыс елі немесе Алтын Орда аталған іргелі елдің негізін қалаушы Жошы ханның кесенесі Ұлытауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен халықаралық туристік форум да Жошы хан кесенесін мәдени туристік нысанға айналдыру қажеттігі туралы айтқан болатын. Осы бастаманың аясында облысымызда бірқатар нақты іс-шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асып отыр» деп бастап, Ұлытауда туризмді дамыту мәселелері жөніне тоқталды. Әрі қарайғы модераторлықты Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиға ұсынды. Ұлы Дала тарихын әріден қайыра отыра, Шыңғыс хан құрған Империя, оның ішінде Жошы ұлысын айтып, мұндағы киелі жерлерде туризмді дамыту тетіктерін қаперлеп өтті.

Тарих ғылымдарының докторы, Германияның Бонн университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет «Алтын Орданың Шығыс деректемелеріндегі түрліше аталуы» тақырыбында баяндама жасады. Археолог, PhD (доктор пейджи), Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Айбар Қасеналин «Ұлытау өңіріндегі Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени мұрасы» бойынша, генетик, PhD, Назарбаев Университеті ғылыми қызметкері Айқын Асқапұлы «Байырғы мүрделерге генетикалық талдау жасау әдісі және оның Алтын Орда тарихын танудағы маңызы» хақында жаңалықтарымен бөлісті. Айбар Қасеналин Алтын Орда дәуіріндегі ескерткіштерге археологиялық зерттеу барысында былтыр Ұлытаудағы Болған ана кесенесінен алтын тостаған мен сырға тауып, сенсация жасағанын білеміз. Осы жолы соған жасалған ғылыми сараптама төңірегінде сөйледі. Айқын Асқапұлы болса, Жошы хан, Алаша хан кесенелеріндегі адам сүйектеріне генетикалық сараптаманы АҚШ, Жапония зертханаларымен бірлесе жасап жатқандығын айтты. Жошы хан кесенесінен алынған сүйек Алтын Орда дәуіріне жататыны анық дейді ғалым. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда екен.

Бұл уақытты «Достық үйінің» алдында Жошы ұлысы жөнінде театрландырылған көрініс пен концерт те басталып кетті. Ресей, Түркия ғалымдарының баяндамасымен жалғасқан конференция кеше осында өтті де, ғылыми топ бүгін Жезқазған қаласы мен Ұлытау өңіріне сапарға шықты.

Халықаралық конференцияны Қарағанды облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Яссауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институты, ҚР Ұлттық музейі мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan center» орталығы бірлесіп өткеріп жатқанын естеріңізге саламыз.

Жәнібек Әлиман

Басқа материалдар

Back to top button