«Қалдырған ізің мәңгілік…»

     Осыдан бір жыл бұрын академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қара шаңырағының бірі – филология факультеті қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, белгілі лингвист-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Тұрмағанбет Төлешұлы ПІРІМБЕТОВ ұзаққа созылған науқастан 63 жасқа қараған шағында тал бесіктен мәңгілік жер бесікке аттанды…

Т.Пірімбетов 1954 жылдың 24 қаңтарында Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде, яғни, Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Аққорған ауылында қарапайым теміржолшының отбасында дүниеге келген. Шорнақ ауылындағы 10 жылдық орта мектепті үздік аяқтап, екі-үш жыл әке-шешесінің ұсақ-түйек жұмыстарына қолғабыс жасаған жас жігіт жоғары білім алу мақсатында 1974 жылы ҚарМУ филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түседі.

1979 жылы университет қабырғасын тәмамдаған соң, сол кезеңдегі жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарға арналған тәртіп бойынша 3 жыл «оқу өтемін» қайтару үшін бұрынғы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданына қарасты шалғайдағы Шеңбер, Терісаққан ауылдарына мұғалімдік қызметке жіберіледі. Онда жұбайы Алтын тәтемен бірге (жеңгеміз Алтын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы ретінде орыс тілінен сабақ береді) ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ жүргізіп, мол тәжірибе жинақтайды.

Қазақ тілі проблемаларын зерттеп-зерделейтін маман кадрлардың тапшылығына байланысты кафедра меңгерушісі Қ.Нұрмұқанов 1982 жылы Т.Пірімбетовті кафедраға шақыртып алып, жолдамамен Алматыға аспирантураға аттандырады. Алматыда 1982-1985 жылдары жоспарлаған ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақытында аяқтап, түркі әлеміне белгілі тіл маманы, академик Рабиға Сыздыққызының жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі қарапайым сөздер табиғаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын орыс тілінде жазып қорғайды. Мектеп қабырғасында 10 жыл, университетте 5 жыл ана тілінде білім алған жас жігіт үшін орыс тілінде күрделі ғылыми еңбек жазып, оны көпшілік алдында тосылмай, үлкен абыроймен қорғап шығуы шынында да жетістік еді. Зерттеуде қазақ тіл білімінде лексика саласы бойынша арнайы тақырып ретінде зерттеле қоймаған тілдік мәселенің бірі – қарапайым сөздер табиғаты, сөйлеу тілі элементтерімен ара қатынасы, қарапайым сөздердің шығу негіздері, жасалу жолдары, қарапайым сөздердің эмоционалды-экспрессивті бағалама қызметі, семантикалық топтары мен көркем мәтіндегі кейбір қолданыстары алғаш рет ғылыми тұрғыда сөз болып, көпшілікке таныстырылды. Ғалымның осындай тың еңбегін академик І.Кеңесбаев бастаған әйгілі зерттеушілердің өзі мойындап, жетістіктеріне оң бағасын береді.

Міне, 1974 жылдан бастап табаны күректей 40 жыл бойы доцент Т.Пірімбетов білім-ғылым саласында талмай еңбек етті. Осы мерзім ішінде ол қаншама шәкірт тәрбиелеп, қазақ тілі мен әдебиетінің шын жанашыры, білікті маманы болып шығуына өз үлесін қосты.

Доцент Т.Пірімбетовтің соңында «Қазақ тілінің сөйлеу тілі элементтері (қарапайым сөздер)» (Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2011. – 163 б.) деп аталатын монография, 12 оқу-әдістемелік құрал, 2 электронды оқу құралы, 150-ге жуық ғылыми мақаласы қалды.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы, қазіргі қазақ тілінің морфологиясы, сөз құрамы, туынды сөздер, Абай шығармаларының тілі мәселелеріне арналған.

«Қазіргі қазақ тілі сөзжасамы» деп аталатын зерттеуі де – тіл ғылымы саласында және студент, магистрлер арасында үлкен сұранысқа ие еңбек. Мұнда ғалым қазақ тілі сөзжасамының қызықты да күрделі категория екенін, сөзжасамды тіл білімінің бір саласы деп тануда оның тұлғалық-құрамдық жағынан емес, семантикалық тұрғысынан қарау керектігін көпшілік алдына жайып салады. Қазақ тілі лексикасын сөз таптарына жіктеуде де тың, соны пікір білдіруі лингвистер ортасында қызу талқылау (резонанс) тудырды. Сөздерді сөз таптарына қарай бөлуде қандай мәселелерді басшылыққа алу керек, қандай негізгі критерийлерге сүйену қажет деген мәселелері де қазіргі ғылыми басылым беттерінде жиі-жиі көтеріліп жүр.

Т.Пірімбетов ресми түрде доцент болғанымен, әріптестері ортасында баяғыда-ақ бейресми түрде профессор деп танылған тіл білімінің білгір маманы еді.

Жалпы, қазақ тіл білімінің көсегесін көгертем деп тер төккен атпал азамат Тұрмағанбет Пірімбетов әріптестері мен шәкірттері арасында зор беделге ие болды. Атап айтқанда, «Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне еңбек сіңірген қызметкер» (2014ж.) төсбелгісі және «Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ға – 40 жыл» (2012ж.) мерейтойлық медалімен марапатталды.

Тұрекеңнің ғылымнан өзгеше тағы бір қыры – саламатты өмір салтын насихаттайтын сергек спортшы болғандығы. Шахмат тақтасын мейлінше меңгерген спортшы ретінде түрлі спартакиадаға үзбей қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Қолы қалт еткенде айналысатын негізгі хоббиі – балық аулау, яғни, әуесқой балықшылық. Балық десе, Тұрекең ішкен асын жерге қоюшы еді. Қысы-жазы балық аулаудан бір жалықпайды. Қашан әңгімелесе кетсең, ғылымнан бөлек екінші тақырыбы бірден балыққа ауысып жатады. «Жалпы, табиғат ана жаңынды жадыратып, тәніңді сергітеді. Бір сәт шаршағаныңды басып, тың күш, жаңа идеялардың туындауына әсер етеді, – дейтін марқұм Тұрмахан ағам демалыс жайын сөз еткенде.

Негізі, Тұрмахан аға «сегіз қырлы, бір сырлы азамат болды. Ол – физикпен физика тілінде, математикпен «сандар әлемінде», химикпен «реакциялар тілінде» тайсақтамай, еркін пікірлесе алатын бесаспап маман деп айтуға болады. Техникаға жаны құмар жан өзінің бір сәт темір тұлпарсыз тұра алмайтындығын да айтып қоятын. Мұндай жан-жақты азаматтың білімді де, ғылымды да, техника мен спортты да бірдей қатар алып жүруі – кемде-кем жайт. Техникаға деген шынайы құштарлығын ұлдары Мәрлен мен Мәуленнің бойларына дарыта білді. Техника тіліне жақын болғандығынан да болар, кезінде Тұрекең ТСО-дан (оқытудың техникалық құралдары) да сабақ жүргізді.

Тәжірибесі бай, білікті маман ретінде қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі қызметін де абыроймен атқарып, ана тіліміздің қарыштап кең қанат жаюына азды-көпті үлесін қосты.

Тұрмағанбет аға отбасының ұйытқысы, қамқоршы, үлгілі әке бола білді. Жұбайы Алтын екеуі перзенттерінен тараған 5-6 немересінің ақылшы ата-әжесі атанды. Ол ешқашанда еш нәрсеге мойымайтын, рухы мықты, бойында күш-қуаты зор, интеллектуалды азамат ретінде біздің санамызда қалды. Сабырлы да салмақты, байсалды да білімпаз, ізденімпаз, «ақырын жүріп анық басатын, еңбегі далаға кетпейтін» Тұрмағанбет Пірімбетовтей абзал азаматтың қалдырған ізі мәңгілік…

Бектұрсын ҚАЛИЕВ,

ҚарМУ қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.