Алаш әскерінің келбеті
Әскери өнер қазақтың қанына ананың ақ сүтімен сіңді. Ал, генетикалық жадына алты мың жыл бұрын арғымаққа қонған бағзы бабалардан дарыды. Алаштың сарбазы дүр замандарда дірілдетіп жаһанды сақ, ғұн, түркі, қыпшақ болып томсарды. Мұң замандарда дүбірлетіп қаһарды қорамсаққа қол салды. Сөйтіп, Алтай менен Атыраудың арасына алдаспанмен жол салды. Ал, сол алып даланың қожасы – қазақтың әскері азаттық жылдары қалай құрылып еді? Оның әлеуеті қандай?
ҚАЗАҚ САРДАРЫ ҺӘМ ӘСКЕРИ ӨНЕР
Қазақ сарбазының болмысында жауынгерге тән басты үш қасиет бар. Ол физикалық мықтылық, терең интеллект, моральдық тұрақтылық. Бұл дегеніңіз Абайдың тілімен айтқанда: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».
ХХ ғасырдан бергі дәуірді алсақ, Алаш баласы өзінің баһадүрлік қасиетін Ұлы Отан соғысында көрсетті. Одан кейін Азияның Вьетнам, Ауғанынан бастап, Африканың Анголасына дейінгі аймақта Кеңес әскерінің құрамында өз борышын адал атқарды. Өйткені, оның бойын жауынгерлік рух кернеп тұрады.
Біздің халықтың неміс пен жапон жұрттарымен ұқсастығы бар. Ол темірдей тәртіпке саналы түрде мойынсұна білу. Айтып өткен рух – содан туған дүние. Бұл сипатын аты аталған қос жұрт бейбіт уақытта елінің өркендеуіне пайдаланып жатыр. Осы қасиет біздің батырларды жаһан сарбазына эталон етті. Сондықтан да, әскері жоғары технологиялы қарумен жарақталған Израиль мемлекеті өз офицер-оғландарына қарумен қоса, баһадүр Бауыржан жайындағы Александр Бектің «Волоколамск тасжолы» кітабын ұсынса керек.
Қазіргі Қазақ елінің Қаулы күштері де – мемлекет мүддесін халықаралық аренада абыроймен қорғайтын айбарлы күш. Бұған дәлел – әлемнің әр түкпірінде бітімгершілік миссиясын атқарып жүрген аэромобилді әскер құрамындағы «Қазбриг» бөлімі. Оның құрамындағы «ҚазБат» батальондары БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында жаһандағы әскери жанжалдарда әлем қауымдастығы алдындағы мемлекетіміздің борышын орындап келеді.
Жалпы, біздің барлық әскери бөлімдердегі офицер-сержанттар білікті мамандар. Өйткені, елдегі әскери оқу орындары олардың қатарын өз ісінің шеберлерімен толықтырып жатыр. Оған шетелде білім алып, Отанына қызмет етіп жүрген жүздеген жас өрендерді қосыңыз. Сондықтан, бұл тарапта басқадан кем түсер жеріміз жоқ.
ӘСКЕР ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?
Алаш әскері Ауған соғысының отында он жыл бойы шыныққан 40-шы Армиядан бастау алады. Түркістан Әскери округіне қарасты екі жүз мыңдық қосынның сол кездегі қолбасшысы, генерал-лейтенант Анатолий Рябцев болатын. Осы азамат Кеңес Одағы ыдыраған тұста Мәскеудің бұйрығын орындаудан бас тартты. Қалың әскерді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құзырына бағындырып, қазаққа өлшеусіз қызмет қылды. Сөйтіп, Бас штаб үшін сатқын атанды. Генералдың осы әрекеті біздегі қару-жарақ пен әскери техниканы басқаның талан-таражынан сақтап қалды. Бірақ, соған қарамастан, Ресейдің арнайы жасағы ел аумағындағы барлық стратегиялық бомбалаушы ұшақтар мен ядролық оқтұмсықтармен жарақталған зымырандарды шекара асырып үлгерді. Сол аласапыран кезде Ақтөбе қаласында тұрған заманауи артиллериялық дивизияның да көрші елдің барымтасында кеткенін білдік. Осы құпия операциялардың басы-қасында ресейлік генерал-полковник Георгий Кондратьев пен полковник Александр Лучанинов тұрған екен. Мұны солардың өз елінің БАҚ өкілдеріне бертінде ағынан жарыла айтқан әңгімесінен аңғардық. Содан кейін АҚШ, Ресей және Қазақстанның қатысуымен жасалған үш жақты келісім-шартқа сай, ядролық қарудан да бас тартқанымыз белгілі. Есесіне, ел қауіпсіздігіне мызғымас кепілдік берілді. Біздің мемлекет әп-сәтте жаһан елдерінің алдында бейбітшіліктің жаршысына айналды.
ӘСКЕРИ ӘЛЕУЕТ
Біздің ел бодандықтың қамытын сыпырғаннан-ақ, заманауи қару-жарақпен жарақталған мобилді, кәсіби әскер қалыптастыра алды. Оның құрамында IT саласын жетік меңгерген мамандар да жетерлік. Олардың көмегіне әскердің ғарыштағы көзі мен құлағы болып табылатын жасанды жерсеріктерінің тілін игеруде жүгінеміз. Оған Қарулы Күштердегі күрделі зениттік-зымырандық кешендерді қосыңыз. Сондықтан, осындай озық қарумен жарақталған әскер осал болмаса керек…
Алайда, Қазақстанды әлем елдерінің жауынгерлік қарымын саралайтын халықаралық Global Fire Power агенттігінің сарапшылары әскердің әлеует рейтингісінде 62-ші орынға орналастырыпты. Бұл тізімде көрші Өзбекстан 52-ші орында екен. Аталмыш рейтингте Қарулы күштердегі әскер мен техниканың саны мен сапасы, мемлекеттің қаржылық жағдайы мен өнеркәсіптік қуаты, жер аумағы мен халық саны, сыртқы қарызы мен қазба байлығы сынды 50 көрсеткішті есепке алады екен. Бұл ретте Қазақстан Қарулы Күштерін артқа тартатын факторлардың қатарына әскерилердің саны (132 мың адам) мен қорғаныс бюджетін (4 млрд. доллар) және басқаларын жатқызуға болады. Оған Ұжымдық қауіпсіздік аясында әуе қорғанысы көршімізбен ортақ екендігін, ел аумағында басқа ел әскері орналасқандығын (Приозерск қаласындағы әскери бөлім сынды 5 нысан), заманауи жедел тактикалық зымыран кешендерінің болмауын, жаңа буын ұшақтары (Су-30СМ) аздығын, жеке қорғаныс құралдары (Кеңес кезіндегі ОЗК) ескіргендігін қосыңыз. Жалғыз келіспейтін дүние – біздің елдегі әскери техника мен қарудың бұл тізімде көрсетілген мөлшерден анағұрлым көптігі.
Қазақ Елі Қарулы Күштеріндегі азаматтардың айбыны асқақ. Тек әскердің айбарын арттыратын озық әскери қару мен техниканың санын көбейтсек, айбатымыз асып, алынбайтын қамалға айналарымыз анық.
ДЕРЕК:
Әскери өнердің интеллектуалдық қырын игеру ауадай қажет. Мәселен, зымырандық қондырғы мен зеңбіректен зымыраған бір оқтұмсық нысанаға дәл тиюі үшін ауаның температурасы мен қысымы, оқтың өз осінде айналуы, зарядтың температурасы, желдің бағыты мен жердің айналуы секілді ондаған фактор есепке алынады. Осы мәліметтердің негізінде офицер өте күрделі есептер шығарады. Ал, сержанттар мен сарбаздар жоғары технологиялы оптикалық құралдар арқылы қашықтық пен бұрышты, еңістік пен биіктікті анықтайды. Тіпті, әскери ғылымда шеңбер 360 градусқа емес, 6000 бөлікке бөлінген. Ал, координаттар географиялық, тікбұрышты, полярлы болып бөлінеді. Сол себепті, «саптағы сарбаз жарау аттай шынығып, шаба береді» деген ұғым түпкілікті түрде жаңсақ екендігін айта кеткен жөн. Өйткені, әскери офицер кәсіби инженер болып табылады.
Құрманғазы ӨТЕБАЙ