Қазақстанда су ресурстарының бірыңғай цифрлық базасы құрылуда
Қазақстанда елдің су ресурстары туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай цифрлық деректер базасы құрылып жатыр, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Жүйеде өзендер, көлдер, су шаруашылығы нысандары, су пайдаланушылар және жерасты сулары туралы ақпарат жинақталған. Қазіргі таңда базаға 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет енгізіліп, біріздендірілді. Оның ішінде 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылыс бар.
Сонымен қатар, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде 3 мыңға жуық ұйым мен 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Сондай-ақ су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты әзірленген.
Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының мәліметінше, жаңа жүйе су балансын жүргізуге, су пайдалану көрсеткіштерін талдауға, су қоймаларының жай-күйін бақылауға және трансшекаралық су нысандары бойынша деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жүйеде ғарыштық мониторинг сияқты заманауи технологиялар да қолданылады. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйені өндірістік пайдалануға беру жұмыстары аяқталуға жақын.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



