Өркені өскен өңір
Осыдан тоқсан жыл бұрын, қазақ даласында алғашқы геологиялық барлау экспедицияларының ізі ғана сайрап, алғашқы барақ тамдардың төбесі көтеріле бастаған. Сөйтіп, ел картасында көмірдің, болаттың және адам қайратының символына айналған Қарағанды облысы пайда болды. Бүгін, аймақтың торқалы тоқсан жылдығына көз жүгірте отырып, өзін бір емес, бірнеше мәрте қайта түлетіп, әр жаңғыру сайын бұрынғысынан да мығым бола түскен, әртарапты шыңдала түскен дарқан өлкені көреміз…

Облыс жылнамасы сайын дала төсінде алғашқы көмір шахталарының оқпандары бой көтере бастаған алмағайып кезеңдерден бастау алған. Қарағанды көмір бассейні екпінді экономиканың алтын арқауына айналды. Адам ғұмыры үшін тоқсан жас – өмір белесінің ең биік шыңы, өткен жолға даналық дүрбісінен көз салатын ғақлия кезең. Ал, облыс үшін тоқсан жыл – кемелдену кезеңі деп ой тұжырғымыз келеді. Аймаққа иіндес аудандар мен қалалар да даму үдерісінде әсте кідірген емес.
Қарағанды көмір бассейні – әлемдегі ең ірі көмір алаптарының бірі. Бір кездегі одақтың «үшінші кочегаркасы» өңірдің экономикасын ғана емес, оның мінезі мен болмысын да қат-қабат қалыптастырды. Көмір өмірлі өлкеге облыстың өзі құрылғанға дейін-ақ келген еді. ХІХ ғасырдың соңында-ақ, алғашқы геолог-зерттеушілер Қарағандының көмірі туралы түрлі деректер жаза бастаған. Алайда, кен орындарының шынайы өндірістік тынысы өткен ғасырдың отызыншы жылдарында ашылды. Иә, кенші еңбегі мұнда тұтас бір аймақтың болмысын айқындайтын өмір салтына ұласты. Сондықтан да, әр қарағандылықтың туабітті болмысынан сабыр мен салмақ, орнықтылық аңғарылады.
Соғыстан кейінгі онжылдықтарда Қарағанды көмір бассейні елге жыл сайын миллиондаған тонна көмірін бәсіре етті. Шаруалы шахталар маңында бой көтерген жұмысшы кенттері уақыт өте келе Шахтинск, Саран және Абай секілді іргелі қалалар болып бой түзеді. Аудан мен қала тағдыры – тұтас облыстың тарихының шарайнасы. Өрлеу кезеңі, тоқсаныншы жылдардағы нарықтық сын-қатерлер, кейінгі ғасырда индустрияландыру саясатының қайта қарқын алып, базалық салаларға бет бұруымен бірге тұрақты даму жолына қайта түсуі әсте-әсте өңір шежіресіне алтын әріппен жазылды.
Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарында Қарағанды даласы арқылы тәркілеуге ұшыраған шаруалар, күштеп жер аударылған халықтар мен лагерь тұтқындары тиелген пойыздар легі өтті.
Дәл солардың маңдай тері мен жанкешті еңбегінің арқасында алғашқы шахталар қазылып, алғашқы тұрғын аудандар бой көтерді. Бұл – өңір жадындағы ауыр, бірақ ұмытылмауға тиіс тарихи дәріс дәуірнамасы. 1941-1945 жылдардағы ІІ дүниежүзілік соғысы кезінде Қарағанды облысы елдің ең ірі тыл тіректерінің біріне айналды.
Соғыстан кейінгі онжылдықтар Қарағанды өңіріне тағы бір қуатты тірек саланы сыйлады. Ол – металлургия. Теміртауда кеңес одағындағы ең ірі металлургиялық комбинаттардың бірі бой көтеріп, оның өнімі елдің өндірістік әлеуетін нығайтып қана қоймай, бүгінгі күні де Қазақстанның экспорттық мүмкіндігінің маңызды бөлігін құрап келеді.
Өңірдің өндірістік қуаты әрқашан ғылыммен қатар өркендеді. Қарағанды мен Теміртауда инженерлік және медициналық ғылыми мектептер қалыптасып, облыс кейін бүкіл елге таралған көптеген жаңа технологиялардың тәжірибе алаңына айналды. Кенді терең өңдеу, көмірді байытудың озық тәсілдері, өндірістегі инновациялық шешімдер – осының бәрі Сарыарқа топырағында сыналып, кейін республика игілігіне қызмет етті.
Бүгінгі Қарағанды облысын көмір мен болаттың өлкесі деп қана қарастыра салу әбестік болар еді. Соңғы жылдары өңір экономиканы әртараптандыру бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Задында орталық облыстың шынайы болмысын ешбір өндіріс саласы да, ешбір экономикалық көрсеткіш те оның адамдары сияқты толық таныта алмас болар. Сондықтан, тоқсан жылдық мерейтойын қарсы алған аймақ өзінің жетістіктерін тек өндірілген миллиондаған тонна көмірмен, салынған шақырымдаған жолмен немесе тартылған миллиардтаған инвестициямен ғана өлшемейді. Оның ең үлкен байлығы – адам. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан кеншілер әулеті, ұстаздар мектебі, дәрігерлер әулеті, туған жерге адал қызмет етуді өмірлік мұрат еткен қарапайым еңбек адамдары – өңірдің шынайы қазынасы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


