Қайратпен қамауда болған

    Талай нәубетті бастан кешірген ата-бабаларымыз қандай қиын сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, елімнің шетін жау баспасын деп жауларына үнемі тойтарыс берумен болды. Ер мінезді, намысшыл, қайратты қазақтың ежелден арманы жерінің тыныштығы, елінің азаттығы еді. Батыр бабаларының аманатына берік қазақ жастарын 1986 жылы алаңға алып шыққан да осы бір намыс еді. Кеңес үкіметінің қарамағында болып, бодандықтың бұғауын киген қазақ деген елдің ұлы арманы – өз алдына тәуелсіздік алу еді. Ойына келгенін жасап, жан-жағын ойрандап, қазақтарды қорлау, кемсіту «желтоқсан жалаңаяқтарын» алаңға шығарды.

   Иә, шыдамның да шегі бар деген, ақыл тоқтатып, әр ісіне байыппен қарайтын азаматтар мен әлі оң-солын танымайтын бозбалалар ұрандап алаңға жиналды. Өздерінің талап-тілектерін бейбіт шерумен шешуге бекінген жастарды алдынан тегеурінді тосқауыл тосып алды. Ұрды, жықты, өлтірді. Алайда, жастар абдырамады, керісінше сәт сайын қатарлары толығып, қаралары көбейе түсті.

   Міне, осындай адамның жанын жаралайтын, жастарды жазықсыз қырғынға ұшыратып, жазалаған жайттың куәсі болған Бесоба ауылының тұрғыны, сол бір қанды шерудің тірі куәгері Думан Оразбаевты әңгімеге тартқан едік. Ауылдағы мектепті аяқтаған, арманы асқақ Думан білім қуып Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына келіп оқуға түседі. «Мен ол кезде 17 жастамын. Алдында 1-2 күн бұрын жоғары курстағы үлкен жігіттер келіп, жастардың алаңға жиналатындығы туралы айтқан болатын. Бірақ, мен оған мән бермедім. 17 желтоқсан күні жастардың алаңға шыққаны туралы естідік. 18 желтоқсан күні сабақта отырғанымызда бізге алаңнан қашқандар келіп бізді де курстастарыммен бірге алаңға алып барды.

    Алаң жағалай қоршауға алынған. Айнала айғай-шу. Алаңда жарты сағаттай тұрдық, бір кезде жиналған көпшіліке БТР машиналары қарсы жүрді. Жастар тас алып лақтырып, төбелес басталып кетті. Қалың лек артқа шегініп, алдындағылар қашып үлгердік. Содан көше бойымен өлең айтып уралап қатарымызға адамдарды қосып алдық. Екінші алаңға бардық. Онда да қырғын, арқамнан қатты соққы алып, қашып үйге келдім. Бірге еріп барған қасымдағы жолдасымның дипломаты алаңда қалып қойыпты. Ертеңінде сабаққа барсам жанымдағы курстас үш жігітті ректор шақырып жатыр деп алып кетті. Кабинетке келсек, азаматтық формада киінген үш адам отыр екен, олар бізді ертіп генпрокуратураға апарды. Ол жерде Москвадан келгендер отыр екен, сұрақ-жауап, тергеу басталып кетті. «Сендер, халық жауысыңдар!» деп айғайға басты. Бізді алаңға барғанымызды айтқан алаңда дипломаты қалған жолдасымыз екен. Бірнеше күн қатарынан жүргізілген тергеуде бізді ұрды-соқты. Үшеуімізді 21 желтоқсанда жауып тастады. Содан 19 наурызда сот болып, бізді үш жылға соттады. Уақытша қамау изоляторында Қайрат Рысқұлбеков және журналист Құттыбай Аймахановпен бірге отырдым.

   Ал, Қайратқа басында ату жазасы кесілген болатын, кейіннен 20 жыл берді. Мені соттағаннан кейін Өскемендегі зонаға жіберді. Кетіп бара жатқанда психбольницадан әкеле жатқан Қайратқа жолықтым. «Мыналар менің ақыл есімнің дұрыстығын тексеріп жатыр, әбден шаршатып жіберді» деді. Содан көрмедім. Тек, түрмеде отырғанда басшылар газеттен Қайраттың өлгендігі туралы жазылған материалды көрсетті. Өзіне қол жұмсады деп жазылған. Бірақ, мен оған сенбеймін. Түрмеде тіпті қиын болды. Ол жерде де бізге тыныштық бермеді. «Сендер өкіметке қарсы шықтыңдар, халық жауысыңдар» деп нешетүрлі қорлық көрсетті. Сондағы алған ауыр соққылардан болар, бүгінде еңбекке жарамсызбын, 2 топтағы мүгедекпін. Үш жылға деп соттаған мені 1988 жылдың майында, яғни 1,5 жылдан кейін босатып жіберді. Келгеннен кейін оқуымды жалғастырдым, бірақ тыныштық бермеді, еріксіз бәрін тастап, ауылға келдім. Мен ол кездегі бізге көрсеткен қорлықтың бәрін айтпай-ақ қояын…» деп қиын күндердің естелігін аяқтады Думан. Иә, бұл келеңсіз жайт 17 жастағы бозбаланың есінде мәңгі ауыр естеліктер болып қала беретіні сөзсіз. Ата-анасынан ерте айырылып, әжесінің қолында болған Думан бүгінде әке-шешесінен қалған қарашаңырақтың иесі. Жұбайы үй шаруашылығында, үш ұлы бар, үлкені әскерде. Қолда бар тұяғын бағып-қағып отырған жайы бар. Сол бір қырғынан ақталғандығы туралы қағазды тек 2005 жылы ғана алды, оның өзін тамыр-таныс арқылы. Желтоқсанға қатысқан азаматтарды лайықты құрметтей алып жүрміз бе?

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.