АймақҚарағанды

Қарағанды облысында Ірі агроөндірушілер ауылдарды дамытуға үлес қосуда

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы саласындағы ірі тауар өндірушілері өздері еңбек етіп, тұрғындары өмір сүріп жатқан ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосуда. Осы бағытта облыс әкімдігі мен агроөнеркәсіп кешенінің өкілдері арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдар жүйелі түрде жасалып келеді. Бұл бастама ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Алғашқы ынтымақтастық туралы меморандумдарға Осакаров ауданында қол қойылды. Әлеуметтік жауапкершілік аясында ауылдық елді мекендерді дамытуға қосымша міндеттемелер алған агроқұрылымдар қатарында «Найдоровское» ЖШС басшысы Андрей Лущак, «Ясная поляна» ШҚ жетекшісі Михаил Чолокиди, «Садовое и К» ЖШС директоры Владимир Эммерих, «Жатва» ЖШС басшысы Виталий Ямковой, «Рассвет» ЖШС жетекшісі Виталий Ранерт, «ПКФ «АГРОСОЮЗ» ЖШС директоры Александр Сарваниди және «Жана Ай» ЖШС басшысы Вячеслав Шамордин бар.

Жалпы инвестиция көлемі 700 миллион теңгеден асады. Бұл қаражат ауыл тұрғындары үшін ең өзекті саналатын бағыттарға жұмсалады: жол инфрақұрылымын жөндеу және кірме жолдарды қалпына келтіру, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ спорт алаңдары мен корттар салу.

Абай ауданында ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі — «ШАНС» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк Көксу ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландырады. Жаңа нысан ауылдағы спорттық өмірдің негізгі орталығына айналып, тұрғындарға жыл бойы спортпен жүйелі түрде айналысуға мүмкіндік бермек.

– Көксу ауылы қарқынды дамып келеді, мұнда мыңнан астам тұрғын тұрады. Сондықтан ауыл халқының заманауи, қолайлы жағдайда спортпен айналысуына толық мүмкіндік болуы тиіс деп шештік. Осыған байланысты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы бастама көтердік. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде, одан кейін құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Бұл біз үшін жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, ауылдың болашағына, балалар мен жастардың және барлық тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына қосылған нақты үлес, – деді Игорь Жабяк.

Ұқсас бастамалар Бұқар жырау ауданында да жүзеге асырылуда. Мұнда да ауылдық инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен пысықталуда.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, мұндай меморандумдар мемлекет пен бизнестің күшін біріктіріп, жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді шешудің тиімді тетігіне айналып отыр. Бұл формат ауылдарды дамытуға қосымша инвестиция тартуға және тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.

– Біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз ауылдарының дамуына шынайы қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Бұл – өте құптарлық үрдіс. Бизнес тек өндіріс жүргізіп қана қоймай, өзі қызмет ететін өңірдің болашағына да жауапкершілікпен қарауда. Кәсіпкерлердің мемлекетпен тең серіктес ретінде әлеуметтік жобаларға араласуы – өңір дамуының маңызды кепілі. Олар спорт нысандарын салып, инфрақұрылымды жаңғыртып, ауылдарды көркейткен сайын, ең басты ұтыс – жергілікті тұрғындардың еншісінде, – деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button