«Заң мен тәртіп»: Қарағандыда құқықтық тәртіпке арналған жастар квесті өтті
Қазақстанда заң үстемдігін нығайту мен жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Қарағанды қаласының Орталық саябағында өткен «Заң және тәртіп аумағы» облыстық жастар квест-ойыны «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілетудегі нақты қадамдардың бірі ретінде ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара Қарағанды облысы прокуратурасы жанындағы «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі Жобалық офис жүзеге асырып жатқан «Құқықтық тәртіп әліпбиі» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов және Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов қатысты. Қарағанды облысының барлық қала-аудандарынан келген 10 команда және шамамен 100-ден астам жасөспірім қатысып, жүзге жуық жас өз білімдері мен қабілеттерін сынады.

Квесттің ашылу салтанатында жастарға заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қараудың маңызы түсіндірілді.

Сонымен қатар арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлерінің жауынгерлік өнер көрсетуі мен кинологиялық қызметтің қызметтік иттері қатысқан көрсетілім көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Арнайы техникалар көрмесі де құқық қорғау және құтқару қызметтерінің күнделікті жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және Тәртіп» қағидаты әділетті қоғамның негізгі тіректерінің бірі екенін айтып, заңға құрмет көрсету әр азаматтың міндеті екенін жеткізді.
– Бүгінгі шараға Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар жиналып отыр. Әрқайсыңның таңдаған жолдарың бөлек, армандарың мен мақсаттарың да әртүрлі. Дегенмен барлығыңды біріктіретін ортақ қасиет бар – ол қоғам өміріне бейжай қарамайтын жауапкершілік. Ал жауапкершілік бар жерде азаматтық ұстаным қалыптасады. Бүгінгі квестке қатысудың өзі осы жолдағы алғашқы қадамдардың бірі. Жалпы, сендер өте қызық кезеңде өмір сүріп жатырсыңдар. Жаңа технологиялар дамыған заманда кез келген ақпаратты бірнеше секундта табуға болады. Жасанды интеллект те көптеген мүмкіндіктер беріп отыр. Алайда өмірде дайын жауап табыла бермейтін жағдайлар жиі кездеседі. Ондайда Google де, жасанды интеллект те көмектеспейді, шешім қабылдау жауапкершілігі өздеріңе жүктеледі. Бүгінгі квест сендерге осындай жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Атап айтсақ, сендер құқық қорғау органдарының, құтқарушылардың, медицина қызметкерлерінің және мемлекеттік құрылымдардың жұмысымен танысасыңдар. Түрлі жағдайларды талдап, өздеріңді сынап көресіңдер. Өйткені қауіпсіз қоғам кездейсоқ қалыптаспайды, ол әр адамның әрекетінен, заңға деген құрметінен және өз ісіне деген жауапкершілігінен құралады. Биыл халқымыз маңызды таңдау жасап, референдум арқылы жаңа Конституцияны қабылдады. Оның басты қағидаттарының бірі – «Заң мен Тәртіп». Бұл – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі. Ал бүгінгі квест сол қағидаттың өмірдегі мәнін түсінуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Ал, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов жастарға арнаған сөзінде бүгінгі шараның басты мақсаты құқық қорғау органдарының қызметін таныстыру ғана емес, жастардың болашақ мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, мемлекет «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруда. Ол халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қылмыспен күресуге бағытталған. Қауіпсіз Қазақстанды құруда жастарға ерекше рөл жүктеледі. Мемлекет басшысы айтқандай, “біздің еліміздің болашағы қандай болатыны өскелең ұрпаққа байланысты”. Уақыт өте жылдам өзгеруде. Біз қазір 10–20 жыл бұрынғыдан мүлде бөлек заманда өмір сүріп отырмыз. Жаңа қауіптер пайда болуда. Бұл, ең алдымен, интернет технологиялары мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты. Соның салдарынан қылмыстың да түрі өзгерді. Осындай жағдайда жаңа тәсілдер мен тың көзқарас аса маңызды. Ерекше ойлау, шығармашылық бастама және әділеттілік сезімі жастарға тән қасиет. Сондықтан болашақта сіздерге үлкен үміт артылады. Бүгін сіздерді қызықты экскурсия күтіп тұр. Сіздер Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем станциясы, әскери бөлім және ІІМ академиясының жұмысымен танысасыздар. Біздің мақсатымыз – күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, адам өмірін сақтап жүрген органдардың қызметін көрсету. Бәлкім, бүгінгі іс-шара сіздердің болашақ мамандық таңдауларыңызға әсер етеді. Сіздерге мемлекеттік органдардың жұмысымен танысуға ерекше мүмкіндік беріліп отыр. Белсенді болыңыздар, сұрақ қоюдан тартынбаңыздар. Сәттілік тілеймін. Қорытындылай келе, бүгінгі шара өз мәресіне жетті. Сіздер экскурсияға қатысып, мемлекеттік органдардың қызметімен таныстыңыздар. Берілген тапсырмаларды орындап, жоғары деңгейде белсенділік көрсеттіңіздер. Бастысы – бұл кездесу сіздерге жаңа білім мен тәжірибе сыйласа екен дейміз. Егер араларыңыздан болашақта қоғамға қызмет етуді таңдағандар болса, біз әрқашан қуаныштымыз. Біздің есігіміз сіздер үшін әрдайым ашық, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.



Бұл іс-шараның ерекшелігі – жастарға құқық қорғау органдарының жұмысын дәріс немесе баяндама арқылы емес, тәжірибе арқылы көрсетуінде. Әр станцияда қатысушылар нақты тапсырмалар орындап, түрлі сала мамандарымен еркін пікір алмасты. Мұндай формат жастардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың құқықтық сауатын көтеруге де ықпал етеді.

Бүгінде «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана қатысты емес. Ол – әр азаматтың заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуын көздейтін маңызды қоғамдық қағидат. Заң үстемдік құрған жерде әділеттілік, тұрақтылық және қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



