Аламан қарқын алды
Әлем чемпионатының басталғанына төртінші күн. Ал, топтық кезеңдегі ойындар жоғары деңгейде өтуде. Соның бірі – «С» тобындағы Бразилия мен Марокко арасындағы кездесу. «Е» тобында Германия құрамасы өзінің чемпиондық амбициясын айқын аңғартты. Немістер қарсыласын 7:1 есебімен тас-талқан етіп, турнирдегі ең ірі жеңістің бірін тіркеді.

«А» тобында мексикалықтар Оңтүстік Африканы 2:0 есебімен ұтса, кореялықтар Чехияны 2:1 есебімен жеңді.
Алғашқы турдан кейін Мексика үш ұпаймен және доп айырмасы бойынша топ көшін бастады. Оңтүстік Корея да үш ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша екінші орында тұр.
«В» тобында текетірес енді басталды. Алғашқы турдан кейін төрт құраманың да қоржынында бір-бір ұпайдан бар. Канада Босния құрамасымен, Катар Швейцариямен 1:1 есебімен тең ойнады. Канада өз алаңында басым ойнағанымен мүмкіндіктерін толық пайдалана алмады. Есесіне, Босния сауатты өнер көрсетіп, алғашқы кездесуінде-ақ ұпай еншіледі.
Алғашқы тур қорытындысы бойынша топта фаворит анықталған жоқ.
«С» тобының фавориті саналатын Бразилия құрамасы Мароккомен 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал, Шотландия Гаитиді 1:0 есебімен жеңіп, үш ұпайды еншіледі.
Бразилия мен Марокко арасындағы матч жоғары қарқынмен өтті. Бразилиялықтар допқа көбірек иелік етіп, шабуылда белсенді болғанымен, марокколықтардың ұйымдасқан қорғанысын бұза алмады.
Шотландия мен Гаити кездесуінде еуропалықтар ойын барысында басымдық танытып, жалғыз голдың арқасында жеңіске жетті. Бірінші турдан кейін бұл топта Шотландия үш ұпаймен жеке көш бастады. Марокко мен Бразилияның еншісінде бір ұпайдан болса, Гаити әзірге ұпайсыз қалып отыр. Биылғы чемпионатта Марокко топтың басты сенсациясын жасап үлгерді. Ал, Бразилияға плей-офф жолындағы мүмкіндігін арттыру үшін келесі матчта міндетті түрде жеңулері қажет.
«D» тобында көш басына АҚШ пен Аустралия құрамасы шықты. Америкалықтар Парагвайды 4:1 есебімен ірі жеңсе, Аустралия Түркияны 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Топтағы ең нәтижелі матч АҚШ пен Парагвай арасында өтті. Алаң иелері шабуылдағы жоғары қарқынын көрсетіп, қарсылас қақпасына төрт гол салды. Парагвай есеп айырмасын қысқартқанымен, ойын тізгінін өз қолына ала алмады.
Аустралия мен Түркия арасындағы кездесуде аустралиялықтар тәртіпке құрылған ойын үлгісін көрсетті. Қорғаныста сенімді әрекет етіп, шабуылда өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Нәтижесінде екі жауапсыз гол соғып, маңызды үш ұпайға ие болды.
«Е» тобындағы басты назар – Германия құрамасына ауды. Немістер Кюрасаоны 7:1 есебімен ойсырата жеңіп, турнирдегі ең ірі есепті тіркеді. Әрі топтағы басты фаворит мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал, Кот-д’Ивуар Эквадорды 1:0 есебімен ұтып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
«F» тобында Швеция Тунис құрамасын 5:1 есебімен сенімді жеңсе, Жапония мен Нидерланд 2:2 есебімен тең тарқасты. Швеция мен Тунис арасындағы кездесуде скандинавиялықтар қарсылас қақпасына бес гол салып, сенімді жеңіске жетті. Ал, Жапония мен Нидерланд арасындағы матч топтағы ең тартысты кездесу болды. Екі құрама да жеңіске жетуге мүмкіндік алғанымен, кездесудің қорытынды есебі тең аяқталды.
Алғашқы турдан кейін Швеция үш ұпаймен жеке көш бастады. Жапония мен Нидерландтың еншісінде бір ұпайдан болса, Тунис әзірге ұпайсыз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



