Жаңалықтар

Агрокешен – экономиканың бар саласы тоғысатын алып жүйе

   Күзде аймақтағы  агрокешеннің келешегін бағдарлау үшін арнайы келген  Ауыл шаруашылығы минстрлігінің вице-министрі Қайрат Айтуғанов агроөнеркәсіптің өркенін өсірер қолда он карта әзір, қалған үшеуі талқыда деген-ді. Одан беріде алпыс күн – екі ай өтті. Қалған карталар да қарап қалмаған болар. Ауыл шаруашылығының айын оңынан, жұлдызын соңынан туғызуды көздеген карталар мен бағдарламаларды іске асыруда да Қарағанды құралақан емес.

Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасымен 2000 ұрғашы мал, «Құлан» бойынша 1250 жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 2000 қой сатып  алу жоспарланыпты. Соның ішінде, былтырдың он айы

нда «Сыбағамен» 877 ірі қара, «Құланмен»  314 қылқұйрық, «Алтын асықпен» 471 саулық алыныпты. 56 ауылшаруашылығы кооперативі құрылып, оның 31-і ет бағытында, 25-і сүт өндіруге негізделген. Сөйтіп, осы кооперативтермен 77,2 тонна ет және 631,1 тонна сүт өндірілген екен. Ал, отбасылық бордақылау алаңын құрудың жоспары былтырғы жылы 780 болса, құрылғаны 891-ге жеткен.

Жалпы, аграрлық салада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша   «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы толыққанды іске асырылуда.  Бағдарлама  ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін  мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру арқылы оларды тауарлы өндіріске тарту,  сауда-логистикалық инфрақұрылымды және экспорттық саясатты қалыптастыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды және аграрлық қайта өңдеуді, сондай-ақ, сумен қамтамасыз ету проблемасын шешу арқылы дамытуды көздейді. Осы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында аймақта АӨК салаларына  көрсетілетін мемлекеттік қолдау  11958,1  млн.теңге шамасында. Мұның ішінде, мал шаруашылығына тиесілі қаржы –   3941,3 млн.теңге, өсімдік шаруашылығына –  2419,1 млн.теңге, республикалық бюджеттен (инвестициялық субсидиялау, қайта өңдеу)  – 5597,7 млн.теңге көлемінде.

Былтырғы жылы АӨК-інде жалпы құны –  57,6 млрд.тенге болатын 60 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың нәтижесінде – 1081 жұмыс орны қамтамасыз етілді.

Тарқата айтқанда, Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 27 млрд.969 млн.теңгенің 3 жобасы іске асты. Онда 445 жұмыс орны ашылды. «Қазагро» арқылы 3 млрд.236 млн.теңгенің 2 жобасы бар. Индустрияландыру және кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс 8 млрд.578 млн.теңгенің 54 жобасы және жұмысын бастады. Аталған жобалар нәтижесінде 399 адам еңбекке тартылды. Бұдан бөлек, шетелдік инвестордың қатысуымен тағы 1 жоба іске асты.

Агроөнеркәсіп кешені  –  экономиканың бар саласы тоғысатын алып жүйе. Ал, агроөнеркәсіптің өзі шикізатты-минералды базаларды алмастыруға мүмкіндігі зор. Бұл кешен қарқын алса, қазба байлықтағы пайдадан кем түспек емес. Сондықтан да, Мемлекет басшысы аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиістігін қадап айтқан-тын. Сол үшін ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау да күшейді. Министрлік қабылдаған  дамыту карталары кенжелеп тұрған бұл кешенді біраз өрге сүйремек.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button