Агроөнеркәсіптің өрісі кең
Еліміздің барлық аймағында қарқынды технологияларды енгізу және агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру үшін тынбай жұмыстар атқарылуда. Биылғы он айдың есебіне қарасақ, облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 433,8 млрд. теңгеге артқан екен. Санаулы күннен кейін тарихтың еншісіне өтетін биылғы жылда агроөнеркәсіпте тың жобалардың іске асуына ықпал етті. Үр жаңа жобалар кеншілер өңірінде де ел игілігіне берілді. Ол болса, агроөнеркәсіптің тынысын аша түсері даусыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізіп, оңтайландыруды тапсырған болатын. Президент ауыл шаруашылығын дамытуда агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен және ауыл шаруаларымен кеңесе әрекет етуді қолға алу қажеттігін атаған еді. Себебі, ауыл шаруашылығындағы мәселелердің шешімін табуы мемлекет азаматтарының өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал етеді.
Деректерге сүйенсек, республика көлемінде былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1 пайызды құрады. Диқандар 23 миллион тоннаға жуық астық жинап, ел аузын ақ майға былғаған-тын. Дегенмен, егіс алқаптарын әртараптандыру және мол өнім беретін дақылдар өсіруге көшу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, елімізде майлы дақылдар өсіретін егіс көлемі шамамен 4 есе ұлғайып, 3,5 миллион гектарға жеткен екен.
– Мұндай оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының пайдасы орасан, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда ауылдағы шаруашылықтар ақылды технологияға жүгіне бастаған. Бұл – Қазақстанға енген даму сатысының бір түрі. Мысалы, бие мен сиырды сауын аппараттар сауады. Оны өндіріп, тұтынуға дайындайтын электро құралдар, яғни, электрокүбілер, сүзбе машиналары. Тіпті, суармалы егін, көкөніс шаруашылығының өзі де заманауи құрылғы көмегімен жұмыс істейді. Жаңа даму жүйесі қарағандылық ауыл шаруашылығын да айналып өтпеді. Дәл осындай жүйемен облыс бойынша екі бірдей шаруашылық ісін дөңгелетуде. Оның бірі – Осакаров ауданына қарасты «Найдоровское» ЖШС болса, екіншісі – Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС. Бұл екі ферманың бірі – суармалы көкөніс шаруашылығы болса, екіншісі – дәнді дақылдар мен көкөністің элиталық тұқымын өсіруші һәм өндіруші шаруашылық. Мұнда дәнді дақылдар өсіріліп, бапталып, өзге шаруашылықтарға таратылады. Ал, ерекшеліктері ондағы техникалардың күніне қанша шақырым жүргені, жанармайдың мөлшері, алқапқа күніне бөлінетін су мөлшері барлығы арнайы экраннан көрсетіліп тұрады.
«Найдоровское» ЖШС-нің жеке жұмысына тоқталсақ, онда жыл сайын картоптың егіс алаңы ұлғайтылып отырады. Бұның пайдасы жиналған дақылдар көлемінің артуына және сақтау көлемін ұлғайтуда өте зор. Осыған байланысты 2022 жылы 7,5 мың тонна картоп сақтау қоймасының 2-ші кезегінің құрылысы басталды. Бүгін де ол қойма құрылысы тәмамдалып пайдалануға берілді. Оның жалпы өнім сақтау сыйымдылығы 16000 тоннаны құрайды.
Ауыл шаруашылық басқармасының мамандары бұл ферманың облысқа берер пайдасы өте мол екендігін атап отыр. Ауыр жұмыстың барлығын компьютер атқарады. Шаруашылықтағы әр трактордың қозғалысы, оның жүріп өткен әр гектары және күндік жоспарға сай жұмысы арнайы құрылғылар арқылы назарда. Осыған сәйкес адам араласатын жұмыс – тек ол саналы құрылғыларды басқаруға ғана байланысты.
Бұған қоса облысымызда инвестициялық тың жобалар да іске асуда. Айталық, 2024-2026 жылдар аралығында 70-ке жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол – 162 млрд. теңгені құрайды. Биыл 11,6 млрд. теңгеге соның 26-сы іске аспақ. Оның ішінде, қазіргі таңда ең қажетті 12 жоба – басты назарда.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz