Бас тақырып

Аңызға айналған алты тұлға

Патшаға қолы жетпей, ұлыққа сөзі өтпеген тар заманның толқыны жағаға қанша лақтырса да қасарыса ашық мұхитқа асыққан алып кеме «Индустриальная Караганда» газеті туралы не білеміз? Ұлы журналистика мұхитының дүлей дауылын ауыздықтап, табандылық таныта тайсалмаған, қиындықтан шыңдала қайсарланған осы бір қағаз кеме палубасында тоқсан томдық тарих сақталғанынан хабарыңыз бар ма? Тоқсан жылдық толқынды толассыз ескек есумен еңсерген газет матростары мен кеме тізгіндеген 20-дан астам «капитан редакторлар» мұражайға мұрағат, ұрпаққа ұлағат болды.

Не нәрсенің тұсауын кесіп, тұғыр тасын тастұйнақтай етіп орнатқан бастапқы бастаушысы ыстық қашанда. Алып кеме деп ардақтап отырған газеттің алғашқы «капитаны» 1931 жылы Николай Николаев еді. Бұл кезде кеменің кеме емес қатардағы көп қайықтың бірі болып айдынға алғаш жол тартты. Неге десеңіздер газет өз жұмысын қарапайым дүңгіршектен бастаған. Қазір көлікпен жүріп үлгермейтін ит өлген қияндарға газет тираждарын атпен, қала берді жаяу жеткізген. Осылайша, дүңгіршектен дүниені дүркіреткен дүр басылымға айналуы жолында тер төккен талай капитан тарихта қалды. Бәрін бір параққа сыйдырып жазу мүмкін емес әрине. Біз солардың әр дәуірдегі алыптарына тоқталғанды жөн көрдік.

Яков Муляр газеттің 14-ші редакторы. 1911 жылы сәуірде Винница облысының Подольск ауданы Могилев-Субботовка ауылында дүниеге келген. Ата-анасы кедей шаруалар болған деседі. Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін әулеті егіншілікпен айналысқан. Тоғыз жасында әкесі қайтыс болып, ерте есейді. 1928 жылдың көктемінде ол комсомолға қабылданды. Кейін Мәскеуге келіп, құрылыс курстарын аяқтағаннан кейін 1931 жылға дейін алкоголь зауытында суретші болып жұмыс істеді. Өз ауылында кеңес төрағасы болып атқарған қызметтен соң, ол өмірін баспа ісімен байланыстырды.

Осыған дейін «Индустриальная Караганда» газетінде әріптесіміз Әсел Жетпісбаеваның «Через годы, через расстояния» мақаласында газет редакциясына Мәскеуден Екатерина Сухаревтан хат келгені айтылады. «Мен туған атам Муляр Яков Федорович туралы ақпарат іздеймін. Ол шамамен 1910-1911 жылдары Украинада тұруы мүмкін деген дәйек келтірілген. Бірақ ол дерек анық емес еді. Негізі Винница облысы Подольск ауданы Субботовка ауылының тумасы екен. Соғыс алдында әжеммен ажырасып кеткен. Содан байланысымыз үзілген. Ақпарат жоқ», – делінген хатта. Осы деректен-ақ, оның өмір соқпағы соқтықпалы болғанын байқаймыз. «Қарағанды көшелеріндегі Штирлиц» мақаласы оның атақты Мордан Бородин жайлы білетінін айғақтайды. Себебі, атақты «Семнадцать мгновенийвесны» сериалындағы бас кейіпкер Штирлицтің прототипі Мордан Бородин деген дерек бар. Бұдан бөлек Бородинді дәл осы Муляр қызметке алып, бұйрыққа қол қойған екен (1952 жылғы 31 мамырдағы № 78 бұйрық). Газетте аты аңызға айналған Нормон Бородин аға әдеби қызметкер болып жұмыс істеген. Ол Қарағандыға жер аударылып келіпті. Прототип жайлы деректі жазушы Георгий Вайнердің Норман Бородинді аты аңызға айналған скауттың прототиптерінің бірі деп атауы растайды. Бұдан өз заманының екі алыбы бірін-бірі қалам қарымына қарай танығанын аңғарамыз.

Енді басылым кемесінің кезекті капитанына тоқталсақ, ол Тәуелсіздік алғаннан кейінгі басылымды өрге жүздірген білікті басшы, газеттің 21-ші редакторы Сұлтан Кемелбаев. Газеттің жаңа тынысын ашқан тұлға болып танылды Сұлтан Махмұдұлы. Басылымды замана заңына бейімдеді. Бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, жолын ашты. Ұзақ жыл басшылық етіп, біліктілігін дәлелдеп, газет тарихына атын өшпестей етіп өрнектеді. Қазіргі газет тізгінін ұстап отырған Оксана Мягких те оның төл шәкірті.

Алып кеменің тағы бір қайталанбас матросы Валерий Савин 1976 жылы басылымға тілші болып келді. Ол қандай қызмет атқарса да, әрқашан тиянақтылықты басты мақсаты еткен азамат ретінде жадымызда. Сынақ ұшқыштарымен бір кабинада болып, биік тау шыңдарын бағындырғанының өзі бір тарих. Ол барлық дайындықтан өтіп, 1970 жылдары ғарышқа ұшуы керек болған. Ұшпаса да, арманынан баз кешпей, ұшқыштар туралы қалам тербеуін доғармады. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров жайлы да алғашқылардың бірі болып осы Савин жазды. Ал, көпжылдық тарихы бар, талай айлаққа табан тіреген, желкенді кеменің тағы бір алыбы Екатерина Кузнецованы көзі қарақты оқырманның бәрі таниды. Себебі, ол қырық жылға жуық өмірін журналистикаға, оның ішінде осы аға басылымға арнады. Оның қасіретті Қарлаг туралы зерттеу мақалалары ТМД көлемінде әрісі Еуропада іздеп жүріп оқылады. Кузнецова кеншілер шаһарының көптеген тарихи сәтіне куә болған тарлан журналист. Газеттің мақтанышы. Арқа журналистикасының бір бөлек дәуірі. Арқа журналистикасының әр алуан қырын дәуірмен бірге дәйектей жеткізген алты алыптың алған асуы бүгінгі газет оқырманына таңсық емес-ті. Тоқсан жылдықтың толғауында аяулы аға әріптестерімізді оқырман жұрттың жадында қайта жаңғыртуды жөн көрдік. Десек те, олар мәңгіліктің мөрін басқан марқасқалар.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button