Ақыт қажы: айтылмаған ақиқат…

Алаш ақыл-ойына олжа салған айтулы ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармашылығы Арқа жұртшылығымен қауышар күн алыс емес, бұйыртса. Қытай, Моңғолия қазақтары арасында кеңінен танымал ғұламаның төте жазумен шыққан шығармалар жинағы төрт томға (3000 бет) жүк көрінеді. Қарағандыдағы  Достық үйінде ақын әрі ағартушы, қоғам қайраткері Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармаларының таныстырылымында ақыттанушы ғалымдар мен руханият өкілдері дөңгелек үстел басында бас қосты. Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дүниежүзі қазақтары қауымдастығының облыстық филиалы, облыс әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мекемесі және Ақыт қажы мешітінің қолдауымен өтті.

Шығыс Түркістан саналатын Қытайдың Алтай өңірінде 1868 жылы дүниеге келген Ақыт қажының есіміне қанық болғанымызбен, шығармашылығын біле бермейміз. Былайғы жұрт та солай болса керек. Сондықтан, ол кісі жайлы зерттеулер жазып, шығармаларын жинақтаушы, ақыттанушы ғалым Болат Бопайұлына, Ақыт шығармашылығы хақында ғылыми еңбек жазған ақын Дәулеткерей Кәпұлына құлақ түрдік.

«Ақыт дүние салғаны – бүтін бір кітапхана өртеніп кеткендей орны толмас өкініш. Бүкіл ғұмырын қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дінін, Шыңжаң өңірінің картасын, этнографиясын жырлап, жазуға арнаған. «Жиһанша» атты алғашқы дастаны 1891 жылы шағатай тілінде Қазан баспасынан жарық көрген. Тоғыз тіл білген. Қазақ, араб, парсы, шағатай, түрік, татар, ұйғыр, қытай, орыс тілін білген ділмәр шешен.

Ақын, аудармашы, мешіт, мектеп ашқан қоғам қайраткері, кемеңгер-ғұлама да Ақыт. 1939 жылы желтоқсанда Қытайдың Шыңжаң өлкесіне билік жүргізген Гоминдан үкіметі жазықсыз жала жауып, абақтыға қамап, 1940 жылы тамызда түрмеде қастандықпен өлтірген.

Әлемге әйгілі шығармаларды қазақ тіліне тәржімалаған аудармашылық еңбегін айтып тауыспайсыз. Фердоуси, Науаи, Қапез сынды Шығыс жұлдыздарының көлемді шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен. 1891 жылдан 1909 жылға дейінгі аралықта баспадан 8 кітап шығарып үлгерді.

1930 жылы Абай өлеңдер жинағын қолға түсіріп, шетел қазақтарына Абай шығармашылығын насихаттаған алғашқы ағартушы ұстаз.

1907 жылы қажылыққа аттанған. Екі жарым жыл уақытын қажылық сапарда өткерген. Ол жақтан қайтарға ақшасы болмай, тіл білгендігімен білімдарлығының арқасында елге жеткен. Ол келгенде, ел-жұрты «Ақыт өліп қалды» деп асын беріп жатса керек. Исламды тануы өте жоғары. Қажылықтан келген соң Құранды қазақшаға аударған. Абайды оқыған, Араб еліне сапарлаған Ақыт шығармашылығы тіптен жоғары сатыға көтеріліп кеткенін көреміз» дейді ақыттанушы Болат Бопайұлы.

Жасыратыны жоқ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқасында тарихтың көмескі тұстарын біліп, елдің қамын жеген осындай ұлы бабаларымызды енді танып, қайта зерделеп жатырмыз. Аталған шараға «Тұғырыл хан» қоғамдық бір лестігінің аманатын алып Айдын Бексұлтанов, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ерлан Құсайын, елге танымал тарихшы ұстаздарымыз Нұрсахан Бейсенбекова мен Сағындық Жауымбаев, осы дүниенің бастамашысы Ақыт қажы мешітінің имамы Жанарбек Мамбарұлы, облыстық тілдерді дамыту басқармасынан Баян Сейітбекқызы және студенттер қатысты. Жиынды айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз, әдебиетші ғалым Айтбай Жұмағұлов жүргізіп отырды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілі алдағы уақытта Ақыт қажының 4 томдық кітабын шығаруға күш салатындарын жеткізді. Ол үшін төте жазумен шыққан Ақыт қажы шығармаларын әуелі қазақ әліпбиіне көшіру керек.

Отырыста бұл мәселе де назардан тыс қалмады.

 Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры:

– 1973 жылы Моңғолиядағы қазақтар шығармашылығы жөнінде «Бозінген» деген кітап шыққан. Қазақ оқырмандарына Ақыт өлеңдері алғаш рет осы кітап арқылы жеткен. Одан бұрын Қазанда шыққан кітаптары жөнінде профессор Николай Катанов 1915 жылы «Деятель» деген журналда жазады. Қазақ кітаптарының шежіресін жасаған Үшкілтай Субханбердина еңбектерінде қай кітабы қай жылы шыққандығы беріледі. Абай өлеңдерін Алтай қазақтарына тәпсірлеуші болғанын айтпай кетуге болмайды.

Жәнібек ӘЛИМАН