Руханият

Аққу әннің ақыреті

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қарашадан бері «Орталықтың» беті қара бояуға баттасып тұр. Мағаш ағам (Мағауия Сембай) кетті маңғаз қалпында. Арқа көсемсөзінің көші тоқтағандай. Сәби болмысты Сәбеңнің де (Сәбит Бексейіт) сәулелі жырына нүкте қойылды. Сұлу әніне мейірі қанбаған тыңдарманын іштен тындырып Арқа әнінің ақ тұйғыны Мейірхан ағам да жөнелді-ау… Қаңтарда қасиетті қара домбырасын қаңтарып. Қамығып қалған Қарқаралыны, жабығып тұрған жан досы Жақан ағаны, жер ортасына келгенде жер тоқпақтап қалған Нәсіп жеңгейді жұбата алмадық. Өзіміз егеліп тұрғанбыз…

Кешегі өзі орындаған әндердің бәрі өз тағдыры екен ғой. Асқаралы 60 жасқа толған мерейтойындағы жеке концертін «Ақылбайдың әні» деп атаған еді. Мекеңнің қазасын естіген сәтте тілімнің ұшына «Ақылбайдың соңғы әні» деген тіркес орала берді. Нұрғисаның «Сағындым ғой» әнін орындаған сайын бізге емеурін танытқан екен ғой. Сағындырып кете барды. Ортамызда дін аман жүргенінде сағынып жүретінмін Мейірхан ағаны. Ал, мәңгілік сағыныштың салмағын қалай көтерер екенмін?!

…Мағаш ағам екеуі бірін-бірі қатты қадірледі. Мекең «Ағам-ау» деп еркелейтін. Мағаш аға «Бауырым-ау» деп құрақ ұшатын. Жаратқанның құдіретінде шек бар ма?! Бірін-бірі сонша жақсы көрген қос асылды қатар алды. Біріне-бірін жоқтатпады. Жоқ, Мекең ағасын жоқтады. «Ағам-ау!» деп аңырағанын көргенде, сай сүйегіміз сырқыраған. Бірақ, сағынып үлгермеді. Соңынан кетті.

Қазан айының жуан ортасында Мағаш ағаны Нұр-Сұлтан қаласына – академик Жақсылық Досқалиевтің клиникасына алып бардым. Аттанарда ақ жол тілеп қалған Мейірхан аға өзі науқастанып жүрсе де, аға тағдырына алаңдап: «Барған соң хабарын айтарсың. Алаңдап отырамын ғой» деген. Аға тілегін бұлжытпай орындап: «Бәрі – жақсы. Қауіпті ештеңе жоқ екен. Басқаша ем-дом шараларын бекітіп, үш айдан соң келесіңдер деп, қайтарды» деп, қуанышымды жеткіздім. Сонда Мекең: «Еее, ағам екеуміздің аңға шығар мезгіліміз бірге екен ғой» деп мұңайып еді. Сезіп тұр екен. Сұңғылалықпен өз тағдырын болжап тұр екен. Ағасы үш айға жетпеді, өзі тура содан үш ай өткенде ақыретке оранды.

Бір әңгімесінде ұстазы, қазақ әнінің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовтің біреуге ашуланғанда, жаны жабырқағанда Абайдың «Сегіз аяғын» шырқап-шырқап алатынын, сонан соң жеңілдеп қалатынын айтқан. Пендеміз ғой, дерті жанына батқан кезде неге ұстазы секілді Біржанның «Айтпайын» шырқап-шырқап алмады екен деп ойлаймын. Әннің құдіреті кеселін кері ысырып тастайтындай көрінетін. Әттең, жалған-ай!

Мейірхан Адамбеков ән-ғұмырдың иесі ғана емес, қастерлі өнердің киесіндей көрінетін маған. Ол – әнші ғана емес, кісілік келбеті кемел азамат, биік парасат, терең білім иесі ретінде, ұлағатты ұстаз, ардақты әке ретінде де жүректерде мәңгі сақталар тұлға. Абай айтқан «Толық адамның» нақ өзі еді. Сөзге шешендігін, астарлы әзілге шеберлігін қалай ұмытармыз?! Әзілге шеберлігі демекші, Мағаш аға екеуінің ортасындағы тағы бір әңгіме ойыма шырмалып отыр. 2011 жылы «Орталық Қазақстан» газетінің 80 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Сол тойда «Орталықтың» мерейтойлық логотипі бейнеленген жейде (футболка) әзірлегенбіз. Мекеңе сол жейденің ең үлкені размері бұйырыпты. Тойдан екі күн өткен соң, Мағаш ағама: «Елгезегім-ай! Қайран, ақ көңіл ағам-ай! Қыл ақыры жейденің өлшеміне де өзіңіз барған екенсіз ғой», – демесі бар ма. Естігендер ішімізді баса күліп, жығылып қалғанбыз. Міне, әніңізбен бірге осындай шуақты әзіліңізді де сағынамыз ғой, Аға!

Өз басым жұмыстан шаршап, айналамызға пердесін құрып, пейілімізді тұмшалап алатын пендешіліктен жалығып кеткен сәттерімде Мекеңді іздейтінмін. Көңілімді қыстақтан жайлауға көшіп келгендей жадыратып жіберуші еді-ау… Нар әнді сағындым ғой. Ағамды сағындым ғой. Наз үнін сағындым ғой. Әзілін сағындым ғой. Өзі ғажап орындайтын «Сағындым ғой» әнінің мәтінін өзгертіп, жоқтау етіп айтып жүрміз.

…Иә, Қарқаралы көгінен жұлдыз ақты. Көктен сорғалаған кей жұлдыздың ізі қас-қағымда жоғалушы еді. Мына жұлдыздың ізі көмескіленер емес. Өйткені, ол – менің Мейірхан ағамның жұлдызы! Мекеңнің ән-ғұмыры үзілгенімен, мәңгі нұры қалды. Өзі – Жүсекеңнен (Елебеков) бата алған, Жәнібектен (Кәрменов) баға алған ән дүлдүлі. Өзі шыққан биікке тоқмейілсіген сәті жоқ. Арқада Әсеттің әуезін, Манарбектің мақамын, Жүсіпбектің дәстүрін жалғаған іргелі мектеп қалыптастырды. Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Абзал Қуанышұлы, Гүлмира Тапай, Сырым Қордин, Медет Осатаев сынды шәкірттері барда, Мейірхан мектебінің мерейі кемімейді. Мекеңнің аяулы арманы – осы шәкірттеріне аманат.

…Ақыреттен ащы ақиқат жоқ. Қаңтар. Қарағанды. Қаралы жиын. Жаралы жүрек. Күңіренген ел Мейірхан ағаның тәнін емес, қазақтың әнін ақыретке орап тұрғандай. Аққу әннің ақыреті көз алдымызда қара жерге сіңіп барады. Мекеңнің нұрлы жүзі көзімізден көшіп – көңілімізге, сұлу әні құлағымыздан көшіп – жүрегімізге қонып жатыр. Аққу әннің ақыретін жер бесігіне тапсырдық. Қорым жақтан ән дүбірі естілсе, қорықпаңыз. Ол – Мейірхан ағаның әр жүректі мәңгі тербеп тұратын кемел үн, кербез дауысы.

Мұның аты – тағдыр. Талғампаз әншінің тағдыры. Өз тағдырыңа өзің де, өзге де өктемдік ете алмайды. Есті әннің егесі өтті өмірден. Уақыт сағындырар, бірақ, Мейірхандай жарық жұлдызды ұмыттыра алмайды. Ері ауып, шылбыр сүйреп, бір сәйгүлік шұрқырап жүр. Қанжығасында – қара домбыра. Иесі қайда? Иесі осыдан 40 күн бұрын өткен. Киесін қалдырып.

Бақұл бол, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button