Ақкөйлек

Қайран, Тілеш аға!

Қадіріңе мынау тасбауыр, жауқабақ қоғам жете алмағанымен, бағаңды біздер білеміз. Иә, біздер Арқа руханиятына есімі белгілі қаламгер, жақсы аға, ұстазымыз Тілеуқабыл Байтұрсыновты керемет құрметтедік. Еркеледік. Даладай дархан, баладай аңғал еді-ау өзі де…

Шаужайына жармасып, жарыққа үймелеген көбелектей  Тілеш ағаны төңіректейтінбіз. Аурасы бөлек еді-ау ағамның!

Екеуміздің аралас-құралас жүріп, аға-інідей сыйласқан соқпағымыз он жылды толтыра алмады. Алайда, ежелден сыралғы жандардай жақындасып кеткенбіз. Әріптес болдық. Ұстаз тұттым. Жақсы шәкірті болуға жарадым ба? Ол туралы пікірі жұдырықтай жүрегінде кетті.

Жұмысқа келген бетте жетінші қабатқа көтеріліп, Тілеш ағаны іздейтінмін. Ол кісі іссапарға кеткенде көңілім кәдімгідей қоңылтақсып, кадр бөліміне бірнеше мәрте бас сұғып, ағамның іссапардан қашан оралатынын сұрай беруші едім. Енді міне, еңбек демалысы емес, зейнет демалысы емес, қызмет бабындағы іссапары емес, Алланың қалауымен мәңгілік сапарға аттанды. Енді жүздеспейміз. Ағам енді менің жазған-сызғандарым туралы пікір айтпайды. «Әй, сволыш!» деп еркелетпейді. Қандай ауыр!

«Қазан ұрмай, қар жаумай солады екен…». Әлгі бір халық әнінде жалғанның жалғандығын, пенде-ғұмырының келтелегін толғайтын жолдары бар еді ғой… Былтырғы күзде Қарағанды руханияты «қазан ұрмай, қар жаумай» солғын тартты. Қар демекші, Тілекең өміріндегі ерекше оқиғаның дені қар жауғанда болатын-ды. Ол қарашада туған. 18 қараша. Бірнеше туған күнін бірге атап өттік. Сол күні Арқаға алғашқы қар жауып, айнала аппақ әлемге айналатын. Өмірден озғанында қазан еді. 68 жасқа толуына тура бір ай қалған. 18 қазан күні жер қойнына тапсырдық. Сол күні қар жауып, ақ талқан боран соқты. Табиғат-Ананың өзі періште пейілді перзентін өлімге қимай, бұлқан-талқан ашуланғандай көрінді маған. Дала аппақ әлемге айналған күні өмір қақпасын ашып, жердүние ақ көрпесін жамылған күні Тілеш ағам да ақыретін жамылды. Бұл кездейсоқтық демес едім. Кіршіксіз ақ қар Тілеш ағамның аппақ пейілі мен пенделіктен пәк болмысының көшірмесіндей көрінеді маған. Ағам өмірден озған сәттен бастап ақ қарды аяғыммен басқым келмейді… Жер-Ананың жан жарасын жасырып, жалпақ әлемді аппақ нұрмен қымтаған қыстың ақ қары Тілекеңнің ақыретіндей болып кетті сол күннен бері.

 Иә, жер ақ көрпесін жамылған күні біз қара жамылдық. Ұлт көсемсөзінің көшбасшысы, «Орталық Қазақстан» газетін ұзақ жыл басқарған белгілі қаламгер Мағауия Сембай ағам бастап, Тілеш ағаны жоқтадық. Газеттің тұтас бір бетін қара рамкаға алып, Арқа жұртына қаралы хабарды жеткізіп, Тікеңнің ормандай оқырманына көңіл айттық. Мен сол күні былай толғанған екенмін:

«Тағдыр-ай! Бар еркелігімді көтеріп жүрген Ағамның табытын арқалаттың-ау…

…Суық хабарды құлағыммен емес, жүрегіммен қабылдадым. Ал, құлағымның түбінен тықылдаған дыбыс кетер емес. Тілекеңнің машинкасының дыбысы. Тоқтады. Машинканың тықылы да, ақ жүрегінің дүрсілі де.

Сене алар емеспін. Соңғы рет кездескенімде «Алпыстың сегізінші қырын асамын. Алла жеткізсе…» деп мұңайды. Иә, 68 жасқа толуына тура бір ай қалған. Редакцияға әр келгенінде артына қарайлап, біздерге әр нәрсені тапсырып, әр кездесуіміз қимай қоштасумен тәмамдалушы еді. Бұл жолы артына қарайламады. Ешнәрсе айтпады да, ештеңе тапсырмады. «Алла жеткізсе…». Неткен ауыр сөз еді?! Мен әдеттегі еркелігіме басып: «Шал, оның болмайды! Жетпісіңді тойлаймыз. Мен өзім жазамын!» дедім. Аңырап отырып азанама жазарыма көрінді ме?! Әйтеуір, жазу ғой… Мен де жазуға отырдым, Ағам да Алланың жазуына көндікті.

Қамыт. Шабыт. Табыт. Тілекең қу тірліктің қамытын шешті. Шабыты сарқылды. Табыты – ауыр. Қара табытта қасиетті қалам жатыр көсіліп. Арқа журналистикасы аңырап, қарашаңырақ қаңырап қалғандай… Енді кімге еркелеймін, Аға!

Бақұл бол!».

Иә, біз көтеріп, қорымға беттеген қара табытта қасиетті қалам жатыр еді. Ол қалада тұрды, даланы сүйді. Қырдағы қырманға, жапандағы жайлауға асығып тұратын-ды. Еңбек адамын еңселендіре жазды. Оның досы қаладағы әкім емес, даладағы шопан, қырмандағы диқан еді. Ауыл еңбеккерлеріне арнап бірнеше кітап жазды. Жарытып қаламақы да алған жоқ.

Менің Тілеш ағама қоңырқай тірлік тән еді. Қоңырсыған тірліктің қоңыр күйін шертіп өтті. Жылтыраққа үйір болған жоқ. Дүниеге қызығып, мүмкіндігі бола тұра, мал жимады. «Елге болсын!» деген тілегінен екі елі ажырамай ғұмыр кешті. Сонау 90-шы жылдардағы экономикалық дағдарыс естеріңізде шығар… Редакция айлап жалақы алмаған, қызметкерлерінің автобусқа жолақы төлейтін ақшасы жоқ. Жаяу-жалпылап жүрген әріптестерінің жағдайына Тікеңнің жүрегі сыздайды, жаны жабырқайды. Тығырықтан жол табар мүмкіндік жоқ. Сол бір қиын сәтте Нұраның егін шаруашылықтарының бірінен репортаж жазып, қаламақыға берген бидайын диірменге өткізіп, түскен қаржыны редакция кассасына салған Тілеш ағаның жайсаңдығын қалай ұмытсын әріптестері?! Сонда да «алған бидайдың жартысын өзі сатып жіберді» деп арыз жазған қаламдастары да болыпты.

Тілеуқабыл Байтұрсын – Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылының тумасы. Шалғайдағы ауылдан ашылған орта мектептің (оған дейін жетіжылдық болған екен) алғашқы түлегі. Мектеп бітірген жылы оқуға түсуге мүмкіндік болмай, өзінің алтын ұясында аға пионер вожатыйы болып еңбек жолын бастайды. Келер жылы Алматыға барып, қарашаңырақ ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Шығармашылық еңбек жолы облыстық радиодан басталған. Арасында Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде басшылық қызметтер атқарды. Бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары да болды. Бірақ, асып-тасыған, кеуде қағып, кердең басқан кезі болмапты.

Қарапайымдылық топырақтан дарыған бойына. Жылт еткен жақсы дүние жаза қалсам, «Әй, сволыш, қатырып жіберіпсің» деп пікір айтатын жалғыз ағам еді. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де телефонмен болса да, қанат бітірер жылы сөзін арнап, болмаса «соны айту үшін келдім» деп, ерінбей редакцияға соғып кететін. Қазір дәлізден аяқ дыбысы шықса, алшаң басып Тілеш ағам келе жатқандай елеңдеймін.

Сағынып жүрмін, Аға!

Сіз кеткелі де жаманды-жақсылы біраз дүние жаздық. Өзіңнің «кәсемсөтің» Мағаш (Мағауия Сембай) ағамнан басқа шынайы бағасын айтып, бағыт сілтейтін ешкім жоқ.  Ол ағамның өзі – зейнет демалысында. Абзал көкем  (ақын Абзал Бөкен) Алматыға көшіп кеткен. Ошақбай ағаның (ардагер ұстаз Ошақбай Суханберлин) да бізге соғуы сиреді. Жан досың Ерғазы аға (тарихшы Ерғазы Төлеу) екеуміз жүрміз ауыр ойды құрсанып, бірбірімізге мұң шағып…

Аңқылдаған ақкөйлек ағамның бейнесі кіршіксіз қалпында алыстан мұнартады.

Ерсін МҰСАБЕК.