Ақиқат үшін айқасқан АХАНОВ

     «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы талай зобалаңды бастан өткерді ғой. Солақай саясат салдарынан орын алған ашаршылық нәубеті, «жар астынан жау іздеген» отыз жетінші жылдың зұлматы, одан қалды шовинистік пиғылдағы кеудемсоқтардың ұлттық кемсітушілігі… Қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұзараф Аханұлы жас кезінен бастап осы құқайлардың зардабын бір кісідей-ақ тартып өсті. «Тілі бөлек — тірегі бір, түрі бөлек — жүрегі бір» деп жүрген мамыражай заманның өзінде халықтың жағдайын қаузап, ұлтын сүйгені үшін қудалауға ұшырап, жазықсыз жапа шеккені бар. Қала басшыларының бірі болған ол «Аханов ұлтшыл» деген атқа қалып, қызмет бабында мехнат шексе де жасымады. Қазаққа қырын қарап, ел мүддесін елегісі келмеген партократ шонжарлармен айқасып өтті Мұзекең.

    — Елеулі оқиғаларға толы екі ғасырды көріп өмір сүріп отырмын. Кеңес өкіметі құлады, партиясы тарады. Тарих солай ұйғарды. «Совет одағының ыдырауы аспандағы күннің құлағанындай болды» деп еді Фидель Кастро жарықтық. Кеңес дәуіріне біржақты баға беріп, өткенге тас лақтыратын сыңаржақ қорытынды жасауға өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Қиянат пен озбырлықты адамдар қолдан жасады. Мен социалистік қоғаммен емес, сондай пенделердің өресіз өктемдігімен күрестім. Енді, міне, өкініші өзекті өртеген кезең артта қалды. Тәуелсіздік — Алла тағаланың бізге берген сыйы. Әр адам еліне жанашыр болып, аянбай үлесін қосса Тәуелсіздік тұғыры нығаяды, Қазақ елі көркейеді,– дейді көпті көрген Мұзағаң.

   Ол – қазақ халқы үшін ойраны көп болған отызыншы жылдардың перзенті. Ата-бабасы Ұлытауда өсіп-өнген бұлар ел басына күн туған ашаршылық нәубетінде бір топ ауылдастарымен үдере шұбырып Тәжікстанға қарай өтіпті. Мұзараф 1934 жылы сол өңірдегі Қорғантөбе деген жерде туған. Әкесі Ахан, анасы Сәлиман ұрпағын аман сақтаймын деп басын тауға да, тасқа да ұрады. Қос мұңлық тоғыз баласын жер қойнына тапсырғанда көңілге жұбаныш болып, әрең аман қалған жалғыз тұяқ осы Мұзараф. Сәл кейінірек елге бет түзеуді ниет еткен ата-анасы тәжік жерінен Түркістан маңына оралады. Әкесі Ащысай полиметалл комбинатына кен тасымалдаушы болып жұмысқа орналасады. Аянбай еңбек етіп, өндірістің озаты атанады. Алайда, көреалмаушылықтың салдары болар, аяқтан шалушылардың көрсетіндісімен жазықсыз жалаға күйеді. Ахан Баймаханов бастаған оншақты адам «шетелдік тыңшымен байланыста болып, Ащысай кенішінде диверсиялық жұмыстар жүргізген» деген жаламен 1936 жылдың 14 желтоқсанында тұтқындалады. Сегіз айдай үздіксіз тергеу мен қинауды бастан өткерген Ахаң Орта Азия әскери округі трибуналының үкімімен 1937 жылдың тамыз айында ату жазасына кесіледі. Анасы Сәлиман қайратты адам екен. Осы жағдайдан соң тез ес жиып, 5 жасқа толар-толмас Мұзарафты арқалап, жаяулап-жалпылап туып-өскен өңірі Ұлытауға жетеді. Он құрсақтан қалған жалғызын жеткізу үшін Жезқазған шахталарында тоқ беруші болып жұмыс істейді. Жазықсыз жазаға тартылған Ақан Баймаханұлы 1960 жылы толық ақталады. Қатал уақыт Мұзағаңды осылайша қатайтып өсірген еді.

    Бірбеткей, табанды, қайсар азамат болып ержеткен Мұзараф алдына өршіл мақсат қоя білді. Үлкен Жезқазғанды әлемге әйгіленген қазақтың аймаңдай ұлы Қаныш Сәтбаевтың өнегелі жолы қызықтыратын. Оның үстіне, орта мектепті бітіретін жылы Жезқазған геологиялық барлау партиясын басқаратын Шахмардан Есеновтің түлектермен кездесіп, қазақ жастарын геолог мамандығын игеруге шақыруы да көңіл түкпіріндегі ойын мүлдем бекіте түсті. Арманына қанат байлаған жас жігіт Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтына оқуға түсті. Инженер-геолог мамандығын алып шыққан Мұзараф еңбек жолын геологиялық-барлау экспедициясында аға коллектор болып бастады. Кейін кеніш бас геологының орынбасары, шахтапроходкалау тресінің бас геологы жолдарынан өтті. Академик Қ.Сәтбаевтың бастамасымен әрі басшылығымен жүргізілген Жезқазған қойнауындағы кен орындары қорларының бас есептеулеріне қатысты. Партком хатшысы болды. Никольский (қазіргі Сәтбаев) қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Жаңадан ұйымдасқан жас қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге білек сыбана кіріскені де осы кез еді. ҚР Түстіметаллургия министрі С.Тәкежановтың, одақтағы осы сала министрі П.Ломаконың назарын кеншілер қаласының тұрмыстық түйткілдерін шешуге аударып, сексенінші жылдардың ішінде 1564 оқушылық жаңа мектеп, жүзу бассейні бар 320 орындық балабақша, 300 адамдық монша, балалар тағамы комбинаты сияқты көптеген әлеуметтік нысандардың салынуын қамтамасыз етті. Мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтерлердің көптеп бөлінуіне басымдық берді. Жұмысшылар ортасында шыңдалып, мұң-мұқтаждарына барынша қанық болған Мұзараф Аханұлы «халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын шешумен айналыспаса, ондай билік кімге керек» деген бағытынан таймады. Қалаатком төрағасының бұлайша дербес мәселе шешуі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Шустов, одан кейінгі осы қызметке келген В.Малышев, обкомның бірінші хатшысы Н.Давыдов сынды басшыларға ұнамады. Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры Т. Урумов та жоғарыдағы министрліктер арқылы көп шаруасын істетіп отырған Аханов туралы «күңкілді» көбейтсе керек. Партия шонжарлары Мұзекеңнің соңына «шам алып» түсті. Бәле-жала жинастырды. Қомақты ештеңе таба алмаған соң, «махровый националист» деген атаққа таңды. Давыдовшылардың қазақ кадрларын екінші сатыға ысырып тастайтынына Аханов қарсы шықты. Мұзекең айтады: «ол кезде бір орыс азаматы қызметінен алынса, «ол неге алынды» деп жоғары жақ түсінік сұрайды. Ал, қазақ орнынан алынса, керек қылмайды, жоғарылатсаң «бұл қалай» деп тексере бастайды. Осындай әділетсіздікпен күресуге тура келді». Сондай кезде сексенге келген анасы Сәлиман шыр-пыр болып: «Әкең нақақтан халық жауы атанды, басың бәлеге қалады, балам, қой!»-дейтін көрінеді, қабағы қатқыл қоғамнан сескеніп қалған ана.

   Ақыры әділдік іздеймін деп жүріп Мұзекең өз дегенін жүргізген тоталитарлық жүйе мен әміршілдік өктем биліктің қудалауына ұшырады. Партиядан шығарылып, қызметінен қуылды. Осыдан шамалы уақыт өткен соң бұрқ ете қалған желтоқсан оқиғасы себеп болды ма, «ұлтшыл» атанған Аханов екі-үш жылдай партия мүшелігін қалпына келтіре алмай, сергелдең күй кешіп жүріп қалды. Мамандығы бойынша бас геолог болуына тура келді. Солақай саясаттың салқыны КСРО және Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, бәйбішесі Шабал Бейсенбекқызы мен бүгінде үлкен емдеу мекемесін басқарып отырған дәрігер баласы Жомартқа да өз әсерін тигізген еді. Уақыт өте шындықтың беті ашылды, кешегі күйе жағылған адамның ақтығы дәлелденді. Қудалаушылардың өздерінің былықтары әшкере болды. Мұзекең партбилетін де қайтып алды. Давыдовтың айтағымен сол тұста «Правдаға» Ахановпен бірге Шет ауданының бірінші хатшысы М. Әбақанов, обкомның хатшылары Н. Ибраев, Ж. Аралбаев туралы да жалалы мақалалар жазылып, негізінен ұлт кадрлары қуғынға ұшыраған болатын.

    «Адамға бәрінен қымбаты — ары мен абыройы» деп түйіндейді шер заманның ноқтасына басы сыймаған ардагер ағамыз. «Алла жанымды алсаң да абыройымды алма» деген бабалар ұлағатын өмірдегі басты ұстанымына айналдырған. Кезінде ақиқат үшін айқасқа түскен Мұзағаң сондықтан да мұқалмады. Сексеннің сеңгіріне қадам басқан ол бүгінде де тәуелсіз еліміздің мүддесі жолындағы ой-пікірін орынды жерде білдіруден тартынған кезі жоқ. Қадірменді қария өсіп-өнген бала-шағасының ортасында бақуатты күй кешуде.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.